Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасында 46 миллиард теңге көлеміндегі қарыз туралы келісім жасалып, оны Сенаттың пленарлық отырысында ратификациялау шешімі қабылданды деп хабарлайды ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап .
Бұл қаржы елімізде «Қазақстан экономикасын жедел цифрландыру» жобасын жүзеге асыруға бағытталады. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық өңірлерде цифрлық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамту арқылы қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті жою.
Сонымен қатар, бұл бастама аймақтардағы шағын және орта бизнеске, қашықтан көрсетілетін қызметтерге және инвестиция тартуға қолдау көрсетуді көздейді. Телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту үшін мемлекет пен жекеменшік сектордың серіктестігіне басымдық беріледі.
Жобаны әзірлеушілердің болжамынша, бұл келісім еліміздің технологиялық әлеуетін арттырып, өңірлік экономиканың өсуіне серпін береді. Ең бастысы — жоба республикалық бюджеттен қосымша қаржы талап етпейді және ел экономикасына теріс әсерін тигізбейді.