Қазақстанда алғаш рет биткоинға негізделген қаржы құралы ресми түрде саудаға шықты. Бұл туралы қаржы сарапшысы Айбар Олжаев мәлімдеді. Оның айтуынша, елде биткоинды ETF ноталары түрінде нарыққа шығару басталып кеткен, деп жазады Ozgeris.info.
Сарапшы бұл жаңалықтың маңызын түсіндіріп:
«ETF котировкалар жиынтығы болғандықтан, бәрімізге биткоинның өсуінен заңды табыс алуға мүмкіндік туып отыр. Бұған дейін көп адам криптамен айналысамын деп алаяқтарға ұрынған болатын. Сол үшін тек қана Астана халықаралық қаржы орталығы лицензиялаған биржалармен жұмыс істеңіздер», дейді.
Жаңа қаржы құралы «spot Bitcoin ETF» деп аталады және ол қазірдің өзінде AIX биржасында сатылымға түсті. Айбар Олжаевтың айтуынша, оны Tabys қосымшасы арқылы оңай алуға болады. Нотаның бағасы тікелей биткоин құнына байланысты: егер биткоин қымбаттаса нота да қымбаттайды, арзандаса арзандайды.
Сарапшының сөзінше, мұнда ең маңыздысы бүкіл жұмысты арнайы қор атқарады. Ал биткоинның өзі АҚШ-та арнайы орында, интернетке қосылмаған жабық жүйеде сақталады.
«Бастысы, нотаның иесі боласыз. Енді биткоинге инвестиция жасау үшін блокчейнді түсініп, криптобиржалармен жұмыс істеудің қажеті жоқ», дейді ол.
Бұл жаңалық еліміз үшін үлкен қадам болғалы тұр. Біріншіден, мұндай биржа Орталық Азияда алғаш рет Қазақстанда ашылып отыр. Екіншіден, ол инвесторларға ыңғайлы. Әсіресе криптовалютаға қызығатын, бірақ оны тікелей сатып алудан қауіптенетін немесе техникалық жағынан түсінбейтіндерге бұл – үлкен мүмкіндік.