Жаңалықтар

Итін көлікке байлап жүрген алтайлық тұрғынға айыппұл салынды

Шығыс Қазақстан облысында итке қатыгездік танытқан азамат жауапқа тартылды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

 

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада Алтай қаласының тұрғыны өз итіне қиянат көрсетіп, оны автокөліктің қосалқы дөңгелегіне байлап алып жүргені анық көрінеді. Бұл жағдай көпшіліктің ашу-ызасын туғызды.

 

Жүргізуші өз әрекетін ақтап, жануардың көліктен түскісі келмей, қарсылық көрсеткенін айтып түсіндірмек болды. Алайда мұндай уәж құқық қорғаушыларды да, жұртшылықты да қанағаттандырмады.

 

«Полиция қызметкерлері бейнежазбадағы жүргізушінің жеке басын анықтады. Ол – Алтай қаласының 49 жастағы тұрғыны. Жануарға қатыгездік көрсеткені үшін оған әкімшілік іс қозғалды. Учаскелік инспектор иттің жағдайын тексеріп, иесімен алдын алу әңгімесін жүргізді. Азаматқа жануарларды тасымалдаудың заңды талаптары және заң бұзғаны үшін қарастырылған жауапкершілік түсіндірілді», – делінген ШҚО Полиция департаментінің хабарламасында.

 

Нәтижесінде тұрғынға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 78 640 теңге айыппұл салынды.

Барлық жаңалық