Марғұлан Сейсембай еліміздегі ең танымал әрі екіұшты тұлғалардың бірі. Оны кейбіреулер құпияға толы, сенімсіз адам деп сипаттайды, ал басқалары оны 90-жылдардың қылмыстық әлемімен тікелей байланыстырады. Сол кезеңде көптеген кәсіп пен байлық күмәнді схемалар мен қылмыстық топтардың көмегімен пайда болғаны жасырын емес.
Марғұлан Сейсембай шын мәнінде кім? Қазір немен айналысып жүр? Ozgeris.info тілшісі белгілі кәсіпкердің толық өмірбаянын, кәсіп жолын, даулы істерін, қоғамдық белсенділігін және қазіргі жобаларын зерттеп көрді.
Қойшыдан кәсіпкерлікке апарған жол
Марғұлан Сейсембай Жамбыл облысындағы қарапайым ауылда, ауыл шаруашылығымен айналысатын отбасында туып-өскен. Мектепті бітірген соң, екі жыл бойы туған жерінде қой бағып, ара ұстаған. Кейін Алматыға келіп, Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Бесінші курстың емтихандарын сырттай тапсырып, университетті уақытынан бұрын бітіріп шығады.
Жас Марғұланның арманы мен батылдығы туралы ел арасында қызық бір әңгіме бар. Айтуынша, 1989 жылы Нұрсұлтан Назарбаев ҚазМУ-ға келген кезде, заң факультетінің бір студенті оған мынадай хат жазып береді:
«Мен Марғұлан Сейсембай. Сабақты үздік оқимын, ағылшын тілін өзім үйрендім. Мені шетелге оқуға жіберіңізші, мен бұл жерде өзімді тар сезінемін. Елге оралып, Отанға адал қызмет етуге уәде беремін».
Аңыз бойынша, сол хаттың авторы дәл сол Марғұлан Сейсембайдың өзі болған.
90-жылдардағы қылмыс әлемі
90-жылдары қылмыстық әлем дүркіреп тұрған шақта қылмыстық топтардың мүшелері жылдам байып отырған. Марғұлан Сейсембай да бұл жағдайдан тыс қалған жоқ. Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сүйенсек, ол «Четыре брата» ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болғаны айтылады. Ал оның ағасы Асқар Ғалин осы қылмыстық топтың негізгі тұлғаларының бірі болған екен. Алғашқы бизнесін 1991 жылы «Сеймар Коммерция» компаниясынан бастайды. Аталмыш компания отандық бидайды көршілес елдерге экспорттаумен айналысқан. 1998 жылы ол «Алматы Құс» компаниясын құрып, кейін бұл компания «Алель Агро» деген атпен жұмысын жалғастырды. Ол аз уақыт ішінде Қазақстандағы тауық еті мен жұмыртқа нарығын монополияға айналдыра білді. Тіпті бағаны өз еркімен белгілейтін деңгейге жетіп, үлкен табысқа кенелген. Ол кездері ондай жетістікке тек қылмыстық жолмен немесе саяси қолдаусыз жету мүмкін емес еді. Алайда кәсіпкер үнемі өзін адал кәсіпкер ретінде көрсетіп, билікке және ел президентіне адал болғанын айтып келеді.
Марғұлан Сейсембай алғашқы қомақты табысын 90-жылдардың басында тапқан. Ол өзбек үкіметінен бірнеше миллион доллар алғанын жасырмайды. Тіпті ақшаны оған түнде қолма-қол әкеліп берген деген әңгімелер бар.
Альянс Банк және қаржылық дау-дамайлар
Құс фабрикасы арқылы қомақты байлыққа ие болған кәсіпкер 2001 жылы аймақтық банкті сатып алып, оны «Альянс Банк» деп өзгертті. Алайда 2009-2012 жылдары Сейсембай мен оның серіктестеріне Қазақстанда және шетелде бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Олар алаяқтық, ірі көлемдегі қаржы жымқыру және қылмыстық келісім жасады деп айыпталды. Бірақ 2012 жылдың 12 желтоқсанында Лондонның Жоғарғы соты бұл істердің бәрін қарастырып, Марғұлан мен оның серіктестерін ақтап шықты. Тергеу деректері бойынша, банк арқылы 1 миллиард доллардан астам қаражат шетелге шығарылған. Шулы оқиғалардан соң кәсіпкер байлығымен қатар, банктен де айырылды. Қылмыстық оқиғадан кейін ол Қазақстаннан қашуға мәжбүр болды. Мұндай ауқымды қаржылық операцияларға қарамастан, Марғұлан ешқандай қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Британ соты оны кінәсіз деп таныды, алайда ұрланған қаражат сол күйі қайтарылмады. Кейбір халықаралық сарапшылар оны әлемдік деңгейдегі алаяқ деп сипаттағанымен, заң алдында ол таза.
Түрік бизнесін тартып алу
2002 жылы Марғұлан сол кездегі президенттің күйеу баласы Рахат Әлиевтің қолдауымен ТОО "Кар-Тел"(кейінгі K-Mobile) ұялы байланыс операторын түріктерден тартып алған. Яғни, небәрі 12 миллион долларға сатып алған. Осы мәміле барысында түрік инвесторлары елден кетуге мәжбүр болған. Екі жылдан кейін оны 425 миллион долларға сатып, шамамен 35 есе пайда көрді.
Жеке мектеп, элиталық өмір және мемлекеттік қолдау
Бүгінде Марғұлан Сейсембай білім саласына белсенді араласып жүр. Ол Алматыдағы «Tamos» жеке мектебінің, Eurasian International School және Haileybury Almaty мектебінің қолдаушысы әрі құрылтайшысы. "Tamos" мектебінде білім алу құны жылына 1,5 миллионнан 4,5 миллион теңгеге дейін, яғни шамамен 10 мың доллар тұрады. Сарапшылардың айтуынша, бұл мектеп тек оқу орны ғана емес, сонымен қатар жоғары лауазымды адамдардың отбасыларымен байланыс орнатуға мүмкіндік беретін алаң.
2019 жылдан бастап бұл мектеп жыл сайын 400 миллион теңгеден астам мемлекеттік субсидия алып келеді. Бұл қаражаттың қалай және қайда жұмсалып жатқаны қоғамда көптеген күмән тудыруда.
Соңғы жылдары ол инвестиция саласына да ден қойды. Forbes журналының 2024 жылғы тізімінде Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесменнің қатарына еніп, 31-орынды иеленген. Ал 2023 жылы ол 33 тізімде еді.
Қазіргі қызметі және онлайн жобалар
Марғұлан Сейсембай әлеуметтік желілерде өте белсенді. Оның YouTube арнасында 2 миллионға жуық, ал Instagram парақшасында 2,1 миллион жазылушысы бар. Ол өзінің парақшаларында мотивациялық жазбаларымен, психология, жеке даму тақырыптарындағы ойларымен жиі бөліседі.
Ол Kaizen әдісін қолдайды. Бұл өмір мен бизнесті кіші қадамдар арқылы жақсартуға бағытталған жапондық тәсіл. Оның Margulan Info білім платформасында ақылы курстар, Kaizen клубы және жеке кеңес беру бағдарламалары бар. Kaizen клубына қосылудың бастапқы жарнасы 13 500 доллар, әрі қарай жылына 3 500 доллар.
Басқа жобалар және кітаптары
Марғұлан Сейсембай «Миссия выполнима. Технология счастливой жизни» атты кітап жазды. Аталмыш еңбегінде ол жеке тиімділік, өмірді жоспарлау, мақсат қою және психология туралы жеке көзқарасын ұсынады. Ол Telegram арнасында да үнемі вебинарлар мен шеберлік сабақтарын жариялайды. Margulan Info платформасында үнемі жаңа курстар мен вебинарлар өтіп тұрады.
Теріс пікірлер мен сын
Марғұлан Сейсембай туралы пікір екіге бөлінеді. Бірі оны табысты кәсіпкер деп санаса, екіншісі қылмыстық жолмен байлыққа кенелген адам деп есептейді.
Margulan Info платформасына қатысты да пікірлер әртүрлі. Кейбіреулер оның курстары мен Kaizen клубынан пайда көргенін айтса, басқалары бағаның тым қымбат екенін және ұйымдастыру деңгейінің төмендігін сынайды. Кейбір адамдар оның мотивациялық тәсілдерін манипуляция деп бағалайды, ал Kaizen әдісін тым қарапайым және бәріне тиімді емес деп санайды.
Саяси белсенділігі
Марғұлан Сейсембай саясатқа араласпаймын деп жиі айтса да, оның әрекеттері керісінше екенін көрсетіп отыр. Бұрын ол «Оян, Қазақстан» деген қозғалысты құруға тырысқан. Одан бөлек түрлі оппозициялық бастамаларды қолдаған. Михаил Саакашвилидің «Қарапайым шешімдер кеңсесі» жобасына да қатысқан.
Марғұлан өз белсенділігін Қырғызстанға да жеткізді. Ол Бішкекте «Қарапайым шешімдер кеңсесінің» филиалын ашып, аймақтағы либералдық реформаларды насихаттаумен айналысты. Сарапшылардың айтуынша, ол Қазақстанда да осындай кеңсе ашуы мүмкін.
Марғұлан Сейсембай өзін дінге жақын, рухани адам ретінде көрсеткісі келеді. 2013 жылы қасиетті Меккеге барып, қажылық парызын орындаған. Ол қоғам алдында жиі діни тақырыпта сөз сөйлеп, адалдық пен мораль туралы айтады. Алайда кейбір сыншылар оның бұл әрекетін жай ғана имидждік PR деп бағалайды.