Успен ауданында Новопокров ауылдық округінің әкімі Вячеслав Симоненко полиция бөлімінде түсіндіру әңгімесін жүргізу барысында өзін ұстай алмай, азаматқа дөрекі сөз айтқан. Бұл жағдайдан кейін ол айыппұл төлеп, Мемлекеттік қызмет істері департаментінің этика кеңесінде қаралды, деп мәлімдейді Ozgeris.info сайты Azattyq Ryhy.kzке сілтеме жасап.
Әкімнің айтуынша, ауылда жастар күндіз-түні мотоцикл айдап, тұрғындардың тынышын алады. Тамыз айында полицейлермен бірлескен рейд кезінде бірнеше жүргізуші ұсталған, бірақ біреуі қашып кеткен. Кейін ол табылып, полиция бөлімшесіне жеткізілген. Сол жерде Симоненко түсіндіру әңгімесін өткізу кезінде эмоциясын басқара алмай, дөрекі сөйлеп қойған.
«Бейнебақылауда оның кінәсі анық көрінгенімен, азамат мойындаған жоқ. Сол сәтте өзімді ұстай алмай, балағат сөз айтып қойдым», – деді әкім.
Вячеслав Симоненко 2019 жылдан бері әкім қызметін атқарып келеді. Ол мемлекеттік қызметші ретінде эмоцияға ерік беріп, әдеп нормасын бұзғанын мойындады. Этика кеңесінің мүшелері әкімге «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.