UFC-дің жартылай орта салмақтағы рейтингінде екінші орында тұрған Шон Брэди жуырда осы дивизиондағы қазақстандық жұлдыз Шавкат Рахмоновқа жекпе-жекке шығу туралы ұсыныс жасаған еді. Бірақ спортшы ол кезде Шавкаттың отбасындағы жағдай туралы естімеген болып шықты, деп хабарлайды 1bol.kz сайты.
BradyBagz атты подкастың соңғы шығарылымында Брэди қараша айында Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden аренасында «Номадпен» айқасуға дайын екенін мәлімдеген болатын. Бұл сөзін ол Instagram парақшасында да бөлісті. Алайда жазба астында бір қолданушы дәл қазір мұндай ұсыныстың орынсыз екенін ескертіп, Шавкаттың әйелі мен ұлы жақында жол апатына түскенін еске салды.
Оған жауап ретінде америкалық файтер:
«Біз бұл подкасты жексенбі күні таңертең жаздық. Бұл жағдай туралы мүлдем хабарым болған жоқ. Зардап шеккендердің бәрі үшін дұғадамын», – деп жазды.