Танымал әнші Димаш Құдайберген қысқы Олимпиада ойындарында алтын жүлде иеленген мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровты жеңісімен құттықтап, оған көлік сыйлайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Өнер иесі Instagram парақшасында жариялаған арнайы видеоүндеуінде спортшының жеңісін үлкен мерекеге балады. Димаш өз сөзінде Михаилдің өнері дүйім жұртқа шабыт сыйлағанын және оның марқұм Денис Теннің жолын лайықты жалғастырғанын ерекше атап өтті.
«Мишабай, бауырым! Олимпиада алтыны құтты болсын! Мұз үстіндегі қимылың, өнерің дүйім жұртқа шабыт, рух сыйлаған үлкен азаматқа айналдың. Еліміздің саңлағы, менің досым, өзіңнің ағаң, өкінішке орай, халқымыздың маңдайына сыймай кеткен асыл перзенті Денисімізді жоқтатпадың. Ағаңның, халқымыздың алдыңдағы борышыңды жоғары деңгейде өтедің», – деді әнші.
Сонымен қатар әнші спортшының жарыста өзінің орындауындағы әнді таңдағанына ризашылығын білдірді. Құттықтау соңында Димаш чемпионға темір тұлпар мінгізетінін айтты.
«Қуантып қойдың, көп рахмет! Осы орайда саған темір тұлпар сыйлаймын. Аз да болса, көптей көр. Машина менің мойнымда», – деп уәде берді Димаш Құдайберген.
Олимпиада чемпионына басқа да бағалы сыйлықтар ұсынылуда. Мәселен, «Ulytau Group» құрылыс компаниясы Михаил Шайдоровқа үш бөлмелі пәтер сыйлауға ниетті екенін жеткізсе, кәсіпкер Арсен Томский Threads желісінде чемпионның әкесіне ұлының жетістігіне қосқан үлесі үшін Audi Q8 автокөлігін сыйлайтынын хабарлады.
Еске салайық, Михаил Шайдоров қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль жеңіп алып, тарихи нәтиже көрсеткен еді. Мемлекет басшысы спортшыны жеңісімен құттықтап, оны II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдаған болатын.