Парламент депутаттары каникулға кетті. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясының жұмысын қорытындылады. Енді депутаттар ел аралап, ауыл-аймаққа барады. Қошанов қорытындысында қандай заңдар қабылданғанын, не атқарылғанын айтты. 3 бірлескен отырыс, 39 пленарлық отырыс өтіп, 158 заң жобасы қаралып, 89 заң қабылданған екен. Жалпы ел халқын үлкен өзгерістер күтіп тұр. Депутаттар осы жұмыс барысында үкіметті көптеген сұрақтар бойынша сынға алған. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.
Полиция жазалаушы емес, мемлекет пен қоғам арасындағы дәнекер
Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау құрылымдарымен кеңейтілген жиын өткізді. Кездесу барысында ол құқық қорғау жүйесін реформалау қажеттігін нақты әрі қатаң түрде атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, басты бағыт азаматтармен өзара сыйластыққа, сенімге және кәсібилікке негізделген жаңа қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру болуы тиіс.
«Полиция мен басқа да құрылымдар билік пен қоғам арасындағы байланыстырушы буынға айналуы қажет. Мемлекет пен азамат біртұтас»,- деді Президент.
Мемлекет басшысы артық бюрократиядан арылуды талап етті және полицияның әрекеттері қоғамның әділетке деген сеніміне тікелей әсер ететінін атап өтті. Ол құқық қорғау органдарының жұмысын толық талдап, әлсіз тұстарын анықтауға бір апта уақыт берді.
Ауылдық жерлердегі учаскелік инспекторлардың қызметі де ерекше назарда. Президент оларды «әділеттің соңғы инстанциясы» деп атап, оларға бір жарым жылдық еңбек өтілі үшін жеңілдікті есеп жүргізуді ұсынды. Әкімдерге учаскелік полицейлерді баспанамен және техникамен қамтамасыз ету тапсырылды.
Сонымен қатар, Президент патрульдік қызметтің сыпайы, бірақ кәсіби болуы тиіс екенін еске салды:
«Азаматтар полицияның заңды талаптарына бағынуға міндетті. Онсыз жолдарда тәртіп болмайды».
Маңызды қадамдардың бірі полицияның сервистік модельге көшуі болмақ. Мұндағы басты өлшем формалды есеп емес, азаматтардың қауіпсіздігі мен сенімі.
«Билік пен қоғам арасындағы көпір қорқыныш арқылы емес, құрмет арқылы салынуы керек»,-деді Президент.
Құқықтық мәдениетті мектеп қабырғасынан қалыптастыру қажет, өйткені құқық қорғау органдарына келетін адамдар сол қоғамның өкілдері. Ал олардың құндылықтары бала кезден қалыптасады. Осыған байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы заң жобасы аса маңызды болып тұр. Мемлекет басшысы оны жыл соңына дейін қабылдауды тапсырды.
Заңнан тыс жұмысқа тартылған ұстаздар: кім жауапты?
Оқу-ағарту министрлігі мен Еңбек министрлігінің тікелей тыйымына қарамастан, қазақстандық мұғалімдер әлі де өздеріне тән емес жұмыстарға тартылып жүр. Шырша орнатудан бастап көше патрульдеуіне дейін. Бұл заңға қайшы әрі қауіпті.
Костанай облысында болған оқиға қоғамның есінде. Мұғалімді кешкі рейд кезінде 9-сынып оқушысы мотоциклмен қағып кеткен. Бұл моральдық қысымнан бөлек, өмірге қауіп төндіретін жағдай.
«Мұғалімдер өздерін құрметтеп, өздеріне тән емес тапсырмаларды орындаудан бас тартпайынша, бұл мәселе жалғаса береді»,-дейді Ирина Смирнова.
Кәсіподақ та шын мәнінде жұмыс істеуі керек
Еске салайық, Семейде Қуат Айтқалиев есімді мұғалім жаңа жылдық шырша орнату кезінде ауыр бас сүйек-ми жарақатын алып, жансақтау бөліміне түскен болатын. Содан кейін білім бөлімі басшысы қызметінен босатылды, ал министрлік педагог мәртебесі туралы заңға сәйкес, мұғалімді өзіне тән емес жұмыстарға тартуға тыйым салынғанын еске салды.
Жауапкершілік тек министрліктерге ғана емес, мектеп директорлары мен білім бөлімдерінің басшыларына да жүктеледі, себебі бұйрық солардан шығады.
Павлодардағы жантүршігерлік жағдай
Павлодардағы балабақшалардың біріндегі бейнебақылау камерасынан алынған кадрларда тәрбиешінің балаларға дөрекілік танытып, шашынан сүйреп, итеріп, киімдерін жұлқып жатқан сәті көрінеді. Балалардың жасы екіден енді асқан. Кейбірі әлі сөйлей алмайды. Ересектердің ешқайсысы араласып, көмектеспеген.
«Мұндай адамға балалармен жұмыс істеуге жол беруге болмайды. Біз тек сенімділікті ғана емес, эмпатия деңгейін де тексеруіміз керек»,-дейді депутаттар.
БАҚ-тың хабарлауынша, әйел адам бұл балабақшада бір жыл жұмыс істеген, жалпы осы салада 10 жылдан астам уақыт еңбек етіп жүр екен. Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен Сауле Шәкенова бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, сараптама тағайындалғанын және отбасыларға психологиялық көмек ұсынылғанын хабарлады.
Мәселенің тамыры тереңде жатыр. Педагогтерді дайындау сапасының төмендігі. Педагогикалық жоғары оқу орындарына түсу үшін шекті баллды көтеріп, еңбекақыны өсіру қажет, әйтпесе бұл салаға үздіктер келмейді. Дегенмен, қандай жағдай болмасын:
«Егер балаларды жақсы көрмесең олармен жұмыс істеме. Бірақ балаларды ұруға ешқашан болмайды».
Бюджет күмән тудырады
Қазақстан Халық партиясының фракциясы 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы Үкімет есебін қолдамады. Негізгі себептер:
- Экономикалық мәселелер шешілмеген: бюджет тапшылығы, инфляцияның өсуі, мұнай бағасына тәуелділік.
- Мұнайға қатысы жоқ тапшылықты азайту жоспары орындалмаған, нысаналы 6% орнына, ол 8%-дан асты.
- Ұлттық қордан қаражатты шамадан тыс пайдалану бюджет кірістерінің 23%-ы трансферттермен жабылған.
- Мұнай компанияларынан түсетін түсімдер 748 млрд теңгеге немесе 16,4%-ға қысқарған.
Сондай-ақ Ұлттық қорға салық аударатын компаниялар саны 204-тен 24-ке дейін азайған. Қаражат уақытша бюджетке бағытталған, бұл шешімді депутаттар күмәнді деп бағалады.
«Экономика мен мұнай Ұлттық қор мен қарыз есебінен өмір сүріп отыр. Шынайы әртараптандыру қажет»,-деді депутаттар.
Олардың пікірінше, ЖІӨ-ні екі еселеу және өзге де стратегиялық мақсаттар қауіп астында.
Жаңа Салық кодексі: серпін бе, әлде тежеу ме?
Мәжіліс Сенаттың жаңа Салық кодексіне енгізген түзетулерін мақұлдап, құжатты Президентке қол қоюға жіберді. Егер Мемлекет басшысы қол қойса, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда салық салудың жаңа тәртібі күшіне енеді.
Негізгі өзгерістер:
• ҚҚС мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға көтеріледі;
• Жоғары табысты фермерлерге арналған прогрессивті салық;
• Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтитын бизнеске жеңілдіктер;
• Банктік карта арқылы төлем жасаған жағдайда ҚҚС-тан босату;
• Люкс салық енгізіледі.
«Бұл кодекс бизнесті дамытуға көмектеспейді. Онда кедергілер көп, олар бизнес тоқтауына әкелуі мүмкін»,-дейді депутаттар.
Атап айтқанда, салық жүктемесінің артуы мен есеп берудегі күрделілік алаңдатып отыр. Әсіресе шағын және орта бизнес үшін бұл қауіпті.
Грантқа оқыған студент жұмысқа тұруы керек
Депутаттардың маңызды ұсыныстарының бірі білім гранттарын міндетті өтеу тәртібін енгізу.
«Біз жоғары оқу орнын грантпен тәмамдаған түлектер өз мамандығы бойынша жұмыс істеуі тиіс деп санаймыз. Бұл бюджеттік қаражаттың тиімді жұмсалуы мен экономика үшін нақты кадрлық әлеует»,-деп түсіндірді депутаттар.
Сондай-ақ, депутаттар 30%, 50% немесе 70% секілді сараланған гранттар жүйесін енгізуді ұсынды. Бұл әсіресе 2025 жылы өзекті болмақ: мектепті 217 мың түлек аяқтайды, ал грант үлесі бар болғаны 30-40%-ды құрайды.
Кең ауқымды күн тәртібі: тұрғын үйден зоосаясатқа дейін
Депутаттар кең ауқымды мәселелерді де көтерді. Азық-түлік қауіпсіздігі, өнім сапасы, МӘМС жүйесінің ашықтығы, мектеп қауіпсіздігі, білім беру мен денсаулық сақтау реформасы, зейнетақы құқықтары және цифрландырудың қоғамға әсері. Олар бастамашы болған маңызды құжаттардың бірі-Тұрғын үй кодексі.
«Қазір бұл кодекс Үкімет тарапынан қолдау таппады. Бірақ біз жұмысты жалғастырамыз. Себебі бұл жалға алушылардың құқықтарын қорғау, ПИК қызметін реттеу, бау-бақша серіктестіктерінде тұрақты тұруға мүмкіндік беру. Әр азаматқа лайықты тұрғын үй бұл конституциялық құқық»,-дейді депутаттар.
Депутаттар жұмысын жалғастырып жатқан бастамалардың бірі І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға ел ішінде және шетелге сапар шегу кезінде сүйемелдеу қызметін енгізу. Қазірге дейін тек І топқа ғана рұқсат берілген.
Халық қалаулылары паралимпиадашылар үшін спортшылар-гид мәселесін де көтеріп отыр. Қоғам қолдап жатқанымен, Үкімет бұл ұсынысты теріске шығарып, үнсіз қалып отыр.
Сенімсіздік тудырған әділет жүйесі
Депутаттардың пікірінше, азаматтардан түсетін шағымдардың 80%-ы әділетсіз сот шешімдеріне қатысты.
«Адамдар соттың неге олай шешім шығарғанын түсінбейді. Оларға нақты түсіндіру керек. Сонда шағым азаяды»,-деді ІІМ жанындағы кеңес мүшесі болып табылатын депутат.
Одан бөлек бірқатар заңдар қабылданды. Онлайн жеңіл несиеге тыйым салынды, 24 сағаттық "ойлану мерзімі" енгізілді. Бұл дұрыс шешім дейді сарапшылар. Себебі көп адам тез шешім қабылдап, артынан зардап шегіп жүр. Жалпы несиеге қатысты заңдар, ережелер толықтырылып жатыр. Жастар жағы қазір займ дегенге кіріп кетті. Пайызы сұмдық. Рәсімдеуі тез.
«Түсінуімше қабылданған заң осындай олқылықтарды реттеуге арналған. Өзім займ дегенді алып көрмеппін, бірақ керексіз затқа займ алатындарды танимын. Бәрі жастар солардың», - дейді саясаттанушы Асхат Қасенғали.
Биыл Су кодексі де мақұлданды. Жыл сайын өзектілігі артып келе жатқан мәселе. Суы аз, өзенінің басым бөлігі бастауын басқа елден алатын мемлекетпіз. Көршілеріміз анда-санда су бермей қоятын әдеті бар. Суды үнемдеу қажет. Енді суды бірнеше қайтара өңдеп тұтыну іске асады дейді. Жаңбыр суын жинап, тамшылату әдісін көбірек қолданатын боламыз дейді. Еуропаның кей едерінде бар тәжірибе. Мысалы Аустрия мен Германияда бар.
Үш жылдық бюджет те қаралды. Бюджеттің 40 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалады. Мектеп, аурухана, стипендия, таза су, ауылды қолдау, жәрдемақы және басқа деген сияқты бағыттарға.
«Жалпы көптеген заң қабылданды. Бірсыпырасы осылар. Ауыздан авария болған депутаттар да болды, өзекті мәселені көтеріп, жақсы ұсыныстар, идеялар, мәлімдемелер жасаған депутаттар да болды. Енді бастысы қабылданған заңдардың орындалуы, оны халықтың сезінуі. Депутат деген халық пен билік арасындағы көпір болуы тиіс қой. Сондықтан да құр сөйлейтін емес, шынайы өзгеріс, іс үшін жұмыс істейтін, заңдарды пісіріп, әзірлеуге барын салатын депутаттар көп болсын», - деді маман.
Енді 1 шілдеден бастап депутаттар өңірлерге аттанады. Мақсат сайлаушылармен және еңбек ұжымдарымен кездесіп, мәселелерді талқылау, қабылданған заңдардың іске асырылуын бағалау және жаңа ұсыныстар жинау.