Елімізде 2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіне қатысты сарапшылардың пікірі әртүрлі. Экономист Сапарбай Жобаев бұл құжаттың әлеуеті толық ашылмағанын айтып, байлар мен ірі корпорацияларға салық ауыртпалығы жеткіліксіз екенін алға тартты. Оның пікірінше, салық реформасы тек жартылай жүзеге асқан, ал нақты нәтиже үшін саяси ерік пен батыл шешім қажет, деп сараптайды Ozgeris.info.
Жарты қадам ғана жасадық
Экономист Сапарбай Жобаев жаңа Салық кодексіндегі өзгерістерге қатысты пікірін білдіріп, бұл құжаттың әлеуеті толық іске аспай отырғанын айтты. Оның айтуынша, кейінгі бес-алты жылда елімізде салықтық түсімдердің азаюы бюджет тапшылығына әкеліп, Ұлттық қордан жиі қаржы алуға мәжбүр етті.
– 2024 жылы бюджеттік шығындар 21 трлн теңге болды, ал салық түсімі жоспардағы 16-17 трлн теңгенің орнына небәры 12,5 трлн теңге ғана түсті. Бұл тапшылықты жабу үшін 3 трлн теңге Ұлттық қордан алынды. Мұның себептерінің бірі – мемлекеттік кәсіпорындардың тиімді жұмыс істемеуі және салықтан жалтаруы. Мемлекет иелігіндегі 100 кәсіпорынның 54-і шығынмен жұмыс істейді және салық төлеудің орнына керісінше, бюджеттен қайта қаржыландырылады, – дейді сарапшы.
Экономисттің айтуынша, Қазақстандағы салықтық түсімдердің басым бөлігі үш негізгі салықтан тұрады: жеке табыс салығы, корпоративтік табыс салығы және қосылған құн салығы. Соның ішінде, прогрессивті жеке табыс салығын енгізу мәселесі 2019 жылдан бері қозғалып келеді. Бірақ, бай-бағландар мен олигархтардың кесірінен бұл бастама жылдар бойы жүзеге аспай келді.
– Президент прогрессивті салық енгізуді тапсырды. Бірақ бес жылдан бері оны іске асыруға ешкім құлық танытпады. Нәтижесінде, енді тек 3 миллион теңгеден жоғары жалақы алатындар ғана 15 пайыз салық төлейді. Бұл өте әлсіз қадам. Әлемдік тәжірибеде мұндай табысы барлар 20-25 пайыз салық төлейді, – дейді экономист.
Корпоративтік табыс салығы мен ойын бизнесіне салынатын салықтар да экономист көңілінен шықпай отыр. Оның айтуынша, Президент 2022 жылы-ақ осы саладағы бай кәсіпорындар мен банктерге салықты 25-30 пайызға дейін көтеруді ұсынған. Алайда, нақты шешім тек 2026 жылдан бастап күшіне енбек. Ол да бар болғаны 25 пайыз мөлшерінде бекітіліп отыр.Дүниежүзінде бай компаниялар 30-35 пайызға дейін салық төлейді. Ал бізде бұл көрсеткіш әлі де тым төмен.
Сапарбай Жобаев жаңа кодекс арқылы белгілі бір қадамдар жасалғанын жоққа шығармайды. Алайда, олардың көпшілігі түбегейлі емес, әрі нақты саяси ерік пен реформаға деген шынайы ниет жетіспей отыр.
– Биліктегілердің қалауымен корпорация табыс салығы бұрынғыдай 25 пайыз көлемінде қалдырылды. Бұл салық табыс пен пайдадан төленетіндіктен, ірі корпорациялар өздерінде пайданы көбірек қалдыруға мүдделі. Кем дегенде 70 пайызын өздеріне қалдырса да, ештеңе етпес еді. Себебі олар өте үлкен пайда табып жатыр. Бірақ мемлекеттік кәсіпорындар мен банктер, түрлі қорлар бұл өзгеріске бірден келісіп кете алмады. Тек банктер мен ойын бизнесі ғана ашық түрде қарсы болды. Ал қалғандары бұл шешімді жоғары жақтан сұрап, өздері шеше алмай қалды, – дейді ол.
Әлі де төмен...
Осы орайда қосымша құн салығы (ҚҚС) мәселесіне келейік. Бұл – халықтың қалтасына тікелей әсер ететін салық. Еуропада ҚҚС көлемі 25-27 пайыз шамасында. Бізде бастапқыда оны 20 пайызға көтеру ұсынылды. Негізінен ірі корпорациялар төлейтін салық болар еді. Алайда олигархтар мен құрылыс компаниялары оған қарсы шығып, ҚҚС мөлшерін 16 пайызға дейін түсіріп алды.
– Негізінде, бұл салық шағын және орта бизнеске ауыр салмақ салмайды. Себебі олар – делдал. Олар жеке адамдардан сатып алып, ҚҚС-ты қосып сатады, кейін оны бюджетке аударады. Бұл олардың бағасына көп әсер етпейді – ең көп дегенде 1-3 пайыз ғана. Бірақ бұл бәсекелестікті күшейтіп, нарықтың тазалығына оң ықпал етер еді. Дегенмен, олар «шағын бизнес көлеңкеге кетеді, тұтынушыға ауыр тиеді» деген сылтаумен ҚҚС-ты төмендетіп тастады. Ал шын мәнінде, ҚҚС-ты 20 пайыз қылып қалдырсақ, біздің бай компаниялар осы салықты төлер еді. Экспортпен айналысатындар ҚҚС-ты кейін қайтарып алады, сондықтан олар да онша ұтылмайды. Үлкен компаниялар үшін бұл тіпті қиындық туғызбайды. Олар өнімді жеткізушіден алып, ҚҚС-ты үстінен қосып сатады. Бұл – қалыпты салық айналымы. Бірақ ірі бизнес бұған да қарсы болды, себебі баға сәл өсуі мүмкін еді – 3-4 пайызға. Бірақ бұл – біздің инфляция 10-12 пайызға жетіп тұрған ел үшін аса бір қиыншылық емес, – деп түсіндірді сарапшы.
2026 жылы бұл өзгеріс нақты әсер етуі мүмкін. Себебі біз шағын және орта бизнес үшін ҚҚС тіркеу шегін 80 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін түсірдік. Осылайша көптеген бизнес ҚҚС төлеушіге айналады. Бірақ бұл өзгеріс тұтынушыға қатты салмақ салмайды. Өйткені ҚҚС – соңғы тұтынушы төлейтін салық, ал бизнес тек оны бюджетке жеткізуші ғана. Жалпы, барша өзгертулер нәтижесінде бюджетке 5-6 трлн қосымша салық түсуі керек еді. Ал қазір барлығы жеңілдіктер сұрап, толық төлемегендіктен, бюджетке 2-3 триллион ғана түседі. Оның өзі де нақты емес, себебі көптеген мемлекеттік кәсіпорындар мен басқа да ұйымдар жеңілдік іздеуге әуес.
2025 жылы қабылданған Қазақстанның жаңа Салық кодексі қоғам тарапынан үлкен үмітпен қабылданған еді. Қаржы жүйесінің ашықтығы мен әділеттілігін арттыру, бай мен кедейдің арасындағы алшақтықты қысқарту, ұлттық қорға түсетін салмақты азайту сияқты міндеттер осы заң арқылы шешіледі деген сенім болды. Алайда, заң қабылданғаннан кейінгі алғашқы болжамдар бұл үміттің толығымен ақталмағанын көрсетіп отыр.
Шын мәнінде бұл көрсеткіш бар болғаны бір, бір жарым триллион теңге көлемінде ғана болып отыр. Бұл – күткен кірістің жартысы ғана. Демек, мемлекет жарты қадам жасағандай әсер қалдырады. Сарапшының сөзімен айтсақ, біз толық реформа жасаудың орнына, «жарты қадаммен ғана шектелдік».
Сенім болған...
Заңның әлсіз тұстары көп. Мәселен, еліміздегі ең ірі кіріс көзі – корпорациялар. Бұрын олар табыс салығын 20 пайызбен төлесе, енді ол 25 пайызға ғана көтерілді. Бұл – аз ғана өзгеріс. Егер бұл салық мөлшері 30 пайызға көтерілгенде, бюджетке түсетін кіріс көлемі 2,5-3 триллион теңгеге дейін жетуі мүмкін еді.
Тағы бір маңызды тұс – жеке табыс салығы. Қазір ол 15 пайыз мөлшерінде белгіленген. Алайда сарапшылар бұл салықты тек 3-4 пайыз азаматтар ғана төлеп жатқанын айтып отыр. Оның өзінде де кейбіреулер заңның айналасын таба біледі. Ал бұл салық негізінен жергілікті бюджеттердің табыс көзі екенін ескерсек, өңірлік теңсіздік одан әрі тереңдеп отыр. Алматы, Астана, Атырау сияқты ірі қалалар қаржылай нығая түссе, кедей өңірлер бұрынғы күйінше артта қалып жатыр.
Бұл жағдай қоғамның екіге жарылуына – бай мен кедей арасындағы алшақтықтың артуына жол ашып отыр.
«Байлар байып, кедейлер кедейлене береді. Осылай жалғаса берсе, әлеуметтік әділетсіздік тереңдей түседі», – дейді сарапшы.
Жемқорлық деңгейіміз жоғары
Мұндай жағдай еліміздің халықаралық беделіне де кері әсерін тигізіп отыр. Мәселен, «Amnesty International» атты халықаралық ұйым Қазақстанды жемқорлық деңгейі өте жоғары елдердің қатарына қосқан. Бұл – елдегі ірі компаниялардың салық төлеуден жалтару жолдарын тапқандығының бір айғағы.
– Бюджетке түсетін табыс жеткіліксіз болғандықтан, Үкімет тағы да Ұлттық қорға қол салуға мәжбүр. Бұрынғыдай «Ұлттық қордан ақша алмаймыз» деген уәде орындалмай қалды. Тек өткен жылы ғана Қордан 6 триллион теңге, яғни шамамен 12 миллиард доллар жұмсалған. Бұл – болашаққа арналған қаржы қорының көз алдымызда таусылып бара жатқанын білдіреді. Бір кездері Қорда 78 миллиард доллар болған, қазір бұл көрсеткіш 58 миллиардқа дейін төмендеген, – деп алаңдайды сарапшы.
Осылайша, қазіргі салық реформасының берері шектеулі болып тұр. Бірақ үміт бар. Сарапшының пікірінше, алдағы 2026-2027 жылдары салық түсімдері артып жатпаса, мемлекет қайта өзгерістер енгізуге мәжбүр болады. Яғни, Салық кодексін тағы да жаңартып, байларға салынатын салықты арттыру қажет.