🌐 Әлем

Енді 46 елден қылмыстық іске дәлел сұраймыз

Қазақстан қылмыстық істерді тергеу кезінде шетелден дәлел алуда мүмкіндігін кеңейтті. Бас прокуратураның мәліметінше, енді еліміз 46 еуропалық мемлекеттен ресми түрде ақпарат пен айғақ сұрата алады, деп жазады Ozgeris.info. 

Бұл қадам маусым айында жасалған. Еуропа Кеңесінің Министрлер комитеті Қазақстанның Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы конвенцияға қосылу өтінішін бірауыздан қолдады. Қарапайым тілмен айтқанда, енді тергеушілеріміз Еуропадағы әріптестерінен қажетті құжаттар мен деректерді заңды жолмен ала алады.

Биыл Қайтарылған активтер жөніндегі комитет те бос отырған жоқ.  Елге 354 миллиард теңгеден астам қаржы қайтарылды. Бұл ақшаға 400-ден аса әлеуметтік нысан, яғни, мектептер, ауруханалар және басқа да маңызды ғимараттар салынады.

Сонымен бірге халықаралық деңгейде бірнеше маңызды құжат бекітілді. Катармен экстрадиция және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек, ал Кипрмен сотталған адамдарды беру туралы келісім күшіне енді.

Мамандардың айтуынша, мұндай қадамдар шетелде жасырылған активтерді қайтару ісін жеделдетіп, халықаралық қылмыстармен күресті күшейтеді.

 

 

Барлық жаңалық