Қоғам

"Жәнібектің командасы әлсіз": Қанат Ислам қазақ чемпионына қатысты ел естімеген шындықты айтты

"Жәнібектің командасы әлсіз": Қанат Ислам қазақ чемпионына қатысты ел естімеген шындықты айтты

Қазақ боксшысы Қанат Ислам Жәнібек Әлімханұлының допинг дауына қатысты пікір білдіріп, бұл жағдайға спортшының командасындағы мамандарды кінәлады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Олимпиада жүлдегерінің айтуынша, Жәнібекке білікті маман жетіспейді. Оның сөзінше, спортшы ағзасына тыйым салынған заттардың түсіп кетпеуін қадағалайтын кәсіби сарапшы болуы тиіс.

"Жәнібектің қасында мықты маман жоқ. Қасында жүрген адамдар қолдан келгенше көмектесіп жүр, тіпті күндіз-түні еңбектенуге дайын. Бірақ спортшыға берілетін тағам мен дәрумендердің құрамын толық білмейді. Мен Қытай құрамасында болған кезде бізге күн сайын қолданатын барлық заттың құрамын түсіндіретін. Тіпті буынға жағатын кремдердің өзіне дейін тексерілетін", – деді Қанат Ислам.

Ол мұндай тәжірибе Қазақстан құрамасында да болуы керек екенін айтты.

"Бізге де құраманың ішінде арнайы маман қажет. Кей спортшылар әлі күнге дейін допинг дегенді тек укол деп ойлайды. Ал шын мәнінде тыйым салынған зат қарапайым суық тиюге қарсы дәрінің құрамында да болуы мүмкін", – деді ол.

Сонымен қатар Қанат Ислам Жәнібек Әлімханұлын біреу әдейі "орға жықты" деген пікірмен келіспейтінін жеткізді.

"Әртүрлі әңгіме айтылып жатыр. Бірақ меніңше, мәселе – команданың ішінде мықты маманның болмауында. Анализдерді оқи алатын, гормондық көрсеткіштерді саралайтын, не қосу, нені алып тастау керегін айта алатын маман керек. Ал промоутерлер үшін бастысы – бизнес пен табыс", – деді боксшы.

Барлық жаңалық