Бүгінгі жаһандық экономика кеше көрген бейнеміз емес. Тарихи инерциямен қозғалып келе жатқан жүйе енді түрлі бағыттан соққан дауылдың ортасына түсті. Экономика тілімен айтсақ, бұл – бес «Д»-ның дәуірі: деглобализация, декарбонизация, дүдәмәл қарыз, диджитализация және демография, деп қызықтырады Ozgeris.info.
Біріншісі – деглобализация. Бұрын «әлем – ортақ базар» деген ұран үстемдік құрып келсе, қазір әр ел өз нарығын қорғауға көшті. Қытай мен АҚШ арасындағы сауда текетіресі, Еуропаның ішкі санкциялық саясаты, Ресейге салынған тосқауылдар бәрі осы үрдістің көрінісі. Бұл өз кезегінде өнім мен қызметтің бағасын қымбаттатып, инфляцияның өсуіне алып келді. Еркін нарық пен арзан тауар дәуірі аяқталып, «экономикалық қорғаныс» дәуірі басталды.
Екінші – декарбонизация. Яғни, көміртегіден арылу. Бірақ бұл жай ғана экомода емес. Климаттың қаһарын басудың амалы. Қазірдің өзінде дауыл мен өрт, су тасқыны мен құрғақшылық елдердің бюджетіне миллиардтаған доллар шығын келтіруде. Климатпен күресу енді халықаралық саясаттың күн тәртібіндегі басты тақырып. Энергия көздерін қайта қарап, өндірісті жасылдандыру дамыған елдердің ғана емес, дамушы елдердің де күн тәртібіне шықты.
Үшінші – демография. Халық қартаюда. Туу көрсеткіші төмендеуде. Демек экономикалық машинаға жанармай құйып тұрған еңбек күшінің азаюы деген сөз. Жұмыс істейтіндердің саны азайса, зейнетақы мен денсаулық сақтау шығыны артады. Бюджетке салмақ. Мемлекет салықты кімнен жинайды? Егер жастар аз болса, жүйенің өзі тұрақсыздыққа бет алады. Сондықтан дамыған елдер миграцияға жол ашуда, ал дамушы елдер өз жастарына мүмкіндік беруге тырысып жатыр.
Төртінші – дүдәмәл қарыз. Пандемия жылдары алынған триллиондар қазір елдердің мойнындағы жіпке айналды. Көптеген мемлекеттер бұрын-соңды болмаған деңгейде борышқа батып, оны қайтару мүмкіндігін жоғалта бастады. Қарыздың өсімі кей елдерде қорғаныс бюджетінен де асып түсті. Әлемнің қаржылық архитектурасына деген сенімді шайқалтып отыр.
Бесінші – диджитализация. Жалғыз үміт. Генеративті жасанды интеллект, автоматтандыру, цифрлық экономика – міне, осы құралдар адамзатқа дем беріп отыр. Жаңа технологиялар өнімділікті арттырып, энергияны үнемдеуге, таза өндіріс құралдарын жасауға мүмкіндік береді. Бірақ бұл бағытта да қауіп жоқ емес. Жұмыстан босап қалатындар саны артуы, цифрлық теңсіздік, жалған ақпарат пен этика мәселесі шешімін күткен сауалдар.
Бір қарағанда, бұл бес «Д» – жойқын күш сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ олармен күресу емес, олармен өмір сүруді үйрену бүгінгі заманның басты талаптарының бірі. Қазақстан сынды экономикасы ашық, энергетикалық ресурстарға бай елдер үшін бұл дағдарыстар мүмкіндікке де, қауіпке де айналуы мүмкін. Тек дұрыс бағыт пен салмақты саясат қажет. Себебі тарих дәлелдеген: дауылдың ортасында ең мықты емес, ең икемділер ғана аман қалады.