Қоғам

Аида Балаева әйелдерді 8 наурызбен құттықтады

Аида Балаева әйелдерді 8 наурызбен құттықтады

Премьер-министрдің орынбасары әрі Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елдегі барша нәзік жандыларды 8 наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жолдады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

«Ардақты аналар, арулар, қадірлі қыз-келіншектер!

Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!  

Әйел-ана қай қоғамда да бейбіт өмірдің шырағы, береке-бірліктің бастауы, тыныштық пен тұрақтылықтың жаршысы.
Халқымыздың дүниетанымында да, ұлт әдебиетінде де, әйел-ана нәзіктік пен мейірімнің, махаббат пен адалдықтың, даналық пен табандылықтың символы саналады.

Сондықтан да әйелдер қауымы қай кезде де ел дамуының қозғаушы күшіне айналып, ұлт бірлігі мен болашағы жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Қазіргі қоғам назарындағы жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау басты құндылық ретінде айқындалды.

Соның ішінде неке ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде алғаш рет бекітілді.
Кеше ғана Мемлекет басшысы атап өткендей, мұндай заң ережесі балалардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ әйелдер мен аналардың отбасындағы рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ана мен баланы қорғау, отбасы институтын нығайту мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі саналады.

Аталған өзгерістер әйелдердің қоғамдағы рөлін тек әлеуметтік тұрғыда ғана емес, елдің орнықты дамуының негізі ретінде айқындай түседі. 

Бүгінде елімізде әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, гендерлік теңдікті нығайту, отбасы құндылықтарын қорғау мәселелері мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналды. Әділетті қоғам құру жолында әр азаматтың құқығы қорғалуға тиіс. Бұл ретте әйелдердің қауіпсіздігі мен қадір-қасиетін сақтау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қыз алып қашу мен сталкинг сияқты теріс әрекеттерге қоғам болып қарсы тұру – баршамыздың ортақ міндетіміз деп білемін. 
Бұл ретте, ел игілігі жолында еселі еңбек етіп жүрген барша әйелдер қауымына алғыс-ризашылығымды білдіремін!

Бүгінгі мерекеге орай асыл әжелерімізге, ардақты аналарымызға, сырлас әпке-сіңлілеріме, қызғалдақтай жайқалған қырмызы қыздарымызға баянды бақыт пен әлемнің бар жақсылығын тілеймін! Өмірлеріңіз шуақты, нұрлы болсын!

Әрдайым қуаныш пен шаттыққа бөлене беріңіздер!
Мерекелеріңіз құтты болсын!», – деді Аида Балаева.

Бұған дейін Мемлекет басшысы да қазақстандықтарды көктемнің мерекесімен құттықтаған болатын.

Барлық жаңалық