Астанада Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламентінің депутаттары, Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев, сондай-ақ салалық қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, өңірлік білім басқармаларының басшылары, мектеп директорлары мен педагогтер қатысты.
▫️ Алқа отырысын ашқан Аида Балаева білім беру кез келген адам мен қоғам үшін аса маңызды сала екенін атап өтті. Ол жаңа Конституция жобасында білімнің маңызы мен рөлі негізгі құндылық ретінде айқын көрініс тапқанын жеткізді.
▫️ Вице-премьер Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2030 жылға дейінгі «Балалар Қазақстаны» тұжырымдамасы қабылданғанын айтты. Бұл құжат әрбір баланы қамтып, қауіпсіздік, сапалы білім, денсаулық, отбасы және әлеуметтік қорғау бағытындағы негізгі мемлекеттік шараларды бір жүйеге біріктіреді.
▫️ Алқа барысында білім беру саласындағы жетістіктер де аталды. Қазақстан оқушылар саны жан басына шаққанда әлемдегі алғашқы он елдің қатарына кіреді. Сонымен қатар саладағы өзекті мәселелер де талқыланды.