💰 Экономика

Халықтың 97 пайыз ақшасы қарызда жүр

Қазақстандықтардың қарызға тәуелділігі күннен-күнге артып барады. Ұлттық банктің соңғы деректеріне қарасақ, елдегі кредит көлемі қазір 45,7 трлн теңгеге жеткен. Демек, айналымдағы бүкіл ақшаның 97 пайызы қарыз түрінде жүр. Жалпы ақша массасы 47,2 трлн болса, соның басым бөлігі банктер мен қаржы ұйымдары берген несие, деп жазады Ozgeris.info.

Бір жыл ішінде отандастарымыздың қарызы 22,7%-ға өскен. Тіпті маусым айының өзінде несие көлемі 1,2 трлн теңгеге артқан. Банктер ай сайын орта есеппен 841 млрд теңгеге жаңа қарыз беріп отыр. Ал микроқаржы ұйымдары мен «Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымдары да қарап жатқан жоқ: олар берген қарыз көлемі 6,8 трлн теңгеге жетті.

Егер бағыттарына бөлсек, бизнес те, халық та несие алуға тәуелді. Кәсіпкерлерге берілген қарыз 21,1 трлн теңгеге жетсе, қарапайым азаматтардың қарызы 24,5 трлн теңгеге көтерілген. Яғни халық тұрмыстық шығындарын да қарыз арқылы жауып отыр деген сөз.

Кредиттің дені теңгемен рәсімделуде – жалпы көлемнің 90 пайыздан астамы ұлттық валютада. Шетел валютасындағы несие үлесі небәрі 10 пайызға жетпейді.

Қаржыгерлер қауымдастығы да дабыл қағып отыр. Олардың есебінше, биылғы бірінші жартыжылдықта берілген жаңа несиелердің көлемі 14,4%-ға өскен. Өткен жылы бұл көрсеткіш екі есеге жуық жоғары еді. Демек, халық қарызға батып бара жатса да, экономикадағы өсім сол несие есебінен болып отыр.

 

Барлық жаңалық