🌐 Әлем

Киевте әскери құпияны ұрламақ болған шетелдік агенттер ұсталды

Киевте әскери құпияны ұрламақ болған шетелдік агенттер ұсталды

Киевте Қытайдың екі азаматы – әкелі-балалы тыңшылар ұсталды. Бұл туралы ozgeris.info сайты Украина Қауіпсіздік Қызметіне (СБУ) сілтеме жасап хабарлайды.

 

Олар Украинаның теңіз нысандарына қарсы «Нептун» зымыран кешенінің құпия құжаттарын шетелге шығаруға әрекеттенген. СБУ мәліметінше, бұл кешен — Украина Қарулы Күштерінің стратегиялық маңызы бар қаруы. Еске салсақ, дәл осы зымыран 2022 жылы Ресейдің Қара теңіз флотындағы флагман — «Москва» крейсерін жойған болатын.

 

Тергеу барысында анықталғандай, тыңшылардың бірі — Киевтегі техникалық жоғары оқу орындарының бірінде оқыған Қытай азаматы. Алайда, оқу үлгерімінің төмендігіне байланысты ол университеттен шығарылып, 2023 жылдан бастап елде заңсыз қалып қойған. Екінші күдікті — оның әкесі. Ол Қытайда тұрады, алайда ұлының агенттік қызметін үйлестіру үшін Украинаға бірнеше рет келіп кеткен.

 

СБУ таратқан мәліметке сәйкес, экс-студент зымыран кешеніне қатысы бар украиналық маманды азғырып, құпия ақпарат алмақ болған. Алайда құпия құжаттарды алу кезінде қолға түсіп, артынша оны шетелге алып кетуі тиіс болған әкесі де ұсталған.

 

Қазір тергеу амалдары жалғасуда. Украина заңнамасына сәйкес, тыңшылық әрекеті үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Барлық жаңалық