Қазақстан экономикасы несиеге зәру. Президент банктердің бос қаржысын өндіріс пен кәсіпке бағыттауды тапсырса да, қаржы ұйымдары тәуекелден қашып, халыққа тұтынушылық несие берумен шектеліп отыр. Сарапшылар мұны базалық мөлшерлеменің жоғарылығымен, қарыздың қайтпай қалу қаупімен және ұзақ мерзімді жобалардың банктер үшін тиімсіздігімен түсіндіреді, деп сараптайды Ozgeris.info.
Банктер неге нақты секторды қаржыландыруға құлықсыз?
Жалпы, экономиканы әртараптандыру, жаңа өндіріс ошақтарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту күн тәртібінен түспей келеді. Алайда банк секторы бұл істің негізгі діңгегіне айнала алмай отыр. Себебі қаржы ұйымдары әлі күнге дейін нақты секторға қаржы салудан тартыншақтайды. Сарапшы Бауыржан Ысқақ осы мәселенің түп-тамырына тоқталды.
Біріншіден, оның айтуынша, қазір Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі тым жоғары деңгейде тұр. Бұл жағдай банктер үшін мемлекет шығарған бағалы қағаздарды сатып алуды әлдеқайда тиімді етеді. Табысы тұрақты, тәуекелі аз, әрі кепілді кіріс бар. Ал зауыт салуға немесе өндірістік жобаны қаржыландыруға келгенде тәуекел көп, қайтарымы да беймәлім. Сондықтан банктер мұндай тәуекелге барғысы келмейді.
– Екінші себеп несие қайтпай қалу қаупі. Ресми деректерде проблемалы кредиттердің үлесі төмен көрінгенімен, іс жүзінде кешігіп жатқан, қайтара алмай отырған қарыз алушылар аз емес. Бұл да банктердің ұзақ мерзімді қаржыландыруға ықыласын азайтады. Үшіншіден, тұтынушылық несие беру әлдеқайда оңай. Халыққа берілетін жедел несиеге көп құжат талап етілмейді, кепіл де қажет емес, пайдасы да тез түседі. Ал кәсіпорынға несие беру үшін бизнес-жоспарын саралау қажет, кепілін бағалау міндетті, келісімдер ұзаққа созылады. Банктер үшін бұл қосымша шығын мен тәуекел, – дейді сарапшы.
Тағы бір түйткіл – заң мен сот жүйесі. Егер кәсіпорын алған қарызын қайтара алмаса, кепілді өндіріп алу машақаты көп. Соттасу ұзаққа созылады, бұл банктің шығынын көбейтеді. Сондықтан да олар тәуекелі көп жобалардан бойын аулақ ұстайды.

Сонда не істеу керек?
Бауыржан Ысқақ банктерді нақты секторға жұмылдыру үшін мемлекет белгілі бір деңгейде тәуекелді бөлісуі қажет екенін айтады. Оның ойынша, Даму қоры арқылы кепілдік беру осы бағыттағы ең тиімді жолдардың бірі бола алады. Егер кәсіпорын несиесін қайтара алмай қалса, қарыздың бір бөлігін мемлекет өтейді. Бұл банктердің батылырақ шешім қабылдауына түрткі болады.
– Екінші бір жол ұзақ мерзімді арзан қаржы ұсыну. Ұлттық банк немесе даму институттары арқылы ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласына жеңілдетілген несие желілерін ашу маңызды. Сол кезде банктердің тәуекелі азайып, кәсіпорындардың тынысы кеңейеді. Үшінші тетік құнды қағаздар нарығын дамыту. Зауыттар мен компаниялардың облигация шығарып, ірі инвесторлардан қаражат тартуына жол ашылуы тиіс. Бұл да өндіріс пен кәсіптің көкжиегін кеңейтеді, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, тұтынушылық несиеге шектеу қоюдың да маңызы бар. Халыққа кредит беруді азайтып, сол қаражатты бизнеске бағыттау қажет. Сонымен қатар кепілді өндіріп алу мен банкроттық процедураларын жеңілдеткен жөн. Заң неғұрлым тиімді болса, банктер тәуекелден қорықпайды.
Тағы бір маңызды қадам бәсекені күшейту. Қазақстанға шетелдік банктердің келуін жеңілдетсе, пайыздық мөлшерлеме түседі. Мұндай жағдайда отандық банктер де бизнеске көбірек несие беруге мәжбүр болады.
Банк жүйесінің тұрақтылығына қатысты да өзгерістер жасалып жатыр. Қиындыққа тап болған банктерді мемлекет қалай құтқарады деген сұраққа нақты жауап беретін ережелер қабылданды. Бұл салымшылардың сенімін арттырады. Бұған қоса, шетелдік банктердің филиал ашуына қойылатын талаптар да жеңілдетіліп келеді. Исламдық банкинг жүйесін енгізу арқылы пайызсыз қаржы құралдарына жол ашу да жоспарланып отыр.

Экономика несиеге мұқтаж, бірақ банктер тәуекелден қашады
Мемлекет басшысы Жолдауында Ұлттық банк пен Үкіметке банктердің бос жатқан қаржысын экономиканың айналымына тартудың жолын табуды тапсырды. Алайда қаржы ұйымдары әлі де нақты секторды несиелеуге құлықсыз.
Қаржы саласының маманы Айбар Олжайдың айтуынша, банктердің балансында артық өтімділік жеткілікті.
– Бір триллион теңгеден астам қаржы банктердің өз шоттарында бос тұр. Ол қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етеді, бірақ экономикаға жұмыс істемей жатыр. Банктердің көбі азаматтарға тұтынушылық кредит берумен шектелуде. Ал бұл халықтың қарызын арттырып, тұтынуын көбейтеді. Экономика жаңа жобалар арқылы табыс таба алмай, бюджетке жүгінуге мәжбүр, – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, банктер бизнеске несие беруден қорқады.
– Кәсіпорын қарызын қайтара алмауы мүмкін, банкротқа ұшырайды деген қауіп бар. Оның үстіне кәсіпкерлер үшін пайыздық мөлшерлеме тым жоғары. 22-24 пайызбен ешкім несие ала алмайды. Шын мәнінде бизнеске 7-8 пайыздық арзан қаржы қажет. Бірақ банктер мұндайға бармайды, себебі базалық мөлшерлеме жоғары, – деді Айбар Олжай.

Сарапшының айтуынша, қазіргі жағдай тұйық шеңберге айналған. Банктер мемлекеттен қосымша ынталандыру күтуде. Банктердің табысына салынатын салық 25 пайызға көтерілді. Енді жаңа Салық кодексі аясында егер банктер экономикаға қаржы бағыттаса, оларға салықтық жеңілдіктер беру тетігі қарастырылып жатыр. Бұл 2026 жылдан бастап іске асуы мүмкін. Нақты нәтиже сол жылы белгілі болады. .
Демек мемлекет бизнесті ұзақ мерзімге қаржыландыруды қалайды. Бірақ банктерге ол тиімсіз болып тұр. Олар қысқа мерзімге беріп, тез пайда тапқысы келеді. Ал ұзақ мерзімді жобаларды қолдау тәуекелді әрі табысы аз болғандықтан, банктер одан қашады.