Қоғам

Кәсіби қаржыгер көліктен не үшін бас тартты?

Алматылық қаржыгер Сұлтан Елемесов 15 жылдан бері жеке көліксіз өмір сүріп келеді. Екі көлігін сатып, пәтер алған сәттен бастап, ол көлік ұстау – шығын екенін нақты ұғынған, деп жазады Ozgeris.info. 

Қазір Сұлтан кәсіби аудитор, қаржыгер, екі баланың әкесі, бірнеше пәтер мен қала сыртындағы үйдің иесі. Бірақ сол баяғы шешімінен әлі күнге айнымаған.

«Көлік деген жай ғана артық шығын. 2010 жылы Toyota Carina E және Toyota Ipsum көліктерін сатып, алғашқы пәтерін алдым. Кейінірек екінші баспана да сатып алдым. Бастапқыда көлікті жаңасына ауыстырамын деп жоспарлағанымен, ақшаны жылжымайтын мүлікке салу тиімдірек екенін түсінген. Көліктен үнемделген қаражатты депозиттер мен инвестицияларға бағыттадым.  Бүгінде сол шешімдерімнің пайдасын көріп отырмын.

Сұлтан биыл кең аудиторияға арнап қаржылық есептеуін жария етті. Ол Hyundai Tucson моделін мысалға алып, автокөлік иеленудің нақты шығынын есептеп шықты. Оның есебінше, автокөлікке жылына 3 миллион теңгеден астам қаражат кетеді. Мұнда амортизация, бензин, техникалық қызмет, сақтандыру, салық, паркинг пен күтпеген шығындар кіреді. Бұл сомаға көліктің 20 жыл ішінде толық тозатыны ескеріліп, жыл сайынғы амортизация 850 мың теңге ретінде есептелген.

«Мен – бухгалтермін. Сондықтан 10 емес, 20 жылдық амортизациялық мерзімді қарастырдым. Себебі соңғы онжылдықта девальвация мен нарықтағы тосын өзгерістер көлік бағасының тұрақсыз екенін көрсетті», дейді сарапшы.

Ал егер көлік сатып алудың орнына, сол 17 миллион теңгені депозитке 15,5% жылдық мөлшерлемемен салып, такси мен қоғамдық көлікті бірге қолдансаңыз ше? Сұлтан бұл әдіс бойынша да есеп жасап, нәтижесінде жыл сайын таза табыс пен еркіндікке қол жеткізуге болатынын көрсеткен.

«Менің есебімде – айына 44 такси сапары бар. Бұл – үйден жұмысқа және кері қатынауға есептелген орташа сандар. Қазір мен фрилансер ретінде жұмыс істейтіндіктен, кейде одан да азырақ жүремін. Ал шығынның өзі  орта есеппен 2 мың теңге. Көбінесе метрода жүремін, кейде самокат немесе жаяу жүремін. Бұл нағыз үнем мен денсаулық»,  дейді ол.

Оның айтуынша, бүгінде көлік тек екі жағдайда қажет: егер сіз ауқатты адам болсаңыз немесе автокөлікті табыс көзі ретінде пайдалансаңыз. Қалған жағдайда бұл тек шығын.

«Авто иелену – өмір салты. Ал менікі – инвестициялық және саналы өмір салты. Бұл шешім менің отбасымның әл-ауқатын жақсартып қана қоймай, еркін өмір сүруіме де мүмкіндік берді», деп түйіндеді Сұлтан Елемесов.

Барлық жаңалық