Қазақстанда «Болашақ» бағдарламасы биыл да жалғасып, 217 үміткер стипендия иегері атанды. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин төрағалық еткен республикалық комиссия отырысында белгілі болды, деп жазады Ozgeris.info.
Биыл бағдарламаға өтініш берушілердің саны артып, 981 адам қатысқан. Соның ішінде 167 адам магистратураға, 13 адам докторантураға түссе, тағы 37 маман әлемнің алдыңғы қатарлы университеттері мен зерттеу орталықтарында тәжірибеден өтеді.
Стипендия иегерлерінің басым бөлігі – 67,7%-ы жаратылыстану мен техникалық бағыттағы мамандықтарды таңдаған. Ал қалған 32,3%-ы – әлеуметтік-гуманитарлық сала өкілдері.
Ғылыми тағылымдамаға да қызығушылық жоғары: 165 адам өтініш білдіріп, үш кезеңдік іріктеуден кейін 68 маман үздік деп танылған. Олар енді шетелдің ғылыми орталықтарында біліктілігін арттырады.