Өткен демалыста Батыс Еуропада ауа температурасы күрт көтеріліп, көптеген қалаларда +35 °C-тан асты. Deutsche Welle дерегінше, Испанияның Португалиямен шекаралас Эль-Гранадо қаласында +46 °C тіркеліп, бұл маусым айындағы рекордтық көрсеткіш болды деп хабарлайды ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
30 маусым күні Лондонда +35 °C болады деп болжануда. Бұл — биылғы жылдың ең ыстық күні және Уимблдон теннис турнирінің тарихындағы ең ыстық ашылу күні болуы мүмкін.
Германияда да аптап орнады: температура +30 °C-тан жоғары. Елдің метеоқызметі ақпан-мамыр аралығында 1881 жылдан бергі ең қатты құрғақшылық болғанын хабарлады. Рейн өзені соңғы ғасырдағы ең төмен деңгейге түскен. Маусым басындағы жауын-шашынға қарамастан, аптап қайта құрғақшылық қаупін туғызуда. Кейбір аймақтарда күндізгі суаруға тыйым салынды.
Францияның оңтүстігіндегі Лангедок аймағында 29 маусымда орман өрттері басталып, Фонфруад аббаттығы эвакуацияланды. Тулуза мен Нарбонна арасындағы автожол уақытша жабылды. Үкімет шұғыл жиналыс өткізіп, бірнеше мектепті жабу туралы шешім қабылдады. Парижде де +35 °C-тан жоғары температура күтілуде.
Синоптиктердің болжамынша, аптап 2 шілдеге дейін жалғасып, кейін Шығыс Еуропаға қарай ығысуы мүмкін. 3 шілдеден бастап Германияда жаңбыр жаууы ықтимал.