2000-жылдардың басында бақуатты футбол клубтары маусым алдындағы дайындықты шетелде өткізетін. Мысалы Өзбекстанның ауылдары арзан, алаңдары жақсы, жатып алып жаттығуға бар жағдай жасалған, тіпті не ішіп-жеймін демейтін. Ол кезеңде шетелге, әсіресе алыс шет елдерге оқу-жаттығу жиындарына бару тек ең дәулетті клубтардың ғана қолынан келетін. Қазір жағдай басқаша. Халықтың ақшасын шашуға еттері үйренген футбол клубтары Түркиядан шықпайтын болған. Неге? Сарапшы Қамбар Омаров осы жайлы шындықты жайып салды. Ozgeris.info тілшісі тарқатады.
Теңіз жағалауына кеткен миллиардтар
Қазақстан футбол федерациясының бас аудиторы, экономика ғылымдарының кандидаты Қамбар Омаров қазақ футболы туралы пікірін әлеуметтік желіде жариялады.
«Біздің клубтар Түркияға құмар. Олардың бітпейтін қымбат қонақүйдегі жиындары туралы түсіндіріп көрейін. Өңір басшылары мен клуб жетекшілері ешқашан футболды дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға, стадиондар мен академияларды салуға мүдделі болмаған. Оның орнына, командаларды Түркияға бітпейтін ұзақ жиындарға жіберіп отырды. Неге екенін айтайын. Осы жылдар ішінде жұмсалған қыруар қаражатқа елдің түкпір-түкпірінде қаншама футбол алаңдарын салып, қаншама баланы спортқа бейімдеуге болар еді. Соңғы деректер бойынша, соңғы 18 жылда футболға 700 миллиард теңге бөлінген. Осы ақшаның жартысынан көбі Түркияға кеткеніне күмәнім жоқ, одан кейін БАӘ- ға өткен. Бұл барып тұрған жымқыру, яғни офшорға ұқсас қулық. Түркияның несі бізден жақсы? Бізде де ауа райы қолайлы Түркістан, Шымкент, Тараз сынды қалаларымыз бар. Инфрақұрылым жақсы болса, наурыздан қарашаға дейін ойнауға болады. Бірақ оған бас ауыртқысы келмейді ешкімнің. Ел ішінде стадион салғанша, Түркияға барып келген оңай» – дейді Омаров.
Автордың айтуынша, бәрі айтпаса да түсінікті. Инфрақұрылым салу оңай емес, өте ұзақ процесс. Мұнда қомақты ақшаға бірден кенелу мүмкін емес.
Себебі аталмыш салада қаржылық бақылау да, құрылысқа мемлекеттік қадағалау да, құқық қорғау органдары да бар. Ал Түркияда оқу-жаттығу жиынын ұйымдастыру мүлде басқа әңгіме.
«Схема былай жүреді. Алдымен Қазақстаннан «өз адамы» барады, нақтырақ, акционердің немесе клуб директорының сенімді адамы. Ол қымбат, бірақ танымал емес бес-алты жұлдызды қонақүйді табады. Одан соң нөмірдің бағасы, алаңды жалдау құны туралы келісім жасалады. Кейін «комиссия» деген нәрсе пайда болады. Құжатта Қазақстан үшін көрсетілетін ресми баға жазылады, оның ішінде әлгі 15 пайыздық «маржа» да бар. Ол комиссия барып келген адамға төленеді. Түріктердің салық органдары үшін өкілдік немесе жарнамалық шығын сияқты көрсетіледі, сондықтан ешқандай мәселе жоқ. Біздің клубтар жиындарын өткізіп болған соң, ресми құжатты бухгалтерияға тапсырады. Барлығы заңды сияқты. Тексерушілерге де құжат дайын. Құқық қорғаушылар күмәнданған күнде де, олардың Түркиядағы қонақүйлерді тексеруге құқылары жоқ», – дейді бас аудитор.
Қарапайым арифметика
Енді есептеп көрейік. Оқу-жаттығу жиынына орта есеппен 30-40 адам барады. Түркияда олар кейде 2-3 айға дейін жаттығады. Негізі, мұндай клубтар бізде де жетеді. Нәтижесінде миллиардтаған қаражат Жерорта теңізінің жағалауына кетіп жатыр.
«Әлемге әйгілі қонақүйлер мұндай күмәнді мәмілелерге келіспейді. Сондықтан біздің клубтар бұрынғы ТМД елдерінен шыққан немесе менталитеті жақын түрік қонақүй иелерін табады. Схема жылжымайтын мүлік нарығына ұқсайды. Клиент әкелген адам келісімшарттан 10-15 пайызын алады. Сондықтан, менің ойымша, 2-3 жылға Түркияда немесе өзге елдерде жиын өткізуге мораторий жариялау керек. Президент деңгейінде шешілсе дұрыс болар еді. Сонда ғана ел ішінде футбол алаңдарын салуға ынта пайда болады. Әрине, әкімдік пен клуб басшылары қарсы шығары анық. Бірақ бір қадам артқа шегініп, балалар академиясын дамытып, инфрақұрылым салсақ, ертең екі қадам алға басамыз. Ал қазір не болып отыр? Біріншіден, ондаған жылдар бойы түрік бизнесін асырап келеміз. Екіншіден, миллиардтаған бюджет қаржысы қайтарымсыз сыртқа кетіп жатыр. Үшіншіден, отандық инфрақұрылым ақсап отыр. Түптеп келгенде нәтижеміз нөл. Бізге халықты қанап жатқан «футбол туризмі» не үшін керек?» – деп шүйлікті Қамбар Омаров.
Түркияның табысы
Футбол туризмі Түркияға қыруар табыс әкелуде. 2015 жылы жергілікті экономистердің есебінше, әр маусымда бұл елде Еуропа мен Орталық Азиядан шамамен 1200 команда дайындықтан өтеді екен. Оның 90 пайызы Анталияны таңдайды. Қарапайым турист Түркияда орта есеппен 800 доллар қалдырса, спортшылар екі есе көп жұмсайды, шамамен 1648 доллар жұмсайды. Осыдан 15 жыл бұрын футболшылардың өзінен Түркия кемінде 100 миллион доллар пайда көрген. Қазір бұл көрсеткіш бірнеше есе артқан.
Қазақстандық футбол да түрік экономикасына өз үлесін қосып отыр. Салық органдарының дерегінше, 2018 жылдан бері біздің командалар шетелдік оқу-жаттығу жиындарына 6,4 миллиард теңге жұмсаған.
«Мәселен, «Астана» футбол клубы осы мақсатқа шамамен 1 миллиард теңге жұмсап, жиындарды Түркия мен Дубайда өткізген. Шетелге кетіп жатқан ақшаның кесірінен өз жерімізде академия немесе футбол алаңдарын салу мүмкін болмай қалды. Соңғы 6 жылда олар жалға алынған алаңдарға 1,4 миллиард теңге жұмсаған», – деді Антикордың ресми өкілі Данияр Биғайдаров.
Ауыл мен қаланың айырмашылығы
Еске салайық, бірнеше жыл бұрын еліміздің элиталық дивизионында Түркістан облысының Атакент ауылынан шыққан «Мақтаарал» клубы ойнаған. Тексеру нәтижесінде белгілі болғандай, 2021 жылы премьер-лигаға шығу үшін аталмыш шағын ауылдың командасына 225 миллион теңге жеткілікті болған. Ал екі маусымнан соң сол жетістікті қайталаған Түркістанның «Тұран» клубы оған 6 есе көп, 1,5 миллиард теңге жұмсапты.
Жаттығу жиындарына келсек, Атакенттің жігіттері өз жерін таңдаған еді. Олар маусымға дайындықты Қазақстанда өткізуді құп көрді. Сол себепті 2022 жылы жиынға бар-жоғы 24 миллион, ал келесі жылы 36 миллион теңге жұмсаған. Ал «Тұран» бірінші лигада жүргеніне қарамастан Түркияда дайындық өткізуге 2022 жылы 118 миллион, 2023 жылы тағы 114 миллион теңге жұмсаған.
Нәтижесінде қай клуб төменгі лигаға түсті дейсіз? Әрине, халықтың ақшасын шашып үйренген «Тұран» емес, керісінше дұрыс қадам жасап, елдің қамын ойлаған «Мақтаарал» клубы ұшты да, кетті.