Жамбыл облысы Жуалы ауданында енесінің атынан рұқсатсыз несие рәсімдегені үшін сотталды. Бұл туралы Жамбыл соттары хабарлайды.
"Сотталушы Б. өз атына несие рәсімдей алмай, белгісіз адамнан қайын енесінің хабардар екеніне сендіріп, қайын енесінің атына (жәбірленушіге) несие рәсімдеуді сұраған. Сотталушы қайын енесінің телефонын алып, растау кодын хабарлап, алдап енесінің бет-әлпетін онлайн тексеруден өткен.
Осылайша, Б. 1,5 млн теңге көлемінде несие ресімдеп, оның 1,1 млн теңгесі жәбірленушінің шотына түскен. Сотталушы осы соманы өз шотына аударып, оларды өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
Жәбірленушінің өзі несие туралы ай сайынғы төлем пайда болғаннан кейін ғана білген.
Б.-ның кінәсі тараптардың айғақтарымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді", - делінген хабарламада.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Жәбірленуші азаматтық талап қоюды қанағаттандыруды және бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушы ҚК 190-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 1 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.