Қазақстан мұнай өндірісін арттыра отырып, аймаққа тұрақтылық пен сенімді серіктестік ұсына алатын елге айналуы тиіс. Бұл экономист Расул Рысмамбетовтің пікірі. Оның айтуынша, еліміз көршілермен жарысқа түсуге емес, өңірдегі мемлекеттерді байланыстырып, үйлестіретін экономикалық платформа болуға дайын. Себебі Қазақстан бірқатар күрделі реформадан өтіп, тәжірибе жинап үлгерген, енді сол әлеуетті дұрыс пайдалану арқылы Еуразия кеңістігінің экономикасында өзегіне айнала алады, деп сараптайды Ozgeris.info.
Мұнай нарығындағы соңғы өзгерістер осы пайымды нақтылай түседі. ОПЕК+ ұйымына мүше сегіз мемлекет Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, БАӘ, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман 2025 жылғы шілде айында мұнай өндірісін арттыру туралы шешім қабылдады. Бұл қадам 2024 жылдың желтоқсанында қабылданған жоспардың жалғасы ретінде қарастырылып отыр. Осыған сәйкес, бұрын ерікті түрде қысқартылған өндіріс көлемі біртіндеп қайта қалпына келтіріле бастайды. Жалпы өсім тәулігіне 411 мың баррель. Қазақстанға шілде айында бөлінген квота 1,514 млн баррель. Бұл маусыммен салыстырғанда өндірістің артқанын көрсетеді. Дегенмен, ОПЕК+ бұл қадамды түпкілікті емес, икемді шешім деп сипаттады. Егер нарықта жағдай өзгере қалса, өндірісті арттыру уақытша тоқтатылуы немесе кері қайтарылуы мүмкін.
Расул Рысмамбетов бұл өзгерістерді Қазақстан үшін ерекше кезеңнің белгісі ретінде қарастырады. Оның пікірінше, мұнай өндірісін икемді басқару арқылы ел халықаралық нарықтағы тұрақтылыққа үлес қосады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның сенімді серіктес ретіндегі беделін арттырады. Алайда экономист бұл беделге жету үшін тек шикізат өндірісі жеткіліксіз екенін ескертеді. Елдің ішкі құрылымы да осы мақсатқа сай болуы керек.
«Елімізді көршілес мемлекеттермен салыстыру дұрыс емес. Себебі әр елдің даму кезеңі мен экономикалық бағыты әртүрлі. Бірі енді ғана экспорттық саясат қалыптастырып жатса, енді бірі әлі де жабық экономикалық модельден шыға алмай отыр. Ал Қазақстан – 30 шақырымдық марафонды артта қалдырған ел. Біз қателіктерден сабақ алдық, реформаларды бастан өткердік, институционалдық негіз қалыптастырдық. Сондықтан бізге жарысу емес, үйлестіру маңызды. Бүгінгі таңда Қазақстан аймақтағы елдерге бағыт көрсететін платформа бола алады», дейді сарапшы.
Экономиканың болашақтағы бағытын нақтылау үшін Рысмамбетов үш саланы ерекше атап өтеді: өңдеуші өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және логистика.
«Егер Қазақстан шикізат экспорттаумен ғана айналысса, ұзақмерзімді дербестікке жетпейді. Сол себепті тау-кен және металлургия саласында терең қайта өңдеуді жолға қою қажет. Ауыл шаруашылығы болса еліміздің табиғи артықшылығы, бірақ өнімділік пен тиімділік тек жаңа технологиялар мен серіктестіктер арқылы өседі. Ал логистика саласы Қазақстанның географиялық орналасу артықшылығын нақты капиталға айналдыра алатын сала. Біз Еуропа мен Қытайдың арасында тұрмыз. Бірақ бұл мүмкіндікті толық пайдалана алмай келеміз. Транзиттік әлеуетті іске қоспасақ, бұл артықшылық бос сөз болып қала береді», дейді экономист.
Рысмамбетовтің пайымдауынша, мұнай өндірісіндегі икемді шешімдер, ішкі құрылымдық реформалар және өңірлік кооперация Қазақстанды Еуразия экономикасының өзегіне айналдыратын негізгі тіректер. Ол үшін елімізге сыртқы әсерлерге жалтақтамай, өз даму бағытын айқын ұстану қажет. Егер Қазақстан осы сәтті тиімді пайдалана білсе, болашақта бүкіл аймақ үшін сенім мен тұрақтылықтың орталығына айналуға толық мүмкіндік бар.