Биыл 8 шілдеде Жамбыл облысында 6 балдық жер сілкінісі тіркелді. Құлан ауылында дүмпу күші 6 баллға жетсе, Меркіде – 5, Шу қаласында – 3 балл болды. Абырой болғанда, зардап шеккендер мен қираған ғимараттар жоқ. Десе де, бұл оқиға еліміздегі сейсмикалық қауіпсіздік мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды. Академик, Қазақстан сейсмология институтының бұрынғы директоры Таңатқан Абақанов сейсмологияның қазіргі ахуалына, зілзалаға дайындық пен халықты қорғау қандай деңгейде екенініне пікір білдірді. Сарапшы ойын негізге алып Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп білді.
Жер сілкіну қаупі қайда жоғары?
Орталық Азия зілзалалар жиі қайталанатын аймақ. Сейсмикалық белсенділік Тянь-Шань мен Памир-Алай тауларының тектоникалық қозғалысымен тікелей байланысты. Қазақстан аумағының 26 пайызы сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Ең басты қатер Алматы қаласына төніп тұр. Қала Заилий жотасының сейсмикалық белдеуінде орналасқан, мұнда 9 баллға дейін жететін жойқын жер сілкіністері болуы мүмкін. Алматыдағы тұрғын үй қорының 60 пайызы 1990 жылға дейін, яғни кеңестік сейсмикалық нормалар бойынша салынған. Олар максимум 9 баллдық дүмпуге ғана есептелген. Ал қазіргі халықаралық Еурокод стандарттарына сәйкес үйлер небары 25 пайызды құрайды. Қалған 15 пайызы саман кірпіштен тұрғызылған апатты үйлер.
Одан бөлек, Қазақстанда зілзалаларды бақылаумен айналысатын Ұлттық сейсмологиялық орталық Төтенше жағдайлар министрлігіне қарайды. Ғылыми зерттеулер мен сейсмологиялық дамуға арналған қаржы шектеулі. 2024 жылы осы салаға бар болғаны 2,1 млрд теңге бөлінген. 2020 жылмен салыстырғанда 15 пайызға аз. Абақановтың айтуынша, ғылым мен бақылау жүйесін екіге бөліп, ғылыми зерттеулерді Ғылым академиясының қарамағына беру қажет. Сонда салада даму болады.
Гидротехникалық нысандар да осал. 2010 жылғы Қызылағаштағы апат кезінде бөгет бұзылып, 47 адам қаза тапқан болатын. 1980 жылдары Қапшағай ГЭС-інде де су ағып кетіп, апатты жағдай туған. 215 текше метр бетон құйылып әрең тоқтатылған. Мұндай нысандар сейсмикалық аудандарда ерекше назарда болуы тиіс дейді сарапшы.
Халықты дайындау мәселесі де әлсіз. 2023 жылдан бастап жаттығулар өткізіліп келеді, алайда Алматы тұрғындарының 40 пайызы ғана белсенді қатысады. 2012 жылы дайындалған арнайы ереже бар, бірақ ол кең таралмаған.
Сейсмология саласына келетін жастар аз дейді маман.
"Себебі айлық төмен, орта есеппен 180 мың теңге. Шетелде жүрген мамандарды елге қайтару үшін жағдай жасау керек, яғни еңбекақыны көтеру қажет. 2024 жылы жарық көрген «Сейсмология және сейсмобекітпе құрылыстар» атты оқулықта осы мәселелердің барлығын жан-жақты сипаттаған", - дейді маман.
Қырғызстан аумағының 80%-ы сейсмоқауіпті аймақта жатыр
1946 жылғы Алай-Чоң-Алайдағы жойқын зілзала салдарынан 38 мың адам көз жұмған. Бүгінде елде 47 сейсмикалық станция бар, бірақ тек 12-сі ғана цифрлы. Бішкектегі үйлердің 70 пайызы сейсмобекітпе талаптарына сай емес. Ауылдарда көбіне саманнан салынған үйлер.
1980 жылдары Қырғызстанда ерекше тәжірибе жүргізілген. Атап айтқанда. екі мыс баған мен селитра арқылы жерге электр разряды жіберілген. Содан бері бұл ауданда жойқын зілзала тіркелмеді.
Халықты дайындау да жеткіліксіз. Жаттығулар тек мектептердің жартысында өтеді. Сала мамандарының орташа жалақысы 140 доллар шамасында. Жастар көбіне IT саласына кетіп жатыр.
Өзбекстан: тәжірибе де бар, қауіп те бар
1966 жылы Ташкенттегі жер сілкінісі 78 адамның өмірін жалмап, 36 мың ғимаратты қиратты. Осы оқиғадан кейін құрылыс нормалары қатаңдатылды. Қазір елде 65 сейсмикалық станция бар, бірақ олардың 40 пайызы ескірген. Ферғана өңіріндегі үйлердің 30 пайызы сейсмикалық тұрғыдан осал. Чарвак ГЭС-і 8 баллдық сейсмикалық аймақта орналасқан. Жаңғырту қажет.
Халықты дайындау бойынша Ташкентте 2019 жылдан бастап жаттығу міндеттелген, бірақ өңірлерде бұл шаралар әлсіз жүргізіледі. Сейсмологтардың орташа айлығы - 240 доллар.
Тәжікстан: ғылым да, инфрақұрылым да әлсіз
1911 жылы Памир тауларындағы жойқын жер сілкінісі Усой ауылын түгел жойып жіберген. Қазір елде 20 сейсмикалық станция бар, тек 5-еуі ғана халықаралық талаптарға сай. Ауылдық аймақтарда үйлердің 80 пайызы саз балшықтан тұрғызылған, 6 баллдан асатын дүмпуге шыдамайды.
Нүрек ГЭС 9 баллдық сілкініске төтеп бере алады, бірақ маңындағы ауылдар өте осал. Халықтың тек 20 пайызы ғана жаттығуларға қатысып келеді. Сала мамандарының айлығы бар болғаны 75 доллар. Көп жастар шет елге еңбек мигранты болып кетіп жатыр.
Жер сілкінісін болжау неге мүмкін емес?
Зілзаланы нақты болжау сейсмология ғылымының ең үлкен әрі шешілмеген жұмбағы. 1900 жылы Жапонияда сейсмология ғылымының негізі қаланғаннан бері бір жарым ғасыр өтсе де, қысқа мерзімді нақты болжам жасау әлі де мүмкін емес.
Бір ғана нақты болжам 1975 жылғы Қытайдағы Хайчэн қаласындағы жер сілкінісі (магнитудасы 7.3). Ол кезде жануарлардың мінез-құлқы мен жер асты суларының өзгерістеріне қарап, халық дер кезінде эвакуацияланды. Құтқарылғандар саны жүздеген мыңға жетті. Алайда келесі жылы Таншаньда болған 7.8 балдық зілзалада болжам жасалмай, 240 мың адам опат болды.
Академик Абақановтың айтуынша, нақты болжам жасау үшін ұзақ жылдар бойы жиналған дерек, терең ғылыми талдау қажет. Ал кейбір жеке адамдардың «болжамдары» негізсіз және халықты адастыруға бағытталған. Мәселен, 1990 жылдары Қазақстанда «Көктегі патруль» деген ұйым халықтан ақша жинап, зілзаладан «құтқарамыз» деп уәде берген. Бұл ұйым кейін ғалымдардың араласуымен жабылды.
Тәжірибе мен эксперимент: зілзаланы әлсіретуге бола ма?
Орталық Азиядағы барлық елдерде сейсмология бірдей қиындықтарғды бастан кешіріп отыр. Ескірген жабдық, аз қаржы, кадр тапшылығы. Қазақстанда бұл саланы ТЖМ-ға қарасты Ұлттық сейсмобақылау орталығы бақылайды. Бірақ ғылыми зерттеулерге мүмкіндік аз.
1980 жылдары Қырғызстанда жер асты кернеуін электр импульспен босату тәжірибесі жүргізілді. Жерге екі мыс баған қойылып, арасына селитра төгіліп, жасанды заряд тасталды. Сол уақыттан бері бұл өңірде күшті зілзала тіркелмеген. Қытайда да Хутуби деген жерде 5–6 балдық дүмпулер жасанды түрде жасалып келеді.
ЮНЕСКО 2014 жылы Алматы маңында халықаралық сейсмополигонын құруды ұсынған, бірақ қаржы жетіспеушілігі салдарынан бұл жоба жүзеге аспады.
Халық дайын ба?
Сарапшы Абақановтың пікірінше, мәселеге жүйелі көзқарас қажет. Яғни, арнайы оқу курстары, түсінікті парақшалар, тәжірибелі мамандарды тарту маңызды. Мысалы, Жапонияда жыл сайын 1 қыркүйек күні Зілзалаға дайындық күні болып белгіленген, бұл күні 95% халық әрекет алгоритмін жатқа біледі.
Алматыда алдағы 10 жылда 9 баллдық зілзала болу ықтималдығы 20-30%. Нақты қай күні болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Сондықтан жалғыз жол ғылымды дамыту, сейсмобекітпе құрылыс жүргізу және халықты дайындау дейді маман.