Қоғам

Депутат зейнеткерлерге несие беруге тыйым салуды ұсынды

Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақыны несие рәсімдеу кезінде азаматтың табыс көзі ретінде есептеуге тыйым салу қажет деп есептейді. Оның айтуынша, қазіргі жүйе зейнеткерлерді қаржылық тығырыққа тіреп отыр, деп жазады Ozeris.info.

«Сот орындаушылары зейнетақы мен жәрдемақының бәрін шешіп алып жүр. Бұл қаражат азаматтың күнделікті өміріне қажет ақша. Ол  кредит төлеу үшін емес, өмір сүру үшін бөлінген»,  деді депутат Мәжілістегі сөзінде.

Егер бұл ұсыныс қабылданса, зейнетақы мен жәрдемақы табыс көзі ретінде есептелмейді, нәтижесінде кейбір азаматтар несие рәсімдей алмай қалуы мүмкін. Бірақ депутаттың пайымдауынша, бұл – қажет әрі уақытылы қадам.

Стамбековтің сөзінше, Қазақстанда әлеуметтік жағынан осал 3,2 миллионнан астам адам бар. Бұл қатарға зейнеткерлер, мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар кіреді. Олар негізінен зейнетақы мен жәрдемақыға күн көріп отыр, сондықтан бұл қаражатқа қол сұғу әділетсіздік.

«Банктер, микроқаржы ұйымдары және ломбардтар несие беру кезінде адамның нақты төлем қабілетін бағаламайды. Зейнетақыны табыс көзі деп есептеп, несиені оңай бере салады. Кейін берешекті зейнетақыдан шешіп алып қояды. Осылайша, адамдар күнделікті өмір сүруіне қажетті жалғыз қаражатынан айырылады»,  деді ол.

Депутат нақты мысал да келтірді. Алматыда туғаннан мүгедек Жантөре Қожабергенов сот шешімімен “Сейф-Ломбард” пайдасына 15 млн теңге төлеуге міндеттелген. Қазір жекеменшік сот орындаушылары оның зейнетақысын толық тәркілеп отыр.

Осыған байланысты Ерлан Стамбеков Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне, Еңбек және Әділет министрліктеріне осы санаттағы азаматтарға несие беру мәселесін қайта қарап, терең талдау жасауды ұсынды.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда 2,5 миллионға жуық зейнеткер бар. Депутаттың бұл бастамасы қоғамда кең талқылауға негіз болары анық. Себебі қаржылық ұйымдар мен әлеуметтік саясат арасында тепе-теңдік табу – мемлекет үшін маңызды мәселе.

Барлық жаңалық