Атырау облысы Геолог ауылында екі күн қатарынан жасөспірімдердің өлімі тіркелді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Ulysmedia.kz сайтына сілтемемен.
2 шілде күні 14 жастағы жасөспірімнің денесі жеке үйдің ауласынан табылған. Ал 3 шілдеде 15 жастағы қыз баланың қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Қыздың денесі көпқабатты тұрғын үйдің екінші қабатынан табылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, қос оқиға да суицид дерегі ретінде қарастырылып отыр. Қазіргі таңда Атырау облыстық полиция департаменті аталған фактілер бойынша қылмыстық істер тіркеп, тергеу амалдарын бастап кетті. Оқиғалардың нақты себептері әзірге анықталған жоқ.
Қайтыс болған екі жасөспірім де Атырау қаласындағы бір мектепте оқығанын білім беру мекемесінің директоры Айғаным Махметова растады. Оның айтуынша, ұл бала 9-сыныпты биыл ғана аяқтап, аттестат алған. Ал қыз бала 10-сыныпта оқып жүрген, оқу озаттарының қатарында болған.
Қазір бұл оқиғалар қоғам назарында. Жергілікті билік пен білім беру мекемелері ата-аналар мен ұстаздарды балалардың психологиялық жағдайына көбірек көңіл бөлуге шақыруда.