Қоғам

Халық табысының жартысы қайда кетеді?

2025 жылдың алғашқы тоқсанында қазақстандықтардың орташа табысы мен шығыны 10%-ға өсті. Бірақ бұл көрсеткіштер елдегі тұрмыс деңгейі шын мәнінде жақсарды дегенді білдірмейді. Себебі инфляция деңгейі – 9,4%. Яғни, халықтың ақшасы өскенімен, оның шынайы құны өзгерген жоқ, деп жазады Ozgeris.info.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, қазір ел тұрғындарының орташа айлық табысы 350 мың теңгеден асқан. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 10,1%-ға артық. 

Аймақтар бойынша табыс деңгейінде үлкен айырмашылық бар. Мәселен, Астана тұрғындарының орташа табысы 494 мың теңге, ал Түркістан облысында бұл көрсеткіш 223 мың теңге ғана. Яғни, елордалықтар оңтүстіктегі азаматтарға қарағанда екі есе көп табыс табады. Бірақ шығын жағынан да үлкен айырма бар: ең жоғары шығын Алматыда  403 мың теңге, ал ең төменгісі Түркістанда  219 мың теңге.

Halyk Finance сарапшылары қазақстандықтардың бес жыл қатарынан табысының тең жартысын азық-түлікке жұмсап келе жатқанын айтады. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 50,6%-ды құраған. Салыстыру үшін айта кетейік, дамыған елдерде бұл үлес 10-15%-дан аспайды.

Экономикада мұндай жағдай «Энгель заңының бұзылуы» деп аталады. Бұл заңға сәйкес, адамның табысы өскен сайын азық-түлікке кететін шығын азаюы керек. Алайда Қазақстанда керісінше болып отыр: табыс артқанымен, халық азық-түлікке одан да көп қаражат жұмсап жатыр.

Неге бұлай болып жатыр? Бірінші себеп – инфляция. Табыстың өсуі нақты табысқа айнала алмай тұр. Халықтың ақшасы көп көрінгенімен, сатып алу қабілеті бұрынғы деңгейде қалып отыр.

Екінші себеп – азық-түлік импортына тәуелділік. 2024 жылы Қазақстан 6,8 млрд доллардың азық-түлігін шетелден сатып алған. Бұл ішкі нарықтағы бағаның өсуіне тікелей әсер етті.

Үшінші фактор – қызмет көрсету саласының дамымауы. Мысалы, дамыған елдерде отбасылық бюджет медициналық қызметтерге, білімге көбірек жұмсалады. Ал Қазақстанда мұндай шығындар аз, соның салдарынан азық-түлік негізгі шығынға айналып отыр.

Барлық жаңалық