Қоғам

Бағасы тым қымбат: Мектеп формасы керек пе?

Ата-аналар мектеп формасын алып тастау туралы петицияға қол қойып жатыр. Қазірдің өзінде 63 мың қол жиналды. Ата-аналардың айтуынша, форма тәртіп үшін керек. Бірақ бағасы өте қымбат. Әсіресе көпбалалы отбасыларға қиын. Сонымен бірге ата-аналар мұғалімдердің де тәртіпке сай киінуі керек деп есептейді. Жаңа оқу жылына дайындық қалай жүріп жатыр? Енді билік не шешім қабылдайды? Форманы алып тастай ма, жоқ па? Ozgeris.info тілшісі тақырыпты саралап көрді. 

Жаңа оқу жылына дайындық басталып кетті. Балаларын мектепке дайындайтын ата-аналар үшін ауыр кез. Сондықтан мектеп формасы күн тәртібіндегі ең өзекті сұрақтардың бірі. 

Ата-аналар жыл сайын мектеп формасының үлгісі мен түсі өзгеретінін айтып шағымдануда. Себебі жыл сайын жаңа киім алу керек. Ата-аналар одағының мәліметінше, мұндай шығындар отбасылық бюджетке қатты соққы болып тиеді. Қалтасын қағатын ата-аналар мектеп формасын алып тастауға қатысты петиция жариялады. Қазірдің өзінде қарсылық білдірген 63 мыңнан астам адам қол қойған.

Баланы мектепке жинау қанша тұрады?

Бірінші сынып оқушысын мектепке дайындаудың өзі кемінде 80-100 мың теңге тұрады. Яғни, орташа жалақының үштен біріне жуығы кетеді. Ал табысы айына жан басына шаққанда 60–70 мың теңгені құрайтын аз қамтылған отбасылар үшін мұндай шығындар өте ауыр. Олар несие алуға немесе күнделікті қажеттіліктерін қысқартып, үнемдеуге мәжбүр.

Мысалы, Астанада мектеп формасы арзан емес. Классикалық үштік костюм, атап айтқанда, пиджак, жилет, шалбар немесе юбканың бағасы 28 мың теңгеден басталады. Пиджактардың құны - 21 мыңнан, шалбарлар - 12 мыңнан, жейделер - 9 мың теңгеден сатылып жатыр. Оған ауыстырып киетін аяқ киім, спорттық форма мен кеңсе тауарлары кірмейді.

Finprom.kz сарапшылары балалар киімі мен мектепке қажет тауарлардың бағасын зерттеді. Баға өскен, алайда өсім былтырғы деңгейден аспаған, шамамен 10–14%.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың маусым–шілде айларында балалар киімі өткен жылмен салыстырғанда 9,8%-ға қымбаттаған. Балалар аяқ киімінің бағасы одан да қымбаттаған - 13,5–13,6%. Ал кеңсе тауарлары бар болғаны 2,9%-ға өскен.

Ата-аналардың қанша ақша жұмсайтынын білу үшін дүкендер мен маркетплейстердегі бағаларды салыстыру керек. Дүкеннен алған арзанырақ болып шықты. Мысалы, қыз балаға арналған толық жинақты дүкендерден  112 мың теңге болса, интернет арқылы тапсырыс беру - 122,6 мың теңге. Ең қымбаты киім, атап айтқанда, көйлек, сарафан, шалбар, спорттық киім және мектеп сөмкесі. Ортопедиялық арқасы бар рюкзактың бағасы орта есеппен 11 мың теңге тұрады. Ал маркетплейстерде 1,5 млн теңгеге дейін тұратын сөмкелер де бар.

Ұл баланы мектепке дайындау аздап қымбатқа түседі. Дүкендерде толық жинақты 119,7 мың теңгеге алуға болады, ал онлайн қосымшалар арқылы тапсырыс берсең - 143,2 мың теңге. Ең қымбаты - пиджак. Оның бағасы 18–23 мың теңге аралығында. Дегенмен кей мектептерде пиджак міндетті емес, жилет жеткілікті.

Жалпы алғанда, бір баланы жаңа оқу жылына дайындау 112 мыңнан 143 мың теңгеге дейін шығады. Бұған қоса, 1 қыркүйекте мұғалімге гүл алу үшін ата-аналар шамамен 5 мың теңге жұмсайды. Сондай-ақ сынып қоры үшін қосымша ақша береді.

Былтырғы жылмен салыстырғанда, биыл маркетплейстердегі бағалар дүкендерге қарағанда едәуір жоғары. Сарапшылардың айтуынша, электронды сауданың үлесі артып келеді, 2024 жылдың қорытындысы бойынша ол 14%-дан асып кеткен.

Расымен де, онлайн сауда халық арасында дамып келеді. Мысалы, 2024 жылы балаларға арналған тауарлар интернет арқылы  79,4 млрд теңгеге сатылған. 2023 жылға қарағанда 34,7%-ға артық. Ал киім, аяқ киім және спорттық тауарлардың жалпы сатылымы 4 есе өсіп, 277,4 млрд теңгеге жеткен. Кеңсе тауарларының сатылымы да 2 есе артқан.

Мектепке қажет заттардың көбі шетелден әкелінеді. «Qazindustry» АҚ деректеріне қарағанда, 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында жеңіл өнеркәсіптегі отандық тауарлардың үлесі небәрі 6,2%-ды құраған. Негізгі жеткізушілер – Қытай, Ресей және Түркия.

Кедендік статистикаға сүйенсек, Қытай – басты жеткізуші. Оның үлесі жылдан жылға артып келеді. Мысалы, трикотаж костюмдер санатында Қытайдың үлесі ұлдар мен ерлер киімінде – 39%, қыздар мен әйелдер киімінде – 39,3%. Кеңсе тауарлары бойынша үлесі 59,2%-ға жеткен. Ал дәптердің негізгі бөлігі Ресейден келеді – 39,2%.

Заң не дейді?

Қолданыстағы ережеге сәйкес, Қазақстанда мектеп формасы міндетті және ол білім берудің зайырлы сипатына сай болуы тиіс. Классикалық үлгілер сабырлы түстерде болуы шарт, сондай-ақ, үш түстен артық комбинацияға жол берілмейді.

- Ұл балаларға - пиджак, жилет, шалбар, жейде, қыста водолазка немесе тоқыма жилет;

- Қыз балаларға - пиджак, жилет, юбка немесе шалбар, сарафан, жейде, водолазка.

Заң мектептерге арнайы форма енгізуге рұқсат береді. Десе де, ата-аналардың наразылығын тудыратын жайттың бірі - мектептер нақты бір жеткізушіден тапсырыс беруді немесе эмблемасы бар арнайы үлгілерді міндеттеуі. Мұндай қосымша талаптар шығындарды одан әрі арттырады. Ал кейбір мектептерде қыздарға шалбар киюге тыйым салынған, ал қыста ақ колготкимен жүру міндеттелген. Ата-аналар мұндай талаптарға мүлде қарсы.

Оқу-ағарту министрлігінің ұстанымы

Осындай наразылықтың салдарынан мектеп формасын жою туралы петиция пайда болды. Оған қазірдің өзінде 60 мыңнан астам адам қол қойған. Ата-аналар форманың білім сапасына еш әсер етпейтінін айтып, қаражатты мектеп инфрақұрылымын жақсартуға жұмсауды ұсынады. Баламалы шешім ретінде олар қатаң форманың орнына икемді дресс-кодты енгізуді ұсынып отыр.

Ал Оқу-ағарту министрлігі, керісінше, мектеп формасы әлеуметтік теңсіздікті азайтатынын, буллинг деңгейін төмендететінін және іскерлік атмосфера қалыптастырады деп есептейді.

Министрліктің айтуынша, мектептер нақты бір жеткізушіден алуды немесе арнайы дүкенді міндеттеуге құқығы жоқ. Жалпы ережелерге сай базалық жинақ жеткілікті. Минималды талаптар өзгеріссіз қалады, атап айтқанда, үсті ақ, асты қара, классикалық стиль болуы шарт. Қосымша элементтерді бекіту мектеп әкімшілігі, ата-аналар комитеті және қамқоршылық кеңесінің бірлескен шешімі арқылы жүзеге асады.

Алайда мектеп формасын жүйелі түрде бұзған жағдайда ата-аналарға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Оқушыларға джинсы, спорттық киім (дене шынықтыру сабағынан тыс уақытта), сондай-ақ діни атрибуттар мен конфессиялық рәміздерді қолдануға тыйым салынады.

Форманы алып тастау мүмкін бе?

Сарапшылардың пікірінше, мектеп формасын толықтай алып тастау жақын арада мүмкін емес. Қоғамдық наразылық күшейгеніне қарамастан, министрліктің ресми ұстанымы өзгерген жоқ. Форма қажет. Тек ішінара өзгерістер болуы мүмкін, мысалы, икемді дресс-кодқа көшу.

Қорытындылай келе, мектеп формасы мәселесі жыл сайын көтерілетін, алайда нақты шешімін таппаған өзекті мәселе болып қала береді. Ата-аналар еркіндік пен ашықтықты талап етеді. Ал билік бірыңғай стандарттарды сақтау керек деп санайды. Сондықтан, биыл да ата-аналар балаларын көрпесіне қарай көсіле дайындаудан басқа амалы жоқ. 

Барлық жаңалық