Атыраудағы №37 орта мектептің бір мұғалімі ата-аналардың сеніміне кіріп, оларды алдады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты АқЖайық сайтына сілтемемен. Оқушылардың ата-аналарының айтуынша, педагог балаларын «грантқа түсіремін» деп уәде беріп, ақша мен әшекей бұйымдарын алған.
Ата-аналар арнайы шағым түсіріп, мұғалімнің өз қызметін жеке пайдасына пайдаланғанын мәлімдеді.
– Біз балаларымызды сеніп тапсырған адам осындай әрекетке барады деп ойлаған жоқпыз. Мектеп тәрбие мен білім беретін орын емес пе? – деп ашуланды ата-аналардың бірі.
Қазір олар ұстазды қызметінен дереу босатып, істі сотқа жеткізуді талап етуде. Сондай-ақ, қала прокуратурасы, полиция мен білім басқармасының бұл жағдайға бейжай қарамауын сұрады.
Ата-аналар қауымдастығы: «Бала тағдырына салғырттық танытылмауы тиіс. Егер кінәсі дәлелденсе, қатаң жазалансын» – деп талап қойып отыр.
Білім басқармасы әзірге түсініктеме берген жоқ. Ал полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын растады.
– Аталған дерек бойынша «Алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеудің мүддесіне байланысты өзге мәлімет жария етілмейді, – деді полицейлер.