🏛️ Саясат

Мәжіліс не бітірді, неге үлгермеді? Көктемгі сессияның шулы заңдары мен жаңа бастамалар

Мәжіліс не бітірді, неге үлгермеді? Көктемгі сессияның шулы заңдары мен жаңа бастамалар

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов парламент палаталарының бірлескен отырысын өткізуге өкім шығарды. Парламент Палаталарының бірлескен отырысы  27 маусымда Астана қаласында өтеді. Айта кетері, осы отырыстан кейін мәжіліс пен сенат депутаттары каникулға шығады. Ал қыркүйекте парламент жұмысы басталардың алдында тағы парламент палаталарының бірлескен отырысы шақырылады. Шамамен жүз күнге созылған бұл кезеңде депутаттар ондаған бастаманы қарап, ел үшін маңызды заңдарды қабылдады. Қоғамда қызу пікірталас тудырған әлеуметтік және экономикалық мәселелер де назардан тыс қалмады. Мәжіліс не істеді, қандай бастамалар күзге шегерілді, қоғамда қандай заңдар ерекше талқыланды? Осы сұрақтарға Ozgeris.info тілшісі жауап іздеді.

Қабылданған заңдар: әділеттілік пен әлеуметтік қорғау

Сессия барысында елдің заңнама жүйесінде бірнеше маңызды өзгеріс болды. Солардың бірі Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай амнистия туралы заңның қабылдануы. Бұл заң бойынша, жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыстар жасаған азаматтар, егер келтірілген шығынды өтеп, шынайы өкініш білдірсе, амнистияға ілігеді. Бұл бастама қоғам тарапынан да, құқық қорғаушылар тарапынан да жылы қабылданды. Заң қоғамда жазалаудан гөрі қайта әлеуметтендіруге басымдық берудің маңыздылығын көрсетті.

Қазіргі уақытта еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінің 63 мекемесінде және 16 тергеу изоляторында 40 мыңнан астам адам отыр. Оның ішінде 33 мың адам сотталғандар, ал 7 мың адам тергеу изоляторында. Бұдан бөлек, пробация қызметінде 27 мыңнан астам адам есепте тұр. 

Алдын ала есеп бойынша, амнистия 6 мың сотталған адамға және пробация қызметінде есепте тұрған 9 мың адамға қатысты болады. Яғни барлығы 15 мың адам амнистияға ілігеді. Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінен шамамен 632 адам, ал пробацияда есепте тұрған 3,5 мың сотталған бостандыққа шығады. Барлығы 4,1 мың адам босатылмақ.

Депутат Абзал Құспанның айтуынша, бас бостандығынан айыру жазасы өтелмеген мерзімді қысқарту 5,4 мың сотталғанға және пробация қызметінде есепте тұрған 5,5 мың адамға қолданылады. Жалпы алғанда, жазаның қысқаруы 11 мың адамға қатысты болады.

Амнистияға әлеуметтік осал топқа кіретін 629 адам да ілігеді. Олардың ішінен 57 адам босатылады, 572 адамның жазасы қысқарады. Сондай-ақ, амнистия жобасы 833 әйелгеде қатысты. Олардың 109-ы бостандыққа шығады, 724 әйелдің жазасы қысқарады. 

“Бостандыққа шығатындардың аз болуының басты себебі, қазір жазасын өтеп жатқандардың 92 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар, оның ішінде 16 пайызы бұрын да қылмыс жасап, қайталап сотталғандар», — деді мәжілісмен.

Бұл ретте қоғамда туындап жатқан сұрақтарға Жарқынбек Амантайұлы жауап берді. Ол рақымшылыққа ілікпейтін сотталғандарды атап шықты.

«Ең бірінші, сыбайлас жемқорлық қылмыстары. Террористік және экстремистік қылмыстар, адамдарға қатысты азаптаулар, кез келген адам өліміне алып келген қылмыс түрлері. Өмір бойы бас бостандығынан айырылғандар. Ұйымдасқан қылмыстық топ және халықаралық қылмыстық топ құрғандар. Қайталап қылмыс жасағандар, және жазасын өтеу кезінде қылмыс жасаған азаматтарға қатысты рақымшылық заңы қарастырмайды», — деді ол. 

Мәжіліс тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес мәселесіне де ерекше көңіл бөлді. Әйелдер мен балаларды қорғау туралы заң қабылданып, отбасындағы физикалық және сексуалдық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Жаңа заңда жеңіл дене жарақаттарына қатысты баптар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен Қылмыстық кодекске ауыстырылды. Сонымен қатар, ауыр қылмыстар бойынша тараптарды татуластыру мүмкіндігі алынып тасталды. Қоғамдық палата өкілдерінің айтуынша, бұл заң қабылданғаннан бері аймақтарда осындай қылмыстардың алдын алу бойынша оң өзгерістер байқала бастаған. 

Осы сессияда өнеркәсіптік мақсаттағы қарасораны өсіруге рұқсат беретін заң қабылданды. Енді қарасораны медицина, тоқыма және басқа да салаларда пайдалануға болады. Мәжіліс отырысында депутат Никита Шаталов ішкі істер органдары өндірістік қарасораны қалай бақылауға алатынын сұрады. Ол бұл қадам жаңа арзан есірткі түрінің пайда болуына әкеп соқпай ма деген алаңдаушылық білдірді.

Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Санжар Әділовтің айтуынша, ІІМ өндірістен бастап соңғы іске асыруға дейінгі барлық процесті бақылауда ұстамақ.

«Өндірістік қарасора мен марихуана екі түрлі өсімдік. Өндірістік конопляда есірткілік әсер беретін тетрагидроканнабинол (ТГК) өте аз мөлшерде кездеседі, ол генетикалық тұрғыда да марихуанадан өзгеше. Сондықтан оның құрамында психобелсенді заттар болмайды», – деді Әділов.

Сонымен қатар, қоғамда кеңінен талқыланған қалыңдық ұрлауға қарсы заң да бекітілді.  Заң жобасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады. Онда қылмыстық жауапкершілікті белгілеу, жаза мен өзге де шараларды қолдану, үкімді орындау тәртібі реттеледі.

Ең көп талқыланған және қоғамдық резонанс тудырған екі норма – қалыңдық ұрлау және сталкинг болды. Осылайша, қалыңдық ұрлау «Неке қиюға мәжбүрлеу» деп өзгертілді.

Мәжіліс депутатының айтуынша, жаңа 125-1-бап «Неке қиюға мәжбүрлеу» деп аталады. Бұл бап бойынша жәбірленуші тек әйел емес, ер адам да бола алады. Ең үлкен қоғамдық резонанс тудырған нормалардың бірі қалыңдық ұрлау мен сталкингке қатысты баптар болды. 

Сондай-ақ заң жобасында «қалыңдықты» ұстауға көмектескен туыстарға да жауапкершілік қарастырылған.

«Баптың атауы өзгерді және бұл өзгеріс мазмұндық тұрғыдан да орын алды. Бастапқыда ол қалыңдық ұрлау деп аталған болса, қазіргі таңда бұл бап 125-1-бап деп аталады және «Неке қиюға мәжбүрлеу» деп аталады. Жәбірленуші ретінде әйел де, ер адам да танылуы мүмкін. 1-бөлігі бойынша, яғни «Жеке тұлғаны неке қиюға күш қолдану немесе бопсалау арқылы мәжбүрлеу» әрекеті үшін 2000 айлық есептік көрсеткішке (7 864 000 теңге) дейін айыппұл, не түзету жұмыстары, не бостандығын шектеу немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 2-бөлігінде, егер күш қолданылса, не кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалса, не топпен жасалса, онда 5000 айлық есептік көрсеткішке дейін (19 660 000 теңге) айыппұл немесе 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді. Ал 3-бөлік бойынша егер бұл әрекеттер ауыр зардаптарға, мысалы, жәбірленушінің қаза болуына әкелсе, онда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады», – деді Мәжіліс депутаты.

Ақша жылыстатуға қарсы күрес те назардан тыс қалмады. Заңсыз табыстарға әкімшілік жауапкершілік туралы заң қабылданып, қаржы операцияларын бақылау күшейтілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандағы қаржылық қауіпсіздікті нығайтуға және активтерді қайтару тиімділігін арттыруға үлес қосып жүрген басты халықаралық платформа ретінде "Эгмонт" тобының маңызы зор екеніне назар аударды. 

Мемлекет басшысы Қазақстанның "ақшаны жылыстатуға қарсы" ұлттық жүйесін халықаралық стандарттарға сай одан әрі жетілдіруге ниетті екенін растады. Президент заң үстемдігін қамтамасыз етіп, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мақсатында "Заң және тәртіп" тұжырымдамасы қабылданғанын жеткізді.

Әлеуметтік салаларда да маңызды шешімдер қабылданды. Елімізде ым-ишара тіліне ресми мәртебе беріледі. Үкімет сөйлей алмайтын, құлағы естімейтін жандарға арнайы әліпби енгізуді қарастырып жатыр. Енді барлық мекемелерде сурдоаудармашының жұмыс істеуін міндеттеуі мүмкін. Елімізде ымдау тілінде сөйлейтін 30 мыңнан астам адам бар. Мемлекет оларға бір жылда небәрі 60-70 сағат тегін сурдоаударма қызметін ұсынады. Яғни сөйлей алмайтын, құлағы естімейтін жандардың емхана, сот, қызмет көрсету орталықтарында ойындағысын жеткізуге осынша ғана уақыты бар. 

Қазір еліміздегі мемлекеттік мекемелер қазақ және орыс тілдерінде қызмет көрсетуге міндетті. Азаматтар осы екі тілде білім алуға құқылы. Ал ым-ишара тілінде сөйлейтіндер өздері таңдаған мамандықты меңгере алмайды. Олар тек арнайы білім ордаларында оқытатын санаулы бағыттың бірін игеріп, жұмыс істейді. Өйткені еліміздегі оқу орындарының көпшілігінде сурдоаудармашы жоқ.

"Үні шықпастың құқығы да қорғалмас. Сот процестерінде де өз құқықтарын қорғай алмайды. Өйткені біріншіден, жазылып тұрған дұниеге сауаттылығы жетпейді. Екіншіден, айтқысы келеді ғой, бірақ оны ешкім түсінбейді. Яғни ресми тіл болып қабылданса, олар сіз сөйлей алмасаңыз, менің тілімде сөйлейтін азаматты шақырыңыз деп талап ете алады", - дейді  Таңсәуле Серіков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. 

Қазір елімізде ым-ишара тілінің бірнеше нұсқасы бар. Осының кесірінен сөйлей алмайтын, құлағы естімейтін азаматтар көпшілікпен қарым-қатынас құру былай тұрсын, өзара да түсінісе алмайды. Жауаптылар бұл мәселеден хабардар. Жуырда Үкімет халықаралық тәжірибені ескеріп, ымдау тілінің ресми түрде танылатынын жеткізгенімен, әлі іс-шаралар жоспарын белгілеген жоқ. Сондықтан әзірге ерекше жандарды қоғам өміріне қосатын маңызды шешімнің нақты қашан іске асатыны белгісіз.

Қоғамда қандай заңдар резонанс тудырды?

Жаңа салық кодексі, яғни ҚҚС бойынша енгізіліп жатқан өзгерістер резонансты заңдардың бірі болды деп сенімді айтуға болады. 2025 жылғы жаңа Салық кодексін талқылау кезінде қосылған құн салығы (НДС) қоғам мен бизнес өкілдері арасында үлкен пікірталас туғызды. ҚҚС бойынша енгізілетін өзгерістер кәсіпкерлер, сарапшылар мен мемлекеттік органдардың арасында түрлі көзқарастар қалыптастырды.

Жаңа Салық кодексі аясында ҚҚС ставкасы бастапқыда 20% болады деп ұсынылған еді. Бұл шешім қоғамда үлкен наразылық тудырды. Көптеген кәсіпкерлер мен экономистер бұл өзгеріс халықтың салықтық ауыртпалығын арттырып, бағаның өсуіне әкелетінін айтты. Қоғамдық қысымнан кейін үкімет ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ке дейін төмендетуге келісті. Енді аталмыш өзгеріс 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін болды.

ҚҚС-ке тіркеу шегі де қызу талқыланды. Бастапқыда шек 15 миллион теңге көлемінде белгіленген болатын. Кейіннен бұл көрсеткіш 40 миллион теңгеге дейін көтерілді.  

ҚҚС бойынша сараланған мөлшерлемелер енгізу жоспарланып отыр. Ақмола облысының кәсіпкерлері атап өткендей, жаңа жүйеде 16%, 10%, 0% мөлшерлемелер және салықтан босатылған тауарлар қарастырылған.

Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар өнімдер мен медициналық қызметтер бойынша төмендетілген салық мөлшерлемелері енгізіледі. Дәрі-дәрмектерге 2026 жылдан бастап 5% болады, ал 2027 жылдан бастап 10% мөлшерінде белгіленеді. Қазақстанда шығарылатын кітаптар мен белгілі бір әлеуметтік қызметтер ҚҚС-тан толық босатылады.

Фермерлер мен ауыл шаруашылығы өкілдері үшін де оң өзгерістер қарастырылған. Фермерлер бұрынғыдай ҚҚС-тың 70% сомасын есепке ала алатын болса, енді бұл көрсеткіш 80%-ке дейін көтеріледі. Бұл ауыл шаруашылығы саласын ынталандыруға бағытталған маңызды қадам болып саналады.

Алайда, көптеген экономистер мен қоғам белсенділері ҚҚС реформасының теріс әсерін ерекше атап өтті. Кейбір сарапшылар мөлшерлемені арттыру үкіметтің бюджет тапшылығын өтеу үшін халыққа салмақ салуы деп санайды. Бизнес өкілдері ҚҚС өсуі бағаның қымбаттауына және шағын кәсіпкерлердің салықтан жалтаруға тырысуына әкелуі мүмкін деген пікірде.

«Бұл ұсыныстың экономикалық негіздемесін ешкім есептеген жоқ. Бастапқыда 20% мөлшерлеме ұсыну күтпеген және негізсіз шешім болды. Кейін оны 16%-ке түсірді, бірақ бұл да халық үшін жеңілдік емес», - деген еді Республика партиясының мүшесі Максим Барышев

«Бюджет тапшылығын жабу үшін үкімет тағы да қарапайым халықтың қалтасына қол сұғуға шешім қабылдады. Бұл тауарлар бағасының өсуіне және шағын бизнестің салықтан қашуына себеп болады», - деген еді қоғам белсенділері.

Десе де ҚҚС реформасы тек салық мөлшерлемесін арттырумен шектелмейді. Жаңа кодекс аясында салықтық әкімшілендіруді жеңілдету, тексеру мерзімін 30 жұмыс күніне дейін қысқарту, салық органдарының халықпен цифрлық байланысын дамыту, мобильді қосымшалар мен онлайн-сервистерді кеңінен енгізу қарастырылған. Бөлшек саудадағы шағын бизнес үшін ҚҚС-тан босатылу құқығы сақталады.

Сонымен қатар, үкімет ҚҚС жүйесін өзгерту арқылы салықтық есептілікті ашық етуге және цифрландыру арқылы салық түсімдерін арттыруға баса назар аударып отыр.

Бұл ретте Асхат Аймағамбетов барша халықты алаңдатып отырған негізгі сұрақтарға жауап берді.  Яғни, адамдарға да, банктерге де ауыр соққы болатын бірнеше мәселе оң шешімін тапқан. Оның бірі – Kaspi мен Halyk арқылы ақша аударымдарына ҚҚС салынбауы. Десе де, кейбірі жұмыс тобының сүзгісінен өтпей қалғаны өкінішті.

«Біздің басынан қорғап келе жатқан бірнеше ұсынысымыз бойынша нормаларды Сенат қабылдады. Ең қызу талқыланған мәселелердің бірі – банктік аударымдарға қосылған құн салығын (ҚҚС) енгізу болды. Біз бұл бастамаға басынан-ақ қарсы болдық. Өйткені, Kaspi немесе Halyk арқылы қарапайым ақша аударсаң, мысалы, балаңа түскі асқа аударсаң, осы соммаға тағы 16% салық қосу деген ақылға қонбайды. Бұл адамдарға да, банктерге де ауыр соққы болар еді», -деді ол.

Асхат Аймағамбетов өз жазбасында "Баспа басылымдарына 10% ҚҚС – нақты қолдау" екеніне нақты тоқталған. Бұл ұсыныс бастапқыда қолдау таппағанымен, соңы жақсы аяқталғаны қуантып отыр.

«Біз әріптесім Нартай Сәрсенғалиев екеуміз бірнеше рет отандық баспа басылымдарына жеңілдіктер, ҚҚС мөлшерлемесін азайтуды ұсындық. Бастапқыда бұл бастама қолдау таппаған. Бірақ бүгін Сенат оны да қабылдады. Енді баспа өнімдеріне ҚҚС тек – 10%. Бұл дегеніміз мектеп газеттерінен бастап, аудандық және республикалық журналдарға дейінгі барлық баспа басылымдарына нақты көмек. Бастапқыда қолдау таппаған бірнеше ұсынысымыз ақыры қолдау тапты, – деп сөзін қорытындылады депутат.

Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы заң қоғамда ерекше қолдау тапты. Алайда, кейбір топтар дәстүрлі құндылықтарға қауіп төнуі мүмкін деп алаңдаушылық білдірді. Миграциялық және әкімшілік заңдардағы өзгерістер де қоғамда қызу пікірталас туғызды. Әсіресе, бақылау камераларына қатысты жауапкершілік туралы баптар ерекше назарға алынды.

Мәжіліс депутаттары әрбір пленарлық отырыста елдің әлеуметтік және экономикалық мәселелерін көтерді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, экология, көлік логистикасы, цифрлық технологиялар және әлеуметтік желілердің (әсіресе TikTok) жұмысы тұрақты түрде назарда болды.

Қай заңдар кейінге қалды?

Сессия барысында толық қаралып үлгермеген негізгі құжаттардың бірі жаңа Салық кодексі. Сенат бұл жобаны Мәжіліске кері қайтарды. Сенат жаңа салық кодексін екі оқылымда қарап, жүзден астам түзету енгізді. Атап айтқанда, шаруа қожалықтарының табысы 230 мың айлық есептік көрсеткіштен асса 15% мөлшеріндегі жеке табыс салығын салу ұсынылады.

Алайда қолданыстағы 70 пайыздық жеңілдікті ескере отырып, нақты мөлшерлеме 4,5% болады. Ал, Қазақстан қор биржасынан түскен дивидендтерге жеке табыс салығы салынбайды. Сонымен қатар қымбат көлік, кеме мен ұшақ секілді сән-салтанат заттарына ішкі нарықта да салық салу қарастырылған. Бұдан бөлек кемінде 10 мүмкіндігі шектеулі адам жұмыс істейтін кәсіпорындарды қосымша құн салығынан босату ұсынылып отыр.

"Құжатта экономиканың түрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесі қарастырылып отыр. Атап айтқанда ауылшаруашылығы өндірушілеріне әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар жекелеген салаларда жеңілдетілген мөлшерлеме белгіленді. Бүгін қаралған жаңа салық кодексі ұлттық экономиканы серпінді және тұрақты дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз", - дейді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев. 

Сонымен қатар, қоғамдық орындарда бетперде киюге тыйым салу туралы заң жобасы да Сенатта кері қайтарылды. Бұл құжат әлі де жетілдіруді қажет ететіні атап өтілді.

Үкіметтің тұрғын үй мен көлікке салынатын салықты арттыру туралы ұсынысы да Мәжіліс тарапынан қолдау таппады. Депутаттар бұл бастаманы қоғам үшін тиімсіз деп санап, қабылдамай тастады. Бұл шешім халық тарапынан оң қабылданды.

Күзде не күтіп тұр?

Мәжіліс депутаттары маусым айының соңында жазғы демалысқа кетеді. Бірақ күзде оларды жаңа, маңызды әрі күрделі заң жобалары күтіп тұр.

Күзгі басымдықтар:

  • Жаңа Салық кодексі: Прогрессивті салық жүйесі, ҚҚС-ты төмендету, дивидендтер бойынша жеңілдіктер қаралады.
  • Цифрлық кодекс: Цифрлық технологиялар мен деректерді қорғау, онлайн платформаларды және бұқаралық ақпарат құралдарын құқықтық реттеу.
  • Жасанды интеллект туралы заң: ЖИ жүйелерін құқықтық реттеу, қауіпсіздік пен азаматтардың құқықтарын қорғау.
  • Тұтынушылардың қаржылық құқықтарын қорғау: Банктер мен қаржы ұйымдарының қарыз беру талаптарын қатаңдату, алаяқтық схемаларға қарсы шаралар қабылдау.
  • 2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет: Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді қайта қарау және бюджетті нақтылау.
  • Кең ауқымды заңнамалық жаңарту: Орман шаруашылығы, табиғи аймақтар, БАҚ, ақпараттық қауіпсіздік, балаларға Ұлттық қордан төлем, адам саудасына қарсы іс-қимыл, мемлекеттік корпорациялар, қорғаныс саласы, ТКШ, кәсіпкерлерді заңдастыру және азаматтық заңнама бойынша жаңа ережелер енгізілмек.

Заңдардың орындалуы: бақылау жалғасады

Мәжіліс тек заң қабылдаумен шектелмейді. Енді қабылданған заңдардың іске асырылуын бақылау басты назарда болмақ. Әсіресе, цифрландыру, жасанды интеллект және қаржы секторындағы заңдардың қоғам мен бизнестегі нақты әсері үнемі қадағаланады.

Бюджеттің орындалуы мен прогрессивті салық жүйесінің тиімділігіне де ерекше көңіл бөлінеді. Жаңа инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы, жергілікті басқару органдарының мүмкіндіктерін кеңейту алдағы кезеңнің маңызды бағыттары болмақ.

Мәжіліс сессиясы заң шығару процесінің тек бір кезеңі ғана. Ал оның нақты нәтижесі қабылданған заңдардың азаматтардың өміріне қалай әсер ететінінде. Күзде депутаттар осы бағыттағы жұмысын жалғастырады.

Барлық жаңалық