Интернеттегі интимдік қызмет ұсынатын «Kyzdar.net» сайты неліктен әлі күнге дейін бұғатталмаған? Бұл сауал қоғамда жиі көтеріліп жүр. Жақында сенатор Марат Қожаев журналистерге осы мәселе төңірегінде пікір білдіріп, нақты себептерін түсіндірді, деп жазады Ozgeris.info.
Қожаевтың айтуынша, мұндай ресурстарға қарсы күрес оңай шаруа емес. Себебі олар заманауи технологияны шебер пайдаланып, бұғаттау әрекетін айналып өте алады.
«Мысалы, Kyzdar.net дегендегі нүктені алып тастаса, бұғатталмаған жаңа ресурс пайда болады. Яғни, бұғатты айналып өту жолы өте көп. Егер біз жаппай жабатын болсақ, бірінші кезекте сөз еркіндігінің шектелгелі туралы өздеріңіз наразылық білдіресіздер», деді сенатор парламент кулуарында.
Бұл жерде мәселе тек техникалық тосқауылда емес, құқықтық тепе-теңдікті сақтауда болып отыр. Яғни, мемлекеттің шектеу қоюы мен азаматтардың еркін ақпарат алуы арасындағы тепе-теңдікті бұзып алмауы маңызды.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі де мұндай сайттарға қарсы күрестің тиімділігі төмен екенін мойындаған. Ведомство таратқан ақпаратқа сүйенсек, сайттар домендік атауын жылдам өзгерту арқылы бұғаттаудан құтылып келеді.
ІІМ-нің хабарлауынша, мәселен бүгін Kyzdar.net домені бұғатталса, ертесіне-ақ Kyzdar2.net немесе Kyzdar4.net сияқты жаңа атаулармен қайтадан қолжетімді болып шыға келеді. Бұл тәжірибе ұзақ уақыт бойы жалғасып келеді және жүйелі түрде мониторинг жүргізілсе де, түбегейлі шешу мүмкін болмай отыр.
Мамандардың пікірінше, мұндай сайттар көбіне шетелдік серверлерде тіркеліп, анонимділікті қамтамасыз ететін прокси, VPN және TOR сияқты құралдарды пайдаланады. Бұл оларды анықтауды және бұғаттауды күрделендіре түседі.
Құқық қорғау органдары болса, күрес тек техникалық бұғаттаумен шектелмей, құқықтық жауапкершілік, серверлік инфрақұрылыммен жұмыс және пайдаланушылардың да саналы көзқарасына сүйенуі керек екенін айтады.
Kyzdar.net сынды ресурстардың ашық жұмыс істеуі қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр. Әсіресе, бұл платформалар жезөкшелікпен айналысуға мүмкіндік беріп қана қоймай, заңсыздықтың көрінісі ретінде қабылдануда. Алайда олардың үздіксіз атау ауыстыруы мен интернеттегі икемді құрылымы мемлекет тарапынан күрделі техникалық әрі заңнамалық жауапты талап етеді.
Сенатор Қожаевтың айтуынша, бұл мәселені шешу үшін бір ғана бұғаттау жеткіліксіз – кешенді тәсіл керек. Ал әзірге мұндай сайттардың қызметі қоғам назарында қалып, ІІМ мен тиісті ведомстволардың бақылауында қала береді.