Бүгінде полиция қызметкерлеріне деген қарым-қатынас өзгерді. Құқық қорғау саласының өкілдеріне деген халықтың сенімі төмендеп барады. Мысалы полиция қызметкерлерінің құмар ойын ойнап, жеңіл жүрісті қыздармен ұсталғандары, тіпті жемқорлықпен аты шыққан жағдайлар аз емес. Осындай оқиғаларды әлеуметтік желіден жиі оқитын болдық. Осы ретте сұрақ туындайды. Полиция қызметкерлерінің беделі расымен төмендеп кетті ме, әлде бұрыннан жалғасып келе жатқан дәстүр ма? Ozgeris.info тілшісі сарапшының пікіріне сүйеніп тақырыпты жалғастырады.
ІІМ-нің бұрынғы қызметкері, криминалист Рустем Баубек қазіргі жағдайға қарап, таңғалмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, бұрын полиция қызметкерлерінде «ар-ұят» басым болатын.
«Ондай нәрселер бұрын да болған шығар. Бірақ ол кезде ұят бірінші орында еді. Қазір көпшілігі іс-әрекеттерін ұялмай ашық істеп, тіпті қорықпайды. Бұрын ар-намыс деген түсінік бар еді. Мысалы, біреуді қорғаштау масқара болатын. Әріптестерің білсе, сенімен қол алыспай қоятын еді», - дейді ол.
Ол Іле ауданында болған бір жағдайды еске алады.
“Ақша алып бара жатқан көлік апатқа ұшырап, бәрі көз жұмған бір оқиға болды. Сол кезде қаза тапқандардың денелері мен бар ақша жол бойына шашылып қалды. Бір әріптесім, ақшадан аздап алайық деген кезде, бәріміз шошып кеттік. Тергеуші бірден тоқтатып, оны орынсыз сөйлегені үшін басып тастады. Содан кейін ол жігіт бәрінің алдында абыройынан айырылды. Ұяттан шыдай алмай, кейін жұмыстан кетіп тынды», - дейді ардагер.
Оның айтуынша, 2000 жылдардағы реформалар жүйені жақсартудың орнына, таныс-тамырлар арқылы лауазымға келетін сауатсыз жастарға жол ашты. Қазір “бай баласы”, “таныстың адамы” деген желеумен келген жастар көбейген.
«Менің заманымда бастық мықты, іскер адам болатын. Қазір жас бала тәжірибесіз болса да, жоғары жақтың адамы ретінде басшылыққа келеді. Ал жиырма жыл қызмет еткен ардагерлер құжаттарын алып, соған барады. Ол оларға айқайлап, бұйырып сөйлей алады. Өйткені лауазымы жоғары. Ал тәжірибелі адамдар зейнетке дейін шыдауға мәжбүр», — дейді ол.
Маманның айтуынша, кәсіби және моральдық деңгей төмендеп кеткен, тіпті жауапкершіліктен жұрдай болып барамыз.
«Қазір заңды білмейтін полиция қызметкерлері көп. Жақында маған Түркиядан келген азамат хабарласты. Автокөлігінің техникалық байқауын өткізіп үлгермей, патруль тоқтатыпты. 300 мың теңге айыппұл саламыз депті. Негізі ондай айыппұл жоқ. Олар: «70 мың берсең, жібереміз» деген. Мұндай әрекеттер тек адамның емес, тұтас мемлекеттің беделіне нұқсан келтіреді», - дейді маман.
Рүстем Баубек 2005 жылы қызметінен кеткен. Себебі ішкі өзгерістер мен шексіз реформалар арасында нақты нәтиже болмаған.
«Мен жас болсам да, бұған шыдай алмадым. Азаматтық салада жақсы жұмыс ұсынылғанда, ойланбастан кеттім. Себебі жүйе бұзыла бастады. Ал реформалар тек сөз жүзінде қалды», — дейді ол.
Ол полициядан кеткен соң заң саласында жұмыс істей бастаған. Ал оның жары да ІІМ академиясының түлегі болған. Сол кезде олар бір отбасыда екі полицейдің көп екенін түсініп, біреуі қызметтен кетуді жөн деп шешкен.
Бүгінгі жағдайға ол күрсініп қарайды. Себебі оған қызмет емес, сол кездердегі әріптестік рух, бір-біріне деген сыйластық қымбат болған.
«Бұрын әріптесіңе сенетінсің. Түн ортасында қоңырау шалса барасың, көмектесесің. Қазір ондай сенім жоғалып кетті. Қазір әркім өзін ғана ойлайды. Өкінішті, бірақ шындық», - дейді маман.
Оның айтуынша, полицейдің әрекеті мемлекеттің беделін білдіреді. Егер форма киген адам заңды білмей, пара сұрап, дөрекілік танытса, бүкіл саланың абыройына дақ түсті деген сөз.
«Бұрын полицияда қызмет ету үлкен абырой, жауапкершілік болатын. Ал қазір бұл қызмет билікке, ақшаға жол ашу құралына айналған сияқты. Ар-намыс ше? Ол ұмыт қалды», - деп қорытады ол.
Қорытындылай келе, маман жүйенің жақсы жағына емес, кері кетіп бара жатқанын айтады. Бұрын полицейлерді біріктіріп тұрған ар-намыс кодексі бүгінде құнын жоғалтқан. Оның орнын парақорлық, біліксіздік және «блат» басты.