📰 Сарапшылар пікірі

«Кредитті дұрыс пайдалану» мәдениеті туралы естіп пе едіңіз?

Экономист Руслан Сұлтанов қарыз мәдениетінің шегінен асып бара жатқан қоғамда кредитті дұрыс пайдалану мәдениетін түсіндірді. Ол несие – жау емес, бірақ оны басқаруды білмеген адам үшін қақпан екенін айтады, деп жазады Ozgeris.info.

Бүгінде кредит – күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Телефон, жиһаз, тұрмыстық техника, тіпті демалысқа дейін бәрін бөліп төлеуге болады. Көпшілік үшін бұл қалыпты жағдай. Алайда экономист Руслан Сұлтановтың айтуынша, әр кредиттің артында бір ғана сұрақ тұруы тиіс – ол сіздің өміріңізге пайда әкеле ме, әлде болашағыңызды қарызға байлай ма?

«Кредит сыйлық емес, бұл құрал. Ол уақытты сатып алу тәсілі. Сіз затты бүгін аласыз, ал төлемді болашақ табысыңыздан жасайсыз. Экономикалық тұрғыдан қазіргі сәт мен болашақ арасындағы айырбас. Сондықтан мәселе кредит алуда емес, оның не үшін және қандай бағамен алынғанында», дейді экономист.

Руслан Сұлтанов кредиттің тиімді болуы үшін үш негізгі жағдайды атап өтті.

 «Біріншіден, несие сізге құндылық әкелуі керек. Мысалы, ипотека – егер сіз бәрібір үй жалдап тұратын болсаңыз, тиімді шешім болуы мүмкін. Білімге алынған кредит – инвестиция. Ал жұмысқа қажет көлікке алынған автокредит – табыс әкелетін құрал. Екіншіден, кредиттің пайыздық мөлшерлемесі инфляциядан төмен болса, ол экономикалық тұрғыда ұтымды шешімге айналады. Үшіншіден, егер сіздің қаржылық қауіпсіздік жастығыңыз болса, яғни табысыңыз азайған жағдайда да бірнеше ай бойы төлем жасап тұра алсаңыз, несие сіздің бюджетіңізді бұзбайды», дейді ол.

Алайда бәрі бірдей ақылға қонымды шешім бола бермейді. Сұлтановтың пікірінше, адамдардың көбі «тұтынушылық қақпанға» түседі. Кейде кредит адамды байытпайды, тек болашақ ақшаны ертерек жұмсауға итермелейді. Мұндай жағдайда сіз капитал құрмайсыз, керісінше болашақ табысыңызды азайтасыз. Егер ай сайынғы төлем табысыңыздың 30 пайызынан асып кетсе, несиенің үстеме пайызы тауардың құнының 25 пайызына жетсе немесе сіз бір кредитті жабу үшін екіншісін алып жатсаңыз – бұл қауіпті белгі. Маман нақты мысал келтірді.

«Әсел жаңа телефон алу үшін 600 мың теңге несие рәсімдеді. Банк оған нөл пайыздық шарт ұсынғандай көрінді, бірақ комиссия мен сақтандыруды қосқанда, жалпы артық төлем 120 мың теңгеге жетті. Телефон екі жылда ескіріп кетеді, ал ол үш жыл бойы қарызын төлейді. Нәтижесінде, заттың құны емес, тек қарыз өседі. Ал оның бауыры 700 мың теңгеге IT курсына кредит алып, мамандығын ауыстырды. Бір жыл өтпей несие жабылып, табысы екі есеге артты. Айырмашылық сомада емес, кредиттің мәнінде», дейді ол.

Сұлтановтың айтуынша, көп жағдайда адамдар бірден несиге жүгіреді, өйткені айналасындағылар да солай істейді. Психологтар мұны әлеуметтік норма әсері дейді. Қарыз алу әдетке айналғанда, адам өлшемін жоғалтады. Ал қаржылық жетілу кредитті азайту емес, оның не үшін қажет екенін түсінуден басталады.

«Кредит қалыпты жағдай емес, ерекше жағдай болуы тиіс. Дұрыс кредит сізді байытатын несие. Қате кредит сізді қажытатын қарыз. Болашақтан қарыз алып, бүгін иллюзия сатып алудың еш мәні жоқ. Қарыз алсаңыз, тек өз құныңызды, табысыңызды немесе тұрақтылығыңызды арттыратын нәрсеге алыңыз», деп түйіндеді экономист.

Барлық жаңалық