Қазақстандағы ірі кондитерлік өнім өндірушілердің бірі – «ЛОТТЕ Рахат» АҚ әлеуметтік желілер мен ақпараттық кеңістікте компания туралы тараған тексерілмеген ақпараттарға қатысты пікір білдірді.
Компания басқармасының төрағасы Ахмед Ахраровдың айтуынша, жалған немесе расталмаған мәліметтердің таралуы тек белгілі бір өндірушінің беделіне ғана емес, жалпы отандық өнімге деген тұтынушылардың сеніміне де кері әсер етеді, деп хабарлайды Ozgeris.info. сайты povestka телеграм арнасына сілтеп.
Ол тұтынушылардың, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өнім сапасын ашық талқылауы маңызды екенін атап өтті. Алайда мұндай пікірлер нақты фактілерге, зертханалық сараптамаларға және қолданыстағы заңнама талаптарына негізделуі тиіс екенін айтты.
«Біз өніміміздің сапасына қатысты барлық мәселені нақты фактілерге, зертханалық зерттеулердің қорытындыларына және қолданыстағы заң талаптарына сүйене отырып талқылауға әрдайым ашықпыз. Сонымен қатар қазіргі бәсекелестік ортаның ерекшеліктерін де ескерген жөн. Бүгінде отандық өндірушілер бір-бірімен ғана емес, қаржылық, маркетингтік және ұйымдастырушылық мүмкіндіктері әлдеқайда жоғары ірі халықаралық компаниялармен де бәсекелесіп отыр. Мұндай жағдайда бәсекелестік құқықтық алаңда өтіп, өнім сапасына негізделуі керек. Өкінішке қарай, соңғы уақытта эмоцияға құрылған, контекстен жұлып алынған пікірлер мен тексерілмеген ақпараттар жиілеп кетті. Мұндай жарияланымдар тұтынушыларды объективті ақпаратпен қамтамасыз етпейді және өнім туралы бұрмаланған пікір қалыптастырады», – деді Ахмед Ахраров.
Компания өкілдерінің айтуынша, сатып алушылардың ұзақ мерзімді сенімі даулы мәлімдемелермен емес, өнімнің тұрақты сапасы мен ашық жұмыс қағидаттары арқылы қалыптасады.
Сондай-ақ «ЛОТТЕ Рахат» әлеуметтік желілердегі пікірталастарға араласпайтынын мәлімдеді. Оның орнына компания өндірісті жетілдіруді жалғастырып, тәтті өнімдерінің сапасын растайтын барлық қажетті құжаттарды ұсынуға дайын екенін жеткізді.