📰 Сарапшылар пікірі

Бір уақытта екі жұмыс істеуге бола ма?

Көптеген қазақстандықтар күнкөріс қамымен екі не үш жерде қатар жұмыс істейді. Бірі негізгі қызметінде еңбек етсе, енді бірі бос уақытында қосымша табыс табуға тырысады. Кейінгі уақытта осы мәселеге байланысты түрлі сұрақтар туындаған соң, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми түсініктеме берді, деп жазады Ozgeris.info.

Халық қосымша табыс табуға мәжбүр

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповадан журналистер «егер бірнеше жерде жұмыс істеуге тыйым салынса, оны кім және қалай бақылайды» деп сұрады. Сонда Светлана Жақыпова бұл әңгімелердің еш негізі жоқ екенін айтты.

«Жоқ, әрине, тыйым салынбайды. Қалайша ондай болсын. Еңбек ететін адам әрдайым бағаланады. Егер адам жұмыс істеуге тырысып, табыс табуға ұмтылып жүрсе, оған ешкім кедергі келтірмейді. Керісінше, ондай еңбекқор адамдарды қолдау керек. Халықтың еңбекке деген ынтасын құптаймын. Мемлекет әр азаматтың өз мүмкіндігіне қарай жұмыс істеп, табыс табуына жағдай жасауы қажет. Егер адам қосымша еңбек еткісі келсе, ол оның жеке таңдауы. Бұл адамның ниеті мен табандылығын көрсетеді. Ең бастысы, ол заңды жұмыс істеп, өз құқығын сақтаса болғаны. Ал көп жұмыс істеуге тыйым салу туралы айтылып жүрген сөздердің бәрі бос әңгіме», деді ол.

Ел ішінде мұндай тақырыптың көтерілуі тегін емес. Көпшілік қазір өмір сүру қиындағанын, сол себепті қосымша табыс табуға мәжбүр екенін жиі айтады. Бірі негізгі жұмыстан кейін онлайн қызмет атқарады, енді бірі жеке кәсіппен айналысады. Бірақ бәрінің ниеті бір – адал еңбекпен нәпақа табу. Сондықтан министрдің айтқаны көптің көкейіндегі оймен үндесті. Халықтың пікірінше, мемлекет еңбек етемін деген адамға мүмкіндік беруі керек.

«Еңбек еткеннің еңсесі биік болады. Қосымша жұмыс істеймін деген адамды қолдау қажет. Себебі әркім өз еңбегімен өмір сүргісі келеді» дейді ел тұрғындары.


Шектеулер бар

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамандарының айтуынша, Қазақстан заңдары азаматтарға бірнеше жерде жұмыс істеуге рұқсат береді, бірақ белгілі бір шектеулер бар.

«Еңбек кодексіне сәйкес, негізгі жұмыстағы еңбек уақыты сегіз сағаттан аспауы керек, ал қосымша жұмыста төрт сағаттан артық болмауы тиіс. Яғни, жалпы жұмыс уақыты күніне он екі сағаттан аспауы қажет», деп түсіндірді министрлік өкілдері.

Қосымша жұмыс деп қызметкердің өз бос уақытында басқа еңбек шартын жасап, қосымша ақы төленетін тұрақты жұмыспен айналысуы есептеледі. Мұндай жағдайда адам негізгі жұмыс орнындағы еңбек сипаты мен жағдайы туралы анықтама ұсынуы керек. Бұл қағидалар қызметкерлердің шамадан тыс жұмыс істеп, денсаулығына зиян келтірмеуі үшін қарастырылған.

Сонымен қатар министрлік бірқатар шектеулерді атап өтті. Он сегіз жасқа толмаған азаматтарға және ауыр, зиянды немесе қауіпті жұмыс істейтіндерге қосымша еңбек етуге рұқсат берілмейді. Әсіресе,медицина саласындағы қызметкерлер. Мемлекеттік қызметшілерге де қосымша жұмыс істеуге болмайды, тек педагогикалық, ғылыми немесе шығармашылық қызметпен айналысуға рұқсат етіледі.

«Яғни, егер азамат кәмелеттік жасқа толған және заңмен белгіленген шектеулерге жатпайтын болса, ол бірнеше жерде еңбек ете алады. Бірақ бұл жағдайда еңбек уақытының жалпы ұзақтығы мен еңбек қауіпсіздігі талаптары сақталуы тиіс», деп нақтылады министрлік.

Егер адам екінші жұмысқа орналасқысы келсе, ол жаңа жұмыс берушіге өз негізгі жұмыс орнынан анықтама тапсыруы тиіс. Онда қызметкердің қай жерде істейтіні, қандай қызмет атқаратыны және еңбек жағдайы жазылады. Бұл еңбек қатынастарының ашық әрі заңды болуына көмектеседі.

Демалыс та екеуіне бірдей беріледі. Министрлік қосымша жұмыс істейтіндердің демалысына қатысты да түсініктеме берді. Егер адам екі жұмысты қатар алып жүрсе, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы екі жерден де бір уақытта беріледі. Ал егер қосымша жұмыстағы демалыс уақыты қысқарақ болса, жұмысшының өтініші бойынша қалған күндерге жалақы сақталмайтын қосымша демалыс беріледі.

Жалақыға әсер ете ме?

Салық саласының сарапшысы Айдар Масатбаевтың айтуынша, көпшілікке қорқатындай еш негіз жоқ.

«Қорқудың қажеті жоқ. Қатаң талап тек шынымен бірнеше жерде толық жұмыс істеп жүрген адамдарға қатысты. Яғни, адам екі ұйыммен де толық ставкамен еңбек шартына отырса, соның біреуін негізгі жұмыс ретінде таңдау керек болады. Бірақ оған байланысты ешқандай айыппұл немесе қатаң жаза қарастырылмаған. Бар болғаны жұмыс беруші мен қызметкер қай жерде толық жұмыс істейтінін, ал қай жерде жартылай істейтінін нақтылауы керек», деді сарапшы.

Оның айтуынша, мұндай реттеу бұрыннан бар, тек қазір Еңбек кодексінің талаптары нақты еске салынған. Көпшілікті мазалаған тағы бір сұрақ – қосымша жұмыс істеу тәртібі жалақыға әсер ете ме деген мәселе. Айдар Масатбаев бұл сұраққа да кеңінен жауап берді.

«Иә, шектеулер бар. Негізгі жұмыста сегіз сағаттан артық жұмыс істеуге болмайды, қосымша жұмыста төрт сағаттан артық болмауы керек.Жалпы күніне он екі сағаттан аспауы тиіс. Бұл талап еңбек уақытын реттеу үшін енгізілген. Ал жалақыға келсек, егер қызметкер жақсы маман болса, жұмыс беруші оған жартылай ставкада да жоғары ақы белгілей алады. Ең бастысы – еңбек шарты заңды түрде жасалуы. Формальды түрде екі жерде толық ставкамен жұмыс істеуге болмайды, бірақ қосымша жұмыс істеуге рұқсат бар. Тіпті жарты күн істеп жүріп те толық айлық алуға болады. Мұны заң шектемейді», деп түсіндірді сарапшы.

Кей азаматтар «екі жерде жұмыс істегенімді қалай біледі, арнайы тексеріс бола ма» деп сұрай бастады. Айдар Масатбаев мұнда да бәрі қарапайым екенін айтты.

«Қосымша дәлел немесе құжат сұралмайды. Барлығы Еңбек шарттарын есепке алу бірыңғай жүйесінде көрініп тұрады. Бұл жүйеде барлық еңбек келісімдері электронды түрде тіркелген. Егер екі ұйым да сізді толық ставкамен жұмыс істейді деп көрсетсе, сонда ғана ескерту жасалады. Ондай жағдайда жұмыс шарты өзгертіледі. Бірақ ешқандай әкімшілік жаза немесе айыппұл болмайды. Бұл тек техникалық түзету», деді ол.

Сарапшы қосымша жұмыстың көбі әлі де «көлеңкелі аймақтан» шықпай отырғанын айтты.Шын мәнінде, қосымша табыстардың көбі ресми тіркелмейді. Кей адамдар онлайн қызмет көрсетеді, кейбірі жеке тапсырыспен жұмыс істейді. Мұның бәрі бейресми түрде жүріп жатыр. Сондықтан бұл ереже жалпы жағдайды түбегейлі өзгертпейді.

«Егер адам бұрын екі жерде ресми жұмыс істеп, салық толық төленіп отырса, енді бір орнын қосымша жұмыс деп көрсетудің еш зияны жоқ. Ал егер бұрыннан жалақының бір бөлігі конвертпен берілсе, солай жалғаса береді. Яғни бұл бастама көлеңкелі табыс мәселесін шешіп тастайды деу қиын», деді Айдар Масатбаев. 

Барлық жаңалық