Бүгінде несие алмайтын адам кемде-кем. Үй де, көлік те, тұрмыстық бұйым да қарызға алынады. Бірақ қарыздың да өз тәртібі бар – оны дұрыс басқармаса, ауыр жүкке айналады. Келер жылдың сәуірінен бастап несие ережесі қатаңдайды, банктер табысты жіті тексеріп, тек төлеуге шамасы бар адамға ғана несие береді, деп жазады Ozgeris.info.
Несие алу қиындайды
Қазақстанда 2026 жылдың сәуірінен бастап несие алу қиындайды. Бұл өзгеріс жаңа қаржылық талаптардың енгізілуімен байланысты. Банктер енді клиенттердің табысын мұқият тексеріп, төлем қабілеті төмен адамдарға несие бермейді. Табысы тұрақсыз немесе бейресми табыс табатын азаматтарға қолжетімді несие саны азаяды.
Жаңа жүйе бойынша банктер тәуекелі жоғары несиелерді азайтуға тырысады. Өйткені мұндай портфельді ұстау енді оларға қымбатқа түседі. Сондықтан қаржы ұйымдары тек ресми табысы бар, тұрақты клиенттерге басымдық береді.
Жылдық тиімді мөлшерлеме 40%-ға дейін төмендейді. Бұл қысқа мерзімді және шағын несиелердің, соның ішінде бөлшек саудадағы POS-рассрочкалардың азаюына әкеледі. Керісінше, табысы жоғары және кредиттік тарихы жақсы азаматтар үшін бұрынғыдай мүмкіндік сақталады. Ал несиелік рейтингі төмен адамдар үшін ұсыныстар азаяды.
Жаңа ережелердің мақсаты – несие нарығын реттеу және қаржылық тұрақтылықты сақтау. Бұдан былай банктер несие беруде абай болмақ. Бұл жүйе қарызды қайтару қабілеті бар адамдарға ғана бағытталады. Нәтижесінде, банк секторы тәуекелді азайтып, қаржы тәртібін нығайтады.
Дегенмен көлеңкелі кредит беру қаупі бар. Ресми несиелер азайған жағдайда кей азаматтар бейресми қарыз берушілерге жүгінуі мүмкін. Сол себепті микронесиелік ұйымдар мен онлайн-платформаларға бақылау күшейтіледі.
Банктер үшін де жаңа талаптар қосымша жауапкершілік жүктейді. Олар өз капиталының бір бөлігін резерв ретінде сақтауы тиіс. Осыған байланысты тұтынушылық несиелер азайып, кәсіпкерлік бағыттағы займдар көбірек беріледі.
Мөлшерлеменің 40%-ға дейін төмендеуі микронесиелік ұйымдарға ауыр тиеді. Олардың қаржыландыру құны жоғары болғандықтан, бұрынғыдай пайда табу қиындайды. Ал банктер үшін бұл қадам несие саясатын қайта қарауға түрткі болады.
Жалпы алғанда, жаңа талаптар несиелік тәртіпті күшейтеді. Азаматтарға қарыз тек табысының 50%-ынан аспайтын көлемде ғана беріледі. Бұл халықтың борыштық жүктемесін азайтып, қаржы нарығын тұрақты әрі сенімді етуге бағытталған.
Қалай құтыламыз?
Қазіргі қоғамда несие – қаржылық өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде адамдар қарызды тұрмыстық техникадан бастап, автокөлік пен баспанаға дейін алады. Тіпті кейде демалыс пен той жасау да несие есебінен өтеді. Мұндай қолжетімділік көпшілікке ыңғайлы көрінгенімен, оның екінші жағы бар – артық төлем мен ұзақ мерзімді тәуелділік. Экономикада инфляция өскен сайын, ақшаның құны төмендейді, ал пайыздық мөлшерлемелер қымбаттайды. Осы кезде әрбір адам өз несиесін қалай дұрыс өтеу керегін түсінуі тиіс.
Қаржы сарапшысы Айбар Олжаев несиеден құтылудың ең тиімді жолы – ай сайынғы төлемді азайту емес, қарыз мерзімін қысқарту екенін айтады.
«Көп адам артық төлемді азайту үшін төлемін төмендетуге тырысады. Бірақ бұл тек иллюзия. Төлем азайған сайын мерзім ұзартады, ал мерзім ұзарар болса, банк сізден көбірек пайыз алады. Егер қосымша табыс түссе, оны төлемді азайтуға емес, мерзімді қысқартуға жұмсаған дұрыс. Сонда сіз банкке аз төлейсіз және несиеден ерте босайсыз», дейді сарапшы.
Оның айтуынша, несие құрылымында пайыздық бөлік алғашқы жылдары көбірек есептеледі. Сол себепті, несиенің алғашқы жартысында қосымша төлем жасау айтарлықтай пайда әкеледі. Мысалы, ипотеканы жылына екі рет қосымша төлеммен жабу арқылы қарыз мерзімін 2-3 жылға қысқартуға болады. Бұл жүздеген мың теңге үнемдеуге мүмкіндік береді.
Айбар Олжаев жаңа несие рәсімдеушілерге дифференциалды төлем жүйесін қарастыруға кеңес береді. Мұндай жүйеде алғашқы айларда төлем көбірек, бірақ уақыт өте келе азая береді.
«Дифференциалды жүйенің артықшылығы – сіздің негізгі қарызыңыз тез азаяды. Пайыз соған байланысты қысқарады. Ал аннуитеттік жүйеде төлем бірдей болып көрінгенімен, алғашқы жылдары сіздің төлеміңіздің басым бөлігі тек пайызға кетеді. Сондықтан дифференциалды тәсіл ұзақ мерзімді қарыздарда тиімдірек», дейді ол.
Сарапшының айтуынша, несиені дұрыс басқару үшін үш негізгі қағиданы сақтау керек. Біріншіден, төлемді ешқашан кешіктірмеу. Бір күн кешіккен төлем де айыппұл мен пайызды арттырады. Екіншіден, қосымша табыс түскен сайын ертерек төлеу. Бұл негізгі қарызды азайтады және пайыздық шығынды қысқартады. Үшіншіден, несиеге тек нақты қажеттілік туғанда бару. Көп жағдайда адамдар артық шығын үшін несие алып, кейін қаржылық қиындыққа тап болады.
Маман сондай-ақ несиелік тарихтың маңызына тоқталды. Банктер әрбір клиенттің төлем қабілетін осы көрсеткіш арқылы бағалайды. Егер адам төлемдерін уақтылы өтеп отырса, оның несие тарихы жақсы болады және келесі жолы төмен пайызбен қарыз ала алады. Ал төлем кешіктірілсе, банк тәуекелді жоғары деп бағалап, мөлшерлемені арттырады.
Несиеден де пайда табуға болады
Қаржы сарапшысы несие алу мәдениетіне баса назар аударды. Оның айтуынша, несие – жай ғана қарыз емес, дұрыс пайдаланылған жағдайда табыс әкелетін қаржылық құрал. Алайда бұл үшін адамның мақсаты айқын болуы керек.
Финансист Андрей Чеботаревтің пікірінше, несие тек табыс әкелетін іске жұмсалса ғана орынды.
«Егер студент жұмыс істеу үшін телефон алса немесе кәсіпкер ісін кеңейту үшін құрал-жабдық сатып алса, мұндай несие пайдалы. Ал тек сән үшін, өзгеге көрсету үшін алынған қарыз – бұл қаржылық қателік. Басты мәселе сатып алуда емес, адамның ниетінде мен есебінде. Егер несие адамға нақты пайда әкеліп, табысты арттырса – бұл дұрыс шешім. Ал егер ол тек эмоциямен немесе «көріну» үшін алынса, ол адамды қарызға батырмақ. Егер адам несиені уақытылы қайтара алатынын нақты білсе және бұл оның отбасы бюджетіне зиян тигізбесе, онда қорқатын ештеңе жоқ. Бірақ той, сән немесе бос атақ үшін алынған қарыз – жаман несие», дейді Чеботарев.
Ол сонымен қатар бұл қағида тек жеке адамдарға емес, мемлекетке де қатысты екенін айтты. Біздің үкімет те қарапайым азаматтар сияқты кейде бюджет тапшылығын жабу үшін қарыз алады, ескі қарызды жабу үшін жаңа еурооблигациялар шығарады. Бұл – дәл сол «өмір қарызға» деген үлгі.
Андрей Чеботарев дұрыс жоспарланған несие экономиканың да, жеке адамның да дамуына серпін беретінін атап өтті. Бірақ ол үшін есеп пен жауапкершілік қажет. Несиенің көлемі табыстан аспауы тиіс, ал қарыз тек нақты нәтиже беретін іске жұмсалуы керек. Сонда ғана несие – ауыртпалық емес, қаржылық өсуге апарар құралға айналады.