Жаңалықтар

Маңғыстауда жасөспірім жүк көлігімен жас қызды қағып кеткен

Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласында 15 жастағы жасөспірім жүргізген «Газель» көлігі тротуарға шығып, жаяу жүргіншіні қағып кетті, деп хабарлайды ozgeris.info сайты turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

 

Жол-көлік оқиғасы 25 шілдеде болғанымен, оқиға сәті түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тек кеше тарады. Кадрларда көліктің адамдар жүріп келе жатқан жаяу жүргіншілер жолына шығып кеткені анық көрінеді.

 

Видеодағы мәліметке сүйенсек, рөлде 8-сынып оқушысы отырған. Ол қызды қағып, оқиға орнынан жасырынған. Жәбірленуші ауыр жарақат алып, бес күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан. Дәрігерлер оның өмірін сақтау үшін күрделі ота жасаған. Бір ай бойы қыз тек түтік арқылы тамақтанып, қозғала алмаған.

 

Өңірлік полиция департаменті оқиғаға қатысты толық ақпарат таратты. 25 шілде күні таңғы сағат 6 шамасында «102» пультіне 2011 жылы туған қыздың «Газель» көлігінің астына түскені туралы хабар түскен.

 

Тергеу барысында көлікті 2010 жылы туған жасөспірім айдап кеткені анықталды. Ол ата-анасының көлігін рұқсатсыз мініп шығып, қайғылы оқиғаға себеп болған. Жәбірленуші 28 шілдеге дейін ауруханада ем қабылдады.

 

Қазіргі уақытта жасөспірімнің ата-анасына қатысты екі бірдей іс қозғалды: ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы (Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) және ҚР ҚК-нің 345-бабы (Жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша іс жүргізілуде.

Барлық жаңалық