Онлайн кредит алу бұрын кәдімгі әдетке айналып кеткен еді. Түймені басасың, бірнеше минуттан кейін ақша түсе қалады. Енді сол жүйе өзгерді. 2025 жылдың 30 қыркүйегінен бастап елімізде онлайн рәсімделетін тұтынушылық кепілсіз қарыздарға арнайы салқындату кезеңі енгізілді. Яғни, келісімге қол қойылған бойда ақша түспейді. Қаржы ұйымы қаражатты тек күту уақыты өткеннен кейін және қарыз алушы өз шешімін қайта растағаннан соң ғана жібереді. Көпшілікке бұл түсініксіз көрінген соң, жаңа тәртіптің мәнін тарқатып көрелік, деп жазады Ozgeris.info.
Салқындату кезеңінің негізгі мақсаты біреу. Адамға шешімін ой елегінен өткізуге мүмкіндік беру. Бұрын жұрт кредитті бірден ала салатын. Біреу эмоцияға беріліп рәсімдесе, біреу танысының қыспағымен алатын. Енді бір адамдар алаяқтардың арбауына түсіп, өздері түсінбей қарызға кіріп кететін. Қазір осының бәріне тосқауыл қойылды. Енді шешім қабылдауға уақыт бар. Сол аралықта адам қарызға шынымен мұқтаж ба, жоқ па, соны ойластырып алады.
Күту мерзімі қарыздың сомасына қарай белгіленеді. Егер қарыз мөлшері 150 АЕК мен 255 АЕК аралығында болса, яғни шамамен 589 800 теңгеден 1 002 660 теңгеге дейін болса, салқындату кезеңі кем дегенде 8 сағат болады. Бұл кезең алаяқтық тәуекелі жоғары болған жағдайларға да қатысты. Ал қарыз сомасы 255 АЕК-Тен жоғары болса, яғни, 1 002 660 теңгеден асса, немесе микрокредит мөлшері 75 АЕК-тен жоғары болса, шамамен 294 900 теңгеден жоғары болса, күту уақыты 24 сағатқа дейін созылады.
Осы уақыт өткен соң қарыз алушы өзінің қарызды алуға дайын екенін қайта растауы қажет. Бұл растау кредиттік бюро арқылы, eGov веб порталы арқылы немесе қаржы ұйымының өз ақпараттық жүйесі арқылы беріледі. Адам бұл растауды жасамаса, қарыз берілмейді. Егер күту кезеңінде қарыз алушы ойынан айнып қалса, келісім өз күшін жояды. Яғни банктің ақша аударуға құқығы болмайды. Бұл алдауға түсіп кету ықтималдығын едәуір төмендетеді.
Жаңа талап барлық қарызға бірдей қолданылмайды. Бұл тәртіп тек тұтынушылық кепілсіз онлайн қарыздарға қатысты. Тауар сатып алу үшін рәсімделетін кредиттерге әсер етпейді. Кредит картасындағы 150 АЕК-тен аспайтын лимитке де жүрмейді. Бір ұйымның өз ішінде жасалатын рефинансирование тәртібіне де бұл талап қолданылмайды. Егер бір қарыз алушы бір күнде бірнеше кредит рәсімдеп, жалпы сомасы белгіленген лимиттен асып кетсе, салқындату кезеңі міндетті түрде қолданылады. Ал егер ақша шұғыл керек болса, онлайн емес, банк бөлімшесіне баруға болады. Онда салқындату талабы міндетті емес.
Бұл өзгерістің енгізілу себебі түсінікті. Ең бастысы қарыз алушылардың қауіпсіздігін күшейту. Адамға ойлануға уақыт беру. Қарызды асығыс алу әдетін азайту. Сонымен бірге алаяқтық тәуекелін төмендету. Себебі көп жағдайда жылдам рәсімделетін онлайн кредитті алаяқтар пайдаланады. Салқындату кезеңі келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Бұдан бөлек банктер мен микроқаржы ұйымдары өз сайттарында қарыз сомасын есептейтін калькулятор қоюға міндеттелді. Сондай ақ қарыз толық өтелген соң қарыздың жоқтығы туралы анықтама беруге тиіс.