Әнші, халық әртісі Мақпал Жүнісова өзінің зейнетақы мөлшері туралы пікір білдірді, деп жазады ozgeris.info сайты.
Өнер иесі бүгінде 62 жасқа толып, ресми түрде зейнетке шыққан. Оның айтуынша, мемлекеттен ай сайын алатын зейнетақысы – 210 мың теңге. Бұл қаржының өзі күнделікті қажеттіліктерді өтеуге жеткіліксіз екенін ашық айтты.
“45 жыл сахнада еңбек еттім. Бірақ үкіметтен беріліп отырған 210 мың теңге зейнетақыны күзетшіме беремін. Өзімнің күн көрісім үшін әлі де той-томалаққа шығып жүрмін,” – деді әнші.
Сонымен бірге Жүнісова қазір концерттерге көрерменнің аз жиналатынына алаңдайтынын жеткізді. Ол Ержан Белғозиевтің концертіне халықтың аз барғаны туралы естіп, қатты уайымдағанын жасырмады.
“Өзім де сахнаға шығар алдында 4 сағат бойы қобалжып жүрдім. Кейін әріптестерім халықтың жиналғанын айтқанда ғана көңілім орнына түсті. Артқы қатардағы билеттер бар болғаны 2-3 мың теңгеден сатылыпты. Бұл өте қолжетімді баға. Өйткені кезінде 150 мың теңге төлеп, Джей Лоның концертіне барғандар да болды ғой,” – деді ол.
Әнші өз сөзінде өнер адамдарының еңбегі лайықты бағалануы керектігін де атап өтті.