✅ Пайдалы

Болашақ мамандығы: диплом емес, дағды шешетін дәуірдеміз

Болашақ мамандығы: диплом емес, дағды шешетін дәуірдеміз

Қазақстанда еңбек нарығы шашасына шаң жуытпай жылдам өзгеріп жатыр. Жасанды интеллект, цифрландыру, автоматтандыру және жаңа өндірістік технологиялар маман даярлау жүйесіне бұрынғыдан да жоғары талап қойып отыр. Енді жұмыс беруші үшін дипломның болуы ғана жеткіліксіз. Нақты кәсіби дағды, тәжірибе, икемділік және жаңа технологияны меңгеру қабілеті басты өлшемге айналды.

Ең сұраныстағы бағыттар
Алдағы жылдары жасанды интеллект, деректер ғылымы, медицина және биомедициналық инженерия еңбек нарығындағы ең перспективалы салалардың қатарында болады. Әсіресе AI мен деректерді талдау бағытындағы мамандарға сұраныс күрт артып келеді.
Болжамдарға сүйенсек, 2032 жылға қарай мұндай мамандарға қажеттілік 35 пайызға дейін өсуі мүмкін. Бұл бағыттардың маңызы тек жоғары табыспен шектелмейді. Олар өнеркәсіптен бастап медицинаға дейінгі көптеген саланың жұмыс істеу тәсілін өзгертеді.

Ескі бағдарламалар жаңа нарыққа сай емес
Қазақстанда білім беру бағдарламаларын қайта қарау жұмысы басталды. Жоғары оқу орындарындағы кейбір бағыттар бірін-бірі қайталайды немесе еңбек нарығындағы нақты сұранысқа толық жауап бермейді. Осыған байланысты 700-ден астам білім беру бағдарламасын қысқарту жоспарланып отыр. Бұл студенттердің оқуын тоқтатады деген сөз емес. Қазір оқып жатқан жастар оқуын толық аяқтайды, бірақ өзектілігін жоғалтқан бағдарламаларға жаңа қабылдау жүргізілмейді. Бұл шешім білім беру жүйесін формалды диплом беретін құрылымнан нақты еңбек нарығына жұмыс істейтін жүйеге айналдыруға бағытталған.

Бос орын бар, бірақ лайықты маман тапшы
2026 жылы Электрондық еңбек биржасында 1,2 миллионнан астам бос жұмыс орны жариялануы мүмкін. Бұл ел экономикасында кадрларға сұраныс бар екенін көрсетеді.
Алайда мәселе жұмыс орнының санында ғана емес. Көп жағдайда жұмыс берушілерге қажет нақты дағдысы бар маман жетіспейді. Ал жастардың бір бөлігі алған мамандығы бойынша жұмыс істемей, қызмет көрсету немесе арнайы білімді қажет етпейтін салаларға кетуге мәжбүр.
Мұндай жағдай диплом мен еңбек нарығы арасындағы байланыстың әлсіз екенін байқатады.

Мемлекеттік жобалардың мүмкіндігі мен шектеуі
Жастарды жұмысқа орналастыру үшін «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Жасыл ел» сияқты бағдарламалар іске асырылып келеді. Ірі қалаларда қысқамерзімді кәсіптік және цифрлық курстар да көбейіп жатыр.
Бұл жобалар жас маманға алғашқы тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Бірақ олардың нәтижесі жұмыс берушінің жауапкершілігіне де байланысты. Егер жас маман өз кәсібіне сай міндет атқармай, тек қосалқы жұмысқа жегілсе, бағдарлама негізгі мақсатына жетпейді.
Сондықтан мұндай жобаларда тек жұмысқа орналастыру көрсеткіші емес, жас маманның нақты қандай тәжірибе алғаны да бағалануы тиіс.

Инженер мен педагогқа сұраныс артады
2030 жылға дейін Қазақстанға 900 мыңға жуық маман қажет болады деген болжам бар. Оның ішінде инженерлік кадрларға сұраныс ерекше жоғары. Сондай-ақ педагог мамандар да еңбек нарығындағы ең қажет бағыттардың бірі болып қала береді. Осыған байланысты мемлекеттік гранттарды бөлу тәртібі қайта қаралып жатыр. Энергетика, су ресурстары, инженерия және техникалық бағыттарға көбірек көңіл бөлінуде.Бірақ грант санының артуы мәселені толық шешпейді. Жастар бұл салаларды саналы түрде таңдауы үшін мектептен бастап кәсіби бағдар беру сапасын күшейту қажет.

Жасанды интеллект еңбек нарығын өзгертеді
Жасанды интеллектінің дамуы кейбір жұмыс орындарының қысқаруына алып келуі мүмкін. Қазақстанда автоматтандырудың әсерінен 300–400 мыңға жуық жұмыс орны өзгеруі немесе жойылуы ықтимал деген болжам айтылып жүр.
Алайда бұл тек қауіп емес, жаңа мүмкіндік те. Көп мамандық жоғалып кетпейді, бірақ олардың атқару тәсілі өзгереді. Мысалы, мұғалім, инженер, дәрігер, дизайнер немесе бухгалтер бұрынғыдай жұмыс істемейді. Олар цифрлық құралдарды, деректерді талдауды және жасанды интеллект мүмкіндіктерін қатар қолдануға мәжбүр болады.
Сондықтан жоғары оқу орындары AI бағытындағы пәндерді енгізіп, жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлей бастады.

Мамандық таңдауды мектептен бастау керек

Еңбек нарығындағы сәйкессіздіктің бір себебі – кәсіби бағдардың әлсіздігі. Көптеген оқушы болашақ мамандығын саналы түрде емес, грант, ата-ананың кеңесі немесе уақытша трендке қарап таңдайды. Нәтижесінде кейбір түлек өзі қаламаған салада оқып, кейін мүлде басқа бағытта жұмыс істейді. Бұл жастардың уақытын да, мемлекеттің білімге бөлген қаржысын да тиімсіз жұмсауға әкеледі.
Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап оқушының қабілетін анықтап, еңбек нарығындағы нақты сұранысты түсіндіру маңызды. Болашақ мамандықты таңдау ҰБТ-дан кейінгі асығыс шешім емес, бірнеше жылдық жүйелі дайындықтың нәтижесі болуы керек.
Қазақстанның еңбек нарығы дипломға емес, нақты дағдыға негізделген жаңа кезеңге өтіп жатыр. Болашақта табысты маман болу үшін тек жоғары білім алу жеткіліксіз. Технологияны меңгеру, үздіксіз оқу, кәсіби икемділік және тәжірибеге бейімделу маңызды.
Мемлекет білім беру бағдарламаларын қысқартып, гранттарды еңбек нарығының сұранысына қарай бөле бастады. Бірақ негізгі нәтиже мектеп, колледж, университет және жұмыс беруші арасындағы байланыстың қаншалықты күшейетініне байланысты болады. Егер осы жүйе дұрыс жұмыс істесе, Қазақстан еңбек нарығына жай ғана дипломы бар түлектерді емес, нақты білігі бар жаңа буын мамандарды шығара алады.
 

Барлық жаңалық