Маңғыстау облысы

Маңғыстауда өгей әке балаларды ұрып-соғып, құрылыста жұмыс істеуге мәжбүрлеген

Ақтауда ер адам өгей әкенің балаларға көрсеткен озбырлығын әшкереледі, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Politico.kz сайтына сілтеме жасап.

 

Ақтау қаласының тұрғыны Тұрал Латифов бұрынғы жұбайының қасында тұратын ер адамның балаларға қатыгездік танытқаны туралы жария етті. Әлеуметтік желіде тараған бейнематериалдан кейін Маңғыстау облыстық полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің «Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабымен іс қозғады.

 

Латифов таратқан видеода 6 жасар қызы өгей әкесінің оған сабақ кезінде ұйықтап қалғаны үшін суы бар шелекке басын батырғанын, ал тапсырманы дұрыс орындамағаны үшін беттен ұрғанын айтып береді. Ер адамның бұрынғы некесінен екі қызы бар – жасы 6-да және 9-да.

 

Қатыгездік тек қыздарға ғана емес, әйелдің алғашқы некесінен туған 16 жастағы ұлына да көрсетілген. Жасөспірім өгей әкесінен көрген қысым салдарынан үйден қашып кеткенін, оны құрылыста жұмыс істеуге мәжбүрлегенін және жиі соққыға жыққанын баяндады. Қазіргі уақытта ол әпкесінің үйінде тұрып жатыр.

 

Маңғыстау облыстық Полиция департаменті бұл деректі растады. Тергеу ісі департамент басшылығының жеке бақылауына алынды. Қорғаншылық органдарының шешімімен екі кішкентай қыз уақытша туған әкесі Тұрал Латифовтың қарауына берілді.

Барлық жаңалық