Қоғам

Келер жылы көлік салығы азаймақ

2026 жылдан бастап көлік салығының тәртібі өзгереді. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, енді көліктің шыққан жылы мен қозғалтқыш көлеміне қарай салық мөлшері жеңілдетіледі, деп жазады Ozgeris.info.

Бұл әсіресе ескі көлік мінетіндер мен қозғалтқышы үлкен автокөлік иелеріне тиімді болмақ. Бұған дейін 3-4 литрлік көліктер үшін 35-66 АЕК көлемінде салық төленсе, енді бұл сома 15 АЕК-ке дейін қысқарады.

 Ал 4 литрден жоғары қозғалтқышы бар көліктер бұрын 500 мыңнан 800 мың теңгеге дейін салық төлеп келсе, келер жылдан бастап 117 АЕК, яғни, шамамен 460 мың теңге төлемек.

Сонымен қатар көліктің жасы да ескеріліп, 11 жылдан 20 жылға дейінгі көліктерге 30%, ал 21 жылдан асқандарына 50% жеңілдік беріледі. Мысалы, базалық салық 60 мың теңге болса, 15 жылдық көлік үшін иесі 42 мың теңге, ал 25 жылдық көлік үшін 30 мың теңге төлейді.

Дегенмен құны 75 миллион теңгеден асатын автокөліктерге қосымша 10% акциз салығы қарастырылған. Бұл төлем көлікті алғаш тіркегенде немесе қайта сатқан кезде бір рет алынады. Айта кету керек, 2025 жылға арналған көлік салығын 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін төлеу қажет.

Жалпы алғанда, жаңа ереже салық жүйесін әділдендіріп, ескі көліктерге иелік ететіндер үшін біраз жеңілдік әкелмек.

Барлық жаңалық