Қазақстанда банктер мен микроқаржы ұйымдары несие беру ережелерін қатаңдата бастайды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) жаңа қаулы қабылдап отыр, деп жазады Ozgeris.info.
Енді ереже бойынша, егер адамның айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болса, ол несие ала алмайды. Сондай-ақ, егер оның бар қарызы ай сайынғы табысының 50%-ынан асып кетсе, банктер жаңа қарыз бермейді.
Қарызын уақытында төлемейтіндерге де шектеу қойылады. Мысалы, банктен алған несиеңізді 30 күннен артық, ал микроқаржылық қарызыңызды 1 күннен артық кешіктірсеңіз, жаңа несие рәсімдей алмайсыз. Соңғы үш жылда қарызы кешірілген адамдарға да несие алу қиындайды. Сонымен қатар кепілсіз тұтынушылық несиелердің мерзімі енді 5 жылдан аспауы тиіс.
Егер қарыз алушы соңғы бір жылда қарызын қайта құрылымдап, бірақ 6 ай ішінде төлемі 5%-ға азаймаса немесе жыл ішінде екі реттен артық қайта құрылымдау жасаса, оған да несие берілмейді. Бұған қоса, сыйақы мөлшері негізгі қарыздың 20%-ынан асып кетсе немесе бұрынғы қарыз жаңа несие арқылы жабылса, банктер қарыз беруден бас тартады.
Ең қатаң талап соңғы бір жылда қарызын 90 күннен астам кешіктіргендерге қатысты. Мұндай азаматтардың ай сайынғы табысының тек 25%-ына дейін ғана несие төлеміне жұмсауға рұқсат етіледі. Яғни табыстың төрттен бірі ғана қарыз өтеуге кетуі мүмкін, одан артық қарыз алуға болмайды.
ҚНРДА дерегінше, қазір микроқаржы ұйымдарының портфелінің төрттен бірі мерзімі өткен қарыздардан тұрады. Ал қазақстандықтардың жалпы несие көлемі 24 трлн теңгеден асып кеткен. Жаңа талаптар ең алдымен тәуекелі жоғары қарыз алушыларға бағытталған.