Қоғам

Ирандағы соғыс ұзаққа созылуы мүмкін: Талғат Қалиев АҚШ пен Израиль шабуылына қатысты пікір білдірді

Ирандағы соғыс ұзаққа созылуы мүмкін: Талғат Қалиев АҚШ пен Израиль шабуылына қатысты пікір білдірді

Саясаттанушы Талғат Қалиев АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған әскери шабуылының алдағы салдары туралы болжам жасады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты. 

Женевадағы келіссөздерге қарамастан басталған бұл операция ел ішіндегі жағдайды ушықтырып, ұзаққа созылатын қақтығысқа әкелуі мүмкін.

Таңертең Иран аумағына ауқымды әуе соққылары жасалып, президенттік кешен мен Ислам революциясы сақшылары корпусының базалары нысанаға алынды. Израиль бұл операцияны «Йехуда қалқаны» деп атаса, Пентагон оған «Эпикалық қаһар» деген құпия атау берген. Шабуыл барысында әскери құрылымның көптеген қолбасшысы көз жұмып, Иранның жоғарғы көшбасшысы Аятолла Хаменеи қауіпсіз жерге көшірілді.

Шабуыл басталған тұста Дональд Трамп жергілікті ереуілшілерді билікті қолға алуға шақырып, әскерилерден қаруларын тапсыруды талап етті. Талғат Қалиев жыл басынан бері күтілген бұл әскери қимылдар елдегі саяси жағдайды одан әрі күрделендіретінін жеткізді. Ол билік режимінің мықтылығын және нақты саяси бағдарламасы бар оппозицияның жоқтығын ескеру қажеттігін атап өтті. Сарапшының пайымдауынша, бұл жағдай қарулы қарсылықтың күшейіп, әскери науқанның ұзаққа созылуына немесе халықтың этникалық топтарға бөлініп, көршілес мемлекеттердің араласуымен хаосқа ұласуына әкеп соғуы ықтимал.

Иран билігі бұл шабуылдарға жауап ретінде Израильге қарай баллистикалық зымырандармен кемінде үш рет соққы жасады. Сыртқы істер министрлігі бұл әрекеттерді айыптап мәлімдеме жасаса, Ішкі істер министрлігі барлық аймақтарға тиісті тапсырмалар беріп үлгерген.

«Яғни, ирандық билік сасқалақтаған жоқ және бұл сценарий дамыған кезде қолданатын іс-қимыл жоспары болған сыңайлы», - деп жазды сарапшы.

Еске сала кетейік, Тегеранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздер нәтижесіз аяқталғаннан кейін Америка Құрама Штаттары мен Израиль алдын ала жоспарланған әуе соққыларына кіріскен болатын. Бұл ретте Дональд Трамп пен Биньямин Нетаньяху арнайы бейнеүндеу жариялады, ал Иран тарапы қазіргі уақытта қарым-қатынас ретінде қарсы соққылар жасап жатыр.

Барлық жаңалық