Қызылорда облысында тоғыз жастағы қыз бала отызға жуық термені жатқа айтып, жыршылық өнерімен көзге түсті. Қармақшы ауданына қарасты Тұрмағамбет ауылында тұратын Айару Нұрлыбек Тұрмағамбет Ізтілеуов атындағы мектептің төртінші сыныбында оқиды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Кішкентайынан ұлттық аспапқа әуес болған бүлдіршіннің талантын әжесі байқап, оны алты жасында ауылдағы Жиенбай жырау үйірмесіне берген. Содан бері дәстүрлі өнерді серік еткен жас жыршы бүгінде отыз шақты термені он түрлі мақамға салып орындай алады.
Отбасында өнер адамдары болмағанымен, Айарудың бойындағы қабілет тегінен дарыған. Оның үлкен атасы Рысбай елге белгілі Даңмұрын жыраудың қызынан туған. Қазіргі таңда жас өнерпаз түрлі деңгейдегі облыстық, республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр.
«Маған Сыр сүлейлерінің ішіндегі шоқтығы биік Жиенбай жыраудың, Омар Шораяқұлының, Наурызбай Айтуарұлының және Тұрмағамбет Ізтілеуұлының жыр-дастандары қатты ұнайды, ата-бабамыз терме арқылы күнделікті өмірде кездесетін жағдайларға байланысты ақыл-кеңес беріп, жақсылықты насихаттап отырған», – деді жас жыршы.
Ал Айарудың ұстазы Дінислам Тоқсанбаев шәкіртінің өнерді тез меңгеретінін айтты. Оның сөзінше, дарынды қызды үйірмеге Дараш әжесі әкелген және бүгінде ол баршаның үмітін ақтап отыр.
«Айару жыр-термелерді бірден жаттап алады, сондықтан шәкіртімнің болашағынан үлкен үміт күтемін», – деді ол.
Болашақта Айару атадан балаға мирас болып келе жатқан жыршылық дәстүрді одан әрі дамытуды мақсат етіп отыр. Бұған дейін Түркістан облысының Қазығұрт ауданында күрделі сандарды ойша есептеп, ағылшын тілінде көбейту амалдарын орындайтын төрт жастағы бала туралы ақпарат тараған болатын.