Бутаковка — Алматы тұрғындары үшін еркіндіктің, шабыт пен тыныштықтың символы еді. Қала орталығынан небәрі 10 минуттық жерде орналасқан бұл шатқалдың табиғатына көз тоймайды. Мұздай тау суы, таза ауа, қалың шыршалы орман мен қарлы шыңдары көздің жауын алатын керемет көріністер. Бұл расымен де халықтың сүйікті орны болатын. Алайда бүгінгі Бутаковка мүлде басқа. Табиғаттың көркем жерін және халыққа тиесілі байлықты қалталылар иемденіп алған деген ақпарат әлеуметтік желіде тарап, халықтың арасында наразылық тудыруда. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.
Бұрын халыққа ортақ болған жер қазір элита өкілдерінің жеке меншігіне айналып барады. Бір кездері көпшілікке қолжетімді болған аймақтың аумағы биік дуалдармен қоршалып, қарапайым адамдар үшін жабық аймаққа айналған. Прокуратураның деректеріне сәйкес, 1997 жылы Бутаковкада 30 гектарға жуық жер жеке қосалқы шаруашылық үшін берілген, ал 2014 жылы ол Алматы қаласының аумағына қосылған. Көп ұзамай бұл жерлердің мәртебесі өзгеріп, саяжай аумағы емес, элиталық коттедждер салуға рұқсат берілген аймаққа айналды. 2022 жылы мәслихат депутаты Бақытжан Базарбек Медеу паркінің 20 пайызға жуығы ешқандай қоғамдық талқылаусыз құрылысқа берілгенін мәлімдеп, дабыл қаққан.
Сол дау әлі де жалғасын тауып отыр. Әлеуметтік желіде Бутаковкадағы ақ зәулім сарайдың видеосы тарап, қызу талқыға түсті. Instagram мен TikTok-та жарияланған видеодан ерекше күтім жасалатын аллеялар мен биік қоршаумен қоршалған үш қабатты ғимаратты көруге болады. Желі қолданушыларының кейбірі ақ сарай Тимур Құлыбаев, Нурали Әлиев, не Нұрлан Смағұловға тиесілі болуы мүмкін деген болжамдар жазып жатыр. Ал үйдің нақты иесі кім екені белгісіз.

2023 жылы Tengrinews порталы үйдің Асет Бейсеуов көшесінде, Мұзтау ықшамауданына жақын, бірақ Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағында орналасқанын жазды. Аталған ғимаратқа кіру мүмкін емес, тек ұлттық парктің бақылау-өткізу бекеті арқылы ғана шешіледі екен. Жер телімі – 96 сотық. Құжат жүзінде бұл жер ұлттық паркке кірмейді, әрі ол Forbes тізіміндегі белгілі кәсіпкерге тиесілі екені айтылған. Алайда аты-жөні жария етілмеген.
Мұндай ерекше қорғалатын жерде құрылыс жүргізуге кім рұқсат берген?
Саясаттанушы Ермұхамет Ертісбаевтың пікірінше, бұл заңбұзушылық қана емес, бұл табиғат пен қалаға қарсы жасалған қылмыс.
«Бұл Лондондағы Гайд паркін тартып алып, миллионерлердің жеке меншігіне айналдырғанмен тең. Бізге табиғатты жекеменшікке айналдыру қалыпты нәрсе сияқты көрсеткісі келеді. Бірақ бұл дұрыс емес. Жер, су мен ауа — барша халықтың ортақ байлығы. Оны ешкім иеленуге, халықтан бөліп алуға құқылы емес. Бутаковка шатқалын халыққа қайтарып, бұл масқараға жол бергендерді жауапқа тартуымыз керек. Табиғат еркін және халыққа тиесілі болуы тиіс», — дейді ол.
Видеоның астындағы пікірлер ашу мен наразылыққа толы.
https://www.tiktok.com/@naizanews/video/7490845240434232631«Бұл үй халықтың ақшасына салынғаны белгілі, демек, ол халықтікі».
«Ғимараты тозған балалар үйінен шығарып жатқан жетім балаларды осы жерге орналастырсын».
«ҚҚС 16%-ға өсірді, аударымдарға салық салып жатыр, мұнай-газ саласын дамыту керек, утильалым сұрағы да айтылып жатыр. Дәл осы табиғи қорықта салынғансарайға келгенде үнсіз қаламыз».
«Қызық, қанша ақша ұрланған екен? Қара халықтың көз жасы мен ақшасы кеткен шығар…»
«Қайың тоғайының ішіне де үй салып, күзет қойып алған…»
«Үйдің иесі қызық емес, мұндай құрылысқа кім рұқсат берді? Осыған жауап берсін».
«Таң қалатын түгі жоқ. Бізде капитализм ғой».
«Мұндай үйлерді тәркілеп, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға берсін. Олар да таза ауада өмір сүруге лайық».