💰 Экономика

Инвестиция қайда барады? Вибке Шлёмер Қазақстандағы жаңа бағыттарды атады

Қазақстан – Орталық Азиядағы ең әлеуетті нарықтардың бірі. Ел экономикасын әртараптандыру, инфрақұрылым мен жеке секторды дамыту бағытындағы бастамалар шетелдік инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) Дүниежүзілік банк тобының құрамындағы ең ірі даму институты  бізге 2,6 млрд доллардан астам инвестиция салып, бірқатар стратегиялық жобаларды іске асыруға атсалысты. IFC-ның Түркия және Орталық Азия бойынша директоры Вибке Шлёмер бізге берген сұхбатында еліміздегі басым салалар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің рөлі, Транскаспий дәлізі мен банк секторындағы мүмкіндіктер жайында баяндап берді, деп сараптайды Ozgeris.info.

– IFC ұйымы Қазақстанда көптеген жылдар бойы жұмыс істеп келеді. Қаржы секторынан бастап инфрақұрылымға дейінгі әртүрлі салаларда қолдау көрсетіп жүр. Осы ұзақ мерзімді әріптестік аясында IFC-ның еліміздегі маңызды жетістіктері қандай?

– Қазақстанда IFC жалпы сомасы 2,6 миллиард доллардан асатын 60-тан астам жобаға инвестиция салып, қаржылық қолдау ғана емес, кеңес беру қызметтерін де ұсынып келеді. Сол жобалардың ішіндегі ең ауқымдыларының бірі – Алматы халықаралық әуежайын кеңейтуге бағытталған 222 миллион доллар көлеміндегі қаржыландыру. Сонымен қатар IFC жергілікті қаржы ұйымдарымен бірлесіп, шағын және микробизнеске қолдау көрсету мақсатында серіктестік орнатты.

Алматы әуежайының кеңею жобасы – Қазақстан инфрақұрылымына жекеменшік инвестиция тартудағы маңызды кезең болды. Аймақтағы ірі инвестициялар көбінесе пайдалы қазбаларды игеруге бағытталса, бұл жоба еліміздегі және Орталық Азия өңіріндегі маңызды көлік инфрақұрылымын жаңғырту мен кеңейтуге басымдық берді. Қазірдің өзінде жаңартылған әуежай айтарлықтай нәтиже көрсетіп отыр: жолаушылар саны мен жүк айналымы артты, операциялық тиімділік жақсарды және елдің көлік қатынасы анағұрлым қолжетімді бола түсті.

Тағы бір айрықша жобаның бірі – БАКАД (Үлкен Алматы айналма автожолы). Бұл – Қазақстандағы ең ірі әрі ең күрделі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) жобасы. Жоба Испания, Франция, Италия, Венгрия, Түркия, Қытай және Оңтүстік Корея секілді елдердің ірі компанияларының қызығушылығын тудырды.

IFC осы МЖӘ жобасын құрылымдауда жетекші кеңесші ретінде жұмыс істеді. Біз ашық халықаралық конкурс өткізуге көмектесіп, жеңімпаз атанған түрік-корей консорциумымен Қазақстан үкіметі арасында келісім жасалғанға дейінгі келіссөздерге жетекшілік еттік. Бұл жоба – сапалы дайындық, тиімді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен халықаралық үздік тәжірибелерді ұстанудың нақты үлгісі.

– Шлёмер ханым, еліміз үшін болашағы зор қай салалар деп есептейсіз?

– Біздің ойымызша, Қазақстанда ұзақ мерзімді даму үшін үлкен әлеует бар. Елдің ұлттық даму жоспары мен экономиканы әртараптандыру стратегиясы жаңа инвестициялық мүмкіндіктердің негізін қалайды. Әсіресе, Қазақстан арнайы экономикалық аймақтар құрып, Еуропа мен Азия арасындағы сауда дәліздерін нығайтып жатқаны өте маңызды қадам.

Елдің Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасуы – оны Еуропа мен Азияның жетекші экономикаларын байланыстыратын маңызды транзиттік хабқа айналдырады. Бұл көлік-логистика саласына, саудамен байланысты бағыттарға, соның ішінде агроөнім экспортын ұлғайтуға жол ашады.

Ауыл шаруашылығы – әлі де еліміз үшін маңызды сала. Бұл сектор шалғай аймақтарда жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі астық өндіруші мемлекет, және өндірілетін астықтың жартысына жуығын шетелге экспорттайды.

Энергетика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, өндіріс және қызмет көрсету салалары табиғи ресурстарға тәуелділікті азайтуға және экономиканы әртараптандыруға көмектеседі. Бұл салалар сонымен қатар тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Осы орайда атап өткім келетіні  Дүниежүзілік банк тобы соңғы уақытта жұмыс орындарын құруға ерекше назар аударып отыр. Біз капиталды жергілікті компаниялар мен экономикада жұмыс орнын қалыптастыру әлеуеті жоғары салаларға тартуға күш салып келеміз.

Сондықтан жұмыссыздық деңгейі 4,6% болатын Қазақстанда біз осы стратегия аясында инфрақұрылымды дамытуға (әуежайлар, порттар, теміржол жобалары), энергетика мен агробизнеске қолдау көрсетуге басымдық беріп отырмыз. Бұл бағыттар  жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін негізгі салалар. Сонымен қатар өндіріс пен қызмет көрсету секторларында да бұл әсіресе өзекті.

– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) ел экономикасын дамытуда қандай рөл атқара алады және бұл тетік Қазақстанда тиімді жұмыс істеуі үшін не істеу қажет?

– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) Қазақстанның алдында тұрған маңызды міндеттерді шешуде маңызды рөл атқара алады және түрлі салаларда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл тетік өз тиімділігін әлемнің көптеген елдерінде дәлелдеген.

Қазақстанда халықтың өмір сапасын жақсарту үшін жол сапасын арттыру, өңірлерде таза ауызсумен қамту және заманауи медициналық қызметтерді дамыту бағытындағы инвестицияларды жалғастыру қажет. Бұл салалар ауқымды қаржыны талап етеді және мұндай көлемдегі шығындарды мемлекеттік бюджет өздігінен көтере бермейді.

Осы орайда, дұрыс құрылымдалған МЖӘ жобалары – бюджетке түсетін қаржылық ауыртпалықты азайтудың тиімді жолы. Мұндай жобалар жекеменшік капиталды инфрақұрылым салаларына тартуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, жеке сектор тек қаржы ғана емес, инновациялар, тиімді басқару тәжірибесі мен операциялық біліктілікті де әкеледі. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін едәуір арттырады.

IFC дамушы елдер үкіметтеріне әртүрлі салалардағы МЖӘ жобаларын әзірлеу мен құрылымдауда қолдау көрсетіп келеді. Соңғы жиырма жылда IFC МЖӘ арқылы 67 миллиард доллар көлемінде инвестицияны жұмылдырып, миллиондаған адам үшін инфрақұрылым мен қызмет сапасын жақсартуға ықпал етті.

Қазақстан IFC-ның жаһандық тәжірибесіне сүйене отырып, Сауд Арабиясы, Бразилия және Үндістан сынды елдердің үздік үлгілерін қолдана алады. Бұл мемлекеттер МЖӘ механизмін түрлі салаларда сәтті жүзеге асырып, инфрақұрылым мен әлеуметтік қызметтерді жақсартуға қол жеткізді. Қазақстан да осы жолмен жүріп, экономика мен халықтың өмір сапасын арттыра алады.

– Елдің қазіргі қажеттіліктері мен даму мақсаттарын ескере отырып, Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) арқылы табысты жүзеге асыруға болатын басым жобаларды атай аласыз ба?

– Қазақстанда ұлттық басымдықтарға сәйкес келетін және МЖӘ тетігін тиімді пайдалануға болатын бірқатар маңызды жобалар бар. Солардың ішінде ең өзектілерінің бірі – сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымын жаңғырту мен кеңейту. Қазіргі таңда бұл бағытта Үкімет “Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Дүниежүзілік банк пен IFC Қазақстанда сумен қамту және санитария саласын дамытуға арналған арнайы Жол картасын бірлесіп әзірледі. Бұл құжат нақты қадамдар мен іс-шараларды қамтиды. IFC өзінің МЖӘ құрылымдау және жобалау саласындағы тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстанның бірнеше қаласын қамтитын пилоттық МЖӘ жобасын іске қосуға дайын. Бұл жоба еліміз бойынша сумен жабдықтау қызметтерінің сапасын арттыру мен инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталады.

Көлік инфрақұрылымы – тағы бір маңызды бағыт. Қазақстанның географиялық тұрғыдан стратегиялық орналасуы елді Еуропа мен Азияны байланыстыратын негізгі транзиттік хабқа айналдырады. Сондықтан жол және теміржол желілерін, әуежайлар мен логистикалық хабтарды жетілдіру өңірлік байланыс пен экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін аса қажет.

Бұған қоса, энергетика, денсаулық сақтау және басқа да салаларда да МЖӘ-нің мүмкіндіктері жоғары. Бұл модель арқылы Қазақстан жеке инвестицияларды тартып, қызмет сапасын арттырып, даму стратегияларында белгіленген мақсаттарға жетуге мүмкіндік алады.МЖӘ моделі – бюджетке түсетін жүктемені азайтып, жеке сектордың тәжірибесі мен ресурсын тиімді пайдалану арқылы елге ұзақ мерзімді пайда әкелетін құрал. Қазақстан қазіргі кезеңде дәл осы бағытта нақты нәтижелерге жете алады.

– Қазақстан IFC үшін несімен тартымды?

– Сіздер қазір өз экономикасын әртараптандыру жолына түстіңіздер. Ел дәстүрлі шикізаттық тәуелділіктен алыстап, өңдеуші өнеркәсіп, инфрақұрылым және қызмет көрсету сияқты шикізаттық емес секторларды дамытуды қолға алды. Бұл өз кезегінде IFC үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктердің көкжиегін ашады. Сол себепті IFC-ның Қазақстандағы стратегиясы дәл осы жеке секторды дамытуға бағытталған.

Біз Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) болашағынан үлкен үміт күтеміз. Бұл стратегиялық маңызды сауда дәлізі 2030 жылға қарай жүк тасымалын үш есеге дейін арттырып, жылына 11 миллион тоннаға жеткізе алады. Сонымен қатар транзит уақыты да айтарлықтай қысқарады. Бұл бағыттағы басты жобалардың бірі Алматыны айналып өтетін теміржол салу. Бұл жол Алматы қаласының жүктемесін 40%-ға дейін азайтып, жүк жеткізу жылдамдығын арттыруға сеп болмақ.

Сонымен қатар, IFC Қазақстанда банк секторын тұрақтандыру мен әртараптандыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұл микро және шағын бизнеске арналған қаржыландыру көлемін ұлғайту, сондай-ақ банк ісі мен корпоративтік басқарудағы озық тәжірибелерді енгізуді қамтиды.

Қазақстанның экономикалық тұрақтылығы мен сенімді макроэкономикалық көрсеткіштері елді ұзақ мерзімді жеке инвестициялар үшін тартымды нарыққа айналдырады. Алайда бұл әлеуетті іске асыру үшін халықаралық талаптарға сай құрылымдалған, экологиялық және әлеуметтік тұрғыда тұрақты жобалар қажет. IFC осы тұрғыда жобаларды дұрыс құрылымдауға, тәуекелдерді азайтуға және халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге көмектесе алады.

 

Барлық жаңалық