Қоғам

«Жәбірленуші болып қала беремін!»: Әділет Зейнел бұрынғы қайын жұртына жауап берді

«Жәбірленуші болып қала беремін!»: Әділет Зейнел бұрынғы қайын жұртына жауап берді

Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы Әділет Зейнел қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселеге қатысты алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Әділет Зейнелдің жұбайы қайтыс болғаннан кейін сегіз ай өткен соң қайта шаңырақ көтергені туралы ақпарат тараған еді. Осыдан кейін ол сұхбат беріп, қоғамда көтерілген бірқатар мәселеге қатысты өз ұстанымын түсіндірді.

Әділет Зейнелдің сөзінше, қайғылы оқиға болған күннен бастап барлық процеске өзі араласып, істі соңына дейін жеткізуді өзінің міндеті деп санайды.

«Мен жәбірленуші болып қаламын. Осының барлығын мен бастаған соң аяқтағым келеді. Барлық жерге өзім бардым. Қазақта "бастаған ісіңді аяқта" дейді. Ертең оны қалдырып кетсем де, хейттің екінші толқыны басталады. Бірақ мен адамдардың сөзі емес, Ұлдананың естелігі үшін аяқтауым керек», – деді ол.

Сонымен қатар Әділет Зейнел марқұм Ұлдананың отбасымен қазіргі қарым-қатынасы туралы да сөз қозғады. Оның айтуынша, ақпан айынан бері марқұмның жақындарымен арадағы байланыс үзілген.

«Наурыз айынан бастап арада түсініспеушілік туындады. Сәуірдің соңына дейін Ұлдананың анасы көлікке қатысты "алғашқы жарнасына өзің көмектестің, енді өзің айда" деді. Кейін әкесі мен ағасы көлікті қайтаруды талап етіп, маған бірнеше рет хабарласты. Сондай-ақ жәбірленуші мәртебесінен бас тартуымды сұрады», – деді Әділет Зейнел.

Еске салайық, Ұлдана Мырзуан мен реабилитолог-дәрігер Әділет Зейнел 2025 жылдың 30 қыркүйегінде шаңырақ көтерген. Оған дейін жұп сегіз жыл бойы кездесіп жүрген.

Барлық жаңалық