Күздің басынан бастап қазақстандықтардың қаржылық өмірінде бірқатар өзгерістер күтіп тұр. Коммуналдық төлемдер өсіп, азық-түлік бағасына да әсер ететін ҚҚС көтерілуі алда тұр. Ал бұдан бөлек не қымбаттайды?
Электр жарығы
Кей өңірлерде 1 қыркүйектен бастап электр энергиясының тарифі көтерілуі мүмкін. Мысалы, Атырауда «Атырау Жарық» компаниясы тарифті көтеру туралы ұсынысын жіберіп қойған. Қазір құжат сараптамадан өтуде. Егер мақұлданса, жаңа баға күшіне енеді.
Коммуналдық тарифтер
Кейінгі айларда тарифтердің қымбаттауы жиі айтылып жүр. Премьер-министр Олжас Бектенов те «бағаларды нарықтық деңгейге жеткізу керек» деген болатын. Дегенмен, үкімет IV тоқсанда жоспарланған тариф өсімін кейінге қалдырды.
Жаңа айыппұлдар
16 қыркүйектен бастап Қазақстанда сталкинг (адамды аңду, қудалау) үшін айыппұл салынады. Жаза – 200 АЕК-ке дейін (2025 жылы бұл шамамен 786 мың теңге). Сонымен бірге қоғамдық жұмыстарға тарту, 50 тәулікке дейін қамауға алу шаралары да қарастырылған. Егер қудалау күш қолданумен, қорқытумен немесе жеке өмірге қол сұғумен байланысты болса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Жаңа төлемдер түбіртекте
15 қыркүйектен бастап пәтер иелері үш түрлі жарна төлейді: ағымдағы (үйді күтіп ұстау), жинақ (күрделі жөндеу үшін) және мақсатты (қосымша жұмыстарға).
Студенттік стипендиялар
Жақсы жаңалық – студенттердің стипендиясы өседі. 2020 жылдан бері кезең-кезеңімен көтеріліп келген стипендияның соңғы сатысы 1 қыркүйекте күшіне енеді. Енді бакалаврлар 52,3 мың теңге, магистранттар 117 мың теңге, ал докторанттар 262,5 мың теңге алады.
Мобильді байланыс
Altel мен Tele2 «Шексіз әлем» атты жаңа қызметті іске қосады. Ол арқылы 49 елде роуминг кезінде әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді және карталарды шектеусіз пайдалануға болады. Үш күндік құны 2 590 теңге. Ал Kcell 8 қыркүйектен бастап «New Happy Bonus» бағасын 90 теңгеге дейін көтереді. Пакетте 150 МБ интернет, 50 SMS және ақшалай сыйлықтары бар викторинаға қатысу мүмкіндігі бар.