📰 Сарапшылар пікірі

2026 жылы ең төменгі жалақы өзгеріссіз қалады. Сарапшылар не дейді?

 Үкімет 2026 жылы ең төменгі жалақыны (АӘТ) өсірмеу туралы шешім қабылдады. Демек, бұл көрсеткіш қазіргі деңгейде – 85 мың теңге болып қала береді. Мәселе кейінгі айларда қоғамда жиі талқыланып, түрлі министрліктер мен сарапшылар арасында пікір алмасуға себеп болған еді. Себебі елде инфляцияның жоғары болуы, халықтың тұрмыс деңгейінің құлдырауы жалақыны қайта қарау қажеттігін күн тәртібіне шығарып отыр, деп сараптайды Ozgeris.info.

Үкімет не дейді?

Ұлттық экономика министрі әрі Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мәселені нақтылап:

 «Қазірше ең төменгі жалақыны өсіру жоспарда жоқ. Қазіргі мөлшері – 85 мың теңге»,  деді.

Бұл шешімге дейін Еңбек министрі Светлана Жақыпова 2025 жылдың соңына дейін жалақыны көтеру мүмкіндігі қарастырылатынын мәлімдеген болатын. Оның сөзінше, министрлік тиісті есеп-қисапты жүргізіп, әртүрлі сценарийді қарастырған. Бірақ нақты шешімге Қаржы министрлігінің есебі әсер еткен.

Қаржы министрі Мәди Тақиев:

«Біз есеп жүргіздік. Орташа есеппен бұл көрсеткіш 90 мың теңге болуы тиіс. Бірақ қазіргі жағдайды ескере келе, бұрынғы деңгейде қалдыруды жөн көрдік»,  деп түсіндірді.

Яғни, билік өкілдері АӘТ-ті көтеру қажет екенін мойындағанымен, қазіргі жағдайда мұндай қадам инфляцияны үдетіп, бюджетке қосымша ауыртпалық әкелуі мүмкін деп санайды.

Сарапшылар не ойлайды?

Экономист Арман Бейсембаев бұл шешімнің түпкі себебін бюджеттік шектеулермен байланыстырады. Сарапшының айтуынша, ел бюджетінде қазір 10 трлн теңгеге жуық тапшылық бар. Егер ең төменгі жалақы көтерілсе, онымен бірге барлық мемлекеттік сектордағы жалақыны индекстеу қажеттілігі туындайды. Бұл тапшылықты одан әрі күшейтеді.

 «Мәселе халықтың жағдайында емес, оны көтеруге қазынада қаражат жоқ»,  дейді ол. 

Бейсембаев бұған қоса қазіргі жүйеде АӘТ нақты экономикалық көрсеткіштерге сүйенбейтінін айтады. Оның айтуынша, инфляция қарқыны жоғары болып тұрғанда ең төменгі жалақыны бұрынғы деңгейде сақтау халықтың сатып алу қабілетін одан сайын төмендетеді.

 «Баға өсіп жатқанда, АӘТ бұрынғы деңгейде қалса, халықтың сатып алу қабілеті төмендей береді. Біз табиғи рентаны жеп қана қоймай, экономиканы дамытуға пайдалануымыз керек еді. Яғни, елімізде еңбектің өнімділігі төмен, экономика шикізатқа тәуелді, әртараптандыру жеткіліксіз. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық пен капиталдың сыртқа ағылуы ел ішінде экономикалық серпінді әлсіретіп отыр», дейді сарапшы.

Ол мәселенің тек бюджет тапшылығында емес екенін де ескертті. Сарапшы Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында жалақы өсімі бойынша соңғы орынға түскенін де атап өтті. Бұл жағдай қоғамда әлеуметтік шиеленісті күшейтіп, ең төменгі жалақыны ғана емес, тұтас экономикалық саясатты қайта қарауды қажет етеді.

Балама көзқарас

Тағы бір сарапшы Сапарбай Жобаев келер жылы ең төменгі жалақыны арттыруға мүмкіндік болғанын айтады.

«2026 жылы Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 95-100 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін еді»,  дейді.

Дегенмен оның пікірінше, мұндай қадам инфляция мен бюджет тапшылығының ұлғаюына алып келуі ықтимал.

«Инфляцияға және бюджет тапшылығының ұлғаюына осы ықпалды орташа жалақыға дейінгі шекте бюджеттік және мемлекеттік органдардың жалақысын кезекті индекстеуді жүргізе отырып, компенсациялауға болады. Бізде инфляцияның негізгі себебі билік құрылымдарының жоғары жалақыларының өсуі және/немесе индекстелуі болып табылады»,  дейді сарапшы.

Барлық жаңалық